Қоғам • 28 Сәуір, 2020

Ассалаумағалейкүм, Арма!

2343 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Адам адам болғандағы алғашқы қарым-қатынас құралы қандай болды? Дұрыс амандасу. Мысалы, туристердің бір қағидасы – кездескен кез келген адаммен амандасу. Біздің ата-бабаларымызда да солай болған. Өйткені сәлемдесу – ізгі ниеттің ашықтығын көрсету.

Ассалаумағалейкүм, Арма!

Сондықтан да режиссер Ермек Тұрсыновтың Фейсбуктегі «Біз қалай амандасамыз?» деген жазбасы өте өзекті. Себебі қазір аман­­да­су мәдениеті жоғалып бара жатыр. Жұрт амандасуды қойып ба­рады, көршісінің қасынан өте шы­ғады немесе жұмыста бас изей са­лады. Бұл тек жеке адамның ғана емес, жалпы қоғамның да қабыл­дау көрсеткіші. Менің жеке пайы­мымша, амандасу мәдениеті кеңес­тік кезеңнен бастап ішінара жойы­ла бастаған.

Біріншіден, дәстүрлі қоғамның бұзыл­уы, ал бүгінгі қазақ ауы­лы менталитет тұрғысынан көбі­не дәстүрді сақтаушы емес, іс жүзін­де кеңестік колхоздың мұра­гері. Екіншіден, бір-біріне деген сенімсіздік, бейтаныс адам­м­ен сөйлесе қалсаңыз, ертең ол үстіңнен арыз жазады деген сталиндік психология. Үшіншіден, бұл лагерьлік мұра, яғни «сенбе, қорықпа, сұрама». Осыдан келіп Қазақстанның ақкөңіл, бауырмал халқында (этностық тегіне қарамастан) «сәлемдесу» сынды маңызды қарым-қатынасында түйткілдер бар.

Қазақ қоғамы неғұрлым дәс­­түр­лі болса, оған соғұрлым ашық амандасу да оңай. Мей­лін­ше урбандалған елде шынайы сәлемдесу коэффициенті де тө­мен болады. Дегенмен тағы да жеке пікірім, АҚШ-та амандасу әншейін міндетті болса, Түркияда әуестік, ал Азияда көбіне дәстүрге құрмет. Көбірек ұнайтыны, адам мәдениетін паш ететін Шығыс Еуропа мен Кореядағы сәлемдесу.

Амандасу әдебі дегеніміз – сенім, ықылас. Адамның ділі. Мәсе­лен, қазақтар «Ассалау­ма­ғалейкүм» деп сәлем беруді бел­сенді қолдана бастағанда олар­дың әлемді қабылдау түсінігі де өзгерді. Дала ғұрпында дұрыс аман­дасу көргенділік пен адамды танудың басты өлшемдерінің бірі болды.

Қазір «Армысың!» немесе «Армысыз!» деп амандасуды жиі қолданады. Мұны аса бір дұрыс деп есептемеймін. Дұрысы – «Арма!» Түбірі «арыма» дегеннен шыққан, яғни ар-намыс пен ожданыңды, қадір-қасиетіңді жоғалтпа дегенге саяды. Бұл көш­пен­ді жауынгер үшін ауызекі кодексі сынды дүние, оны әйгілі Буши­домен салыстыруға болар. Жалпы алғанда, ар-намысты ай­қын­дау амандасу әдебіне кірді, демек халық менталитетінің бір бөл­ше­гіне айналды.

«Армысың!» емес, дәл осы – «Арма!». Мұны қазақ эпостары да айшықтай түседі. Бірнеше мысал келтірейін.

Қобыланды батыр алға озып кеткен қолды қуып жетіп, жау­рын­­шыдан:  «Арма! Алдыңда кісі бар ма?» деп сұрайды.

Немесе Бекежан Төлегенді өлтірген соң Қыз-Жібекті айттыру ниетімен келеді, бірақ сөзді аман­­дасудан бастайды.

«Айтайын айт дегенде, арма, Жібек, Түйедей ботасы өлген зарла, Жібек».

Кезінде қазақ поэзиясының ақсақалы Қуандық Шаңғытбаев амандасудың көне түрі «арма» сөзінің мағынасын жақсылап ашып берді. Кімге қызық болса, интернет­тен тауып оқуына болады. Ал «Ар­мы­сың!» сөзі мүлде ма­ғы­насы жоқ сәлемдесудің жаңа түрі ғана. Мүм­кін, түпкі мағы­на­сын түсінбей, әуел­гі қасиетті негізін жоғалтуымыз себеп­ті амандасу мәдениетіміз то­қы­­рауға ұшырап жатқан болар?

Мен құрметті режиссеріміз Ермек Тұрсыновтың амандасу қа­сиетті мәнге ие болуы тиіс деге­ні­­мен келісемін. Е.Тұрсынов «Сәлем сөздің – анасы» екенін жақсы еске салды. Бұл Бұқар жырауда «Сәлем – сөздің анасы, Әлік алған данасы» деп жалғасады. Мағыналық жағынан түсіндірер болсақ, сенімен амандасқан жан­ға даналығыңды көрсету үшін жауап қатуың керек. Яғни аман­да­суға жауап бере отырып, дана­лығымызды көрсетеміз. Мұсыл­ман­ның санасындағы «Саған бейбітшілік болсын» деген осы қасиетті амандасуды қазақтар әлдеқашан өзіне бе­йім­­деп алған. Мысалы, «ассалаума­ғалейкүмнен» бө­лек, қысқа ғана «сәлем» және «уаға­лей­­күмас­са­лам» деген жауап­­­­пен бірге ықшам­ды «әлік» сөзі бар. Бұқар жырау 15-16 ғасыр ме­же­сінде осы­лай деп жырлады және әлі күнге қолданылып келеді.

Амандасу – киелі ғұрыпты орындау. Қателікке жол беріл­мей­ді. Мысалы, Жаяу Мұса өзінің «жаяу» деген атын өз қателігінің кесірінен тапқан. Болыстың ауы­лы­ның маңынан өтіп бара жатып амандасуға асықпайды. Ашу­лан­ған болыс ақынды қуып жетіп, атын тар­тып алуды бұйырады. Ал құ­жат­тарда оның есімін «Жаяу» деп жазғызады. Бар өмірін ат­тың жалында өткізетін қазақ үшін бұл абыройсыз есім еді. Әл­бет­те, болыс Мұсадан ескі кегін қайтарды, дегенмен де өтіп бара жатып амандаспау өрескел әдепсіздік болатын.

Ермек Тұрсынов дұрыс са­­уал қойып отыр: бүгінде біз балаларды амандасуға үйреттік пе? Қалай үйретіп жүрміз? Дәстүрді сақтадық па?

Біз қоғамдық сананы жаң­ғыр­тып жатырмыз емес пе? Жа­пон­ның, корейдің, түріктің үлгі­­сі­мен дәстүр мен жаңаның озы­ғын неге үйлестірмеске?

Біз өзі қалай амандасып жүр­міз? Кезіккеннің бәріне қолы­мыз­ды ұсынамыз. Қазақтарда осылай болған ба? Ұлы даланың түкпір-түкпірінде кездесетін балбал тастарға назар аударыңыз. Басым көпшілігі оң қолын кеуде тұсына қойып, амандасып тұр­ған­дай.

Ермек Тұрсынов қазақтардың амандасу салтынан алуан түрлі мысал келтіреді. Өнегелі жұрт болуға тырысқан бабаларымыз бізге осындай бай мұра қалдырды. Ұлы далада ештеңені жасыру мүмкін емес, бәрі көз алдыңда. Үй-жайға кіріп келіп дауыстап амандаспаудан асқан ұят қылық жоқ. «Ассалаумағалейкүм», әлде «Қайырлы күн» дейсіз бе, ма­ңыз­ды емес, ең бастысы – амандасу.

Амандасу – киелі амал ретінде біздің ар-ожданымыздың бір бөлігі. «Ар» – адамның ар-намысы мен қадір-қасиеті, ұлттың адамгершілік ұждан саулығының (moral health) негізгі ұстыны.

Қиналмай, мәжбүрліксіз, шы­­на­йы амандасу – саламатты қо­ғам қалыптастырудың маңызды құ­ралы. Мен бұл туралы «Ар тұ­жы­ры­мы». Президенттің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласынан кейінгі ойлар» деген мақаламда жаздым. Бұл туралы Дархан Қыдырәлінің «Ар ілімі һәм арылу» атты мақаласында да өте қызықты ойлар айтылды.

Сөз соңында Ермек Кәрім­жан­­ұлының үндеуін қолдағым келеді: «Амандасуды үйренейік. Жай әншейін. Көңіл күй үшін болса да. Қолдау үшін. Сергіту үшін. Бастапқыда күлкілі, рабайсыз, тіпті біртүрлі көрінер. Бірақ біртіндеп үйренісіп кетерімізге сенімдімін. Бір-бірімізге мейі­рім мен тыныштық тілеуді үйре­не­міз».

Бұл қоғамның ішкі саулығын қам­­та­масыз етуге бағытталған елеу­­­­­­­­лі қадамдардың бірі болады.

Сондықтан бәріңізге бейбіт­ші­лік болсын. Арма!

 

Асқар Умаров,

«ҚазАқпарат»  ХАА» АҚ басқарма төрағасы