Аймақтар • 27 Сәуір, 2020

Ауыл шаруашылығы көліктері «сергек» базасына енгізілді

302 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақтанса, сәуірдің 20-нан кейін аудандарда көктемгі егіс  басталып, қаладағы ірі сауда орындары,  кәсіпорындар, базарлар біртіндеп ашыла береді. Бұл туралы  облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай  тікелей эфирде хабарлады.

Ауыл шаруашылығы көліктері «сергек» базасына енгізілді

Биыл Ақтөбе облысында 788 мың гектар жерге егіс егіледі деп жоспарланған. Оның 452 мың гектарына  дәнді дақылдар, 30 мың гектарына майлы дақылдар, 6,5 мың гектарына  картоп, 5 мың  гектарға бау-бақша өнімдері егілмекші. Басқарма басшысының айтуынша,  биылғы наурыздың басында Ауыл шаруашылығы  мен Энергетика министрлігінен бөлінген  9 мың тонна дизельді отынның 2 мың 500 тоннасы шаруаларға таратылған.

Қазірде  ауылдан келетін ет-сүт, көкөніс жеткізушілердің  көліктері арнайы рұқсатнамамен блок–бекеттерден «Жасыл дәліз» арқылы өтіп жатыр. Бүгінгі күні  облыстағы  егіс науқанына тұқым, тыңайтқыш, жағармай таситын  2265  автокөлік  «Сергек»  базасына енгізілген.

-Жанармай, дизельді отын таситын операторлардың көліктері базаға енгізілді. Ресейден, басқа облыстардан  тұқым, мал әкеліп жатқандардың  рұқсатнамаларын әзірлеп, блок-бекеттерден кедергісіз  өтуі үшін  облыс әкімдері орынбасарларымен үзіліссіз хабардпсып отырмыз. Өңір тұрғындары мал базары мен қаладағы ауыл шаруашылығы техникаларының қосалқы бөлшектерін сататын базарлардың ашылуын сұрайды. Әзірге облыстағы  құрал-саймандар сататын сауда  нүктелерінің ортақ ватсап желісі құрылып, қажетті көлік  құрал-жабдықтарына осы жерден тапсырыс беріліп жатыр, деді Құсайын Сәрсембай

Ауыл, аудандардан автокөліктердің өтуі үшін шаруалар мен кәсіпкерлер өз аудандарының ауыл шаруашылығы бөлімдеріне өтініш жазып,   автокөлік нөмірін, жүргізушінің және шаруашылық құрылымы басшысының жеке сәйкестендіру нөмірлерін тіркетеді. Ауыл шаруашылығы  бөлімі осы мәліметтерді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жолдайды. Бұл жерде  осы мәліметтер  «сергек» онлайн базасына кіргізіліп,  аудандардан келген көліктің Ақтөбе қаласына кедергісіз кіруіне  рұқсат беріледі. Бірақ бұл ереже басқа облыстардан келетіндерге жүрмейді. Өйткені,  әр облыста «сергек» базасы әртүрлі.

Қазіргі уақытта өңірімізде  негізгі азық-түлік түрлерінің бағасы тұрақты. Осы күні тұрақтандыру қорында  435 тонна картоп бар. «Азық-түлік» корпорациясы арқылы  20 мың тонна  бидай сатып алынды. Бұл алдағы астыққа дейін жетуі тиіс. Жақында Қызылорда облысынан күріш сатып алуға келісім жасалынып,  облыс әкімінің резервінен бөлінген 300 миллион теңге қаржыға негізгі азық-түлік өнімдері тұрақтандыру қорына сатып алынды. 

Елімізде төтенше жағдай енгізілгеннен бастап, наурыздың ортасында елімізден 9 түрлі тағамды экспорттауға шектеу қойылды. Мұның қатарында  ұн және макарон  өнімдері, қарақұмық жармасы, күнбағыс майы,  ірі қараның еті, сүт, күріш, қант бар. Тікелей эфир кезінде ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы жақында, күнбағыс майын облыс шекарасынан сыртқа сатуға қойылған шектеудің алынып тасталатынын хабарлады.