Таным • 28 Сәуір, 2020

Әбу Насыр әл-Фараби мен әл-Мүтанабби

4192 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Оқсыз бен Отырар

­Отырардың (Фараб) біртуар асыл пер­зенті, энциклопедист ұлы ғалым Әбу На­сыр әл-Фарабидің (870-950) есі­мі қазір әлем жұртшылығына әйгілі. Ежелгі қазақ шаһары Отырарда дүниеге келген Әбудің ғалымдық атағы тіпті XI-XII ғасыр­лардың өзінде-ақ жаһанға жа­йылған.

Профессор Е.Э.Бертельс: «Әбу Насыр әл-Фарабиді түркітекті әскери қол­бас­шы­­ның жанұясында дүниеге келген. Оқсыз (Уасидж) халқы исламды 839/40 жыл­­­дары қабылдаған. Уасидж (Оқсыз) үлкен орталық еді. Оның 70 мыңға жуық тұр­­ғыны, базары және күмбезді мешіті бар-тын.

 

Әбу Насыр әл-Фараби мен әл-Мүтанабби

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Әл-Фараби шығу тегі жағынан түркі­лер­­дің әскери топтарына жататын. Ол оны жасырмайтын және өмір бойы түркі киі­мін киіп жүретін. Бастапқы білімді ол Ота­нында алды, бірақ онда ірі де үлкен ға­лымдар болмағандықтан білімін жал­ғас­тыру үшін Дамаскіге аттанды.

Әл-Фарабиден қалған мұра өте көп және әр алуан. Ол сол кездегі белгілі ғы­лым­­­дардың бәрін де зерделеді. Олар эти­ка, саясат, психология, жаратылыстану, музыка-тын. Ол үшін бірінші кезекте фило­­софия тұрды. Ең әуелі оның атағы Арис­­тотельдің философиялық еңбек­те­рінің түсіндірушісі ретінде шықты. Сол себеп­ті де ол «екінші ұстаз» (әл-мұ­ғал­лим ас-сани) деп аталды. Әл-Фа­раби еңбектерінің басқаларға мүлдем ұқса­май­­тындығын және оларды еліктеме тү­сін­дірмелер деуге болмайтындығын ес­кер­ткен жөн. 

Аудармашыларға ғылыми термин­дер­дің болмауы кедергі келтірді. Олар мә­тін­дерді игере алмағандықтан, грек ті­лін­­­дегі түпнұсқасының синтаксистік құ­­рылымын сақтады, яғни аударма мәті­нін араб оқушысына түсінбейтіндей етті. Әл-Фарабидің грек ғалымдарының еңбектеріне жазған түсіндірмелері ғана грек ғылымын дұрыс түсінуге көмектесті. Әл-Фараби грек философы (Аристотель) ең­бек­терінің көпшілігіне түсіндірме жаса­ды. Мысалы, «Категория», «Гер­ме­невтика», «Бірінші және Екінші Ана­литика», «Топика», «Софистика», «Ри­то­ри­ка» және «Поэтика». Бұлардан басқа Порфирийдің Исагогіне («Философияға кі­ріспесіне») жасалған түсіндірме де әл-Фа­раби қаламына жатады.

Әл-Фараби тек түсіндірме жазумен ғана шектелген жоқ. Оның өз қаламынан туған түпнұсқалық та шығармалары бар. Оларды таза перипатетикалық деуге болмайды. Неоплатоншылардың еңбектерін жалғастыра отырған ол Аристотельдің философиясымен Платон философиясын үйлестіруге тырысты. Осы міндетті іске асыруға болады деп есептеді. Оның қысқа да шағын трактаты «Фусус әл-хикам» кеңінен белгілі. Бұл туынды әл-Фараби ғылымының аса маңыздысы саналады.

Әл-Фараби жақсы математик та еді. Ол сол кездегі медицинаның бүкіл тео­рия­­сының мағынасын білді. Бірақ дә­рі­гер ретінде қолданған жоқ. Сондай-ақ ол музыка теориясына қатысты да бірқатар шығарма туындатты. Ком­по­зи­тор ретінде де белгілі болды» дейді. (Е.Э.Бертельс. История персидско-таджикской литературы. Изданные труды. М.,1960, 112-113-беттер).

Енді Әбу Насыр әл-Фарабидің шы­ғар­машылығын тарата айтайық.

Әбу Насыр алғашқы білімді сөйтіп өзінің туған қаласы – Отырарда алды. Бірақ бұған қанағаттанбай сол кездегі араб мәдениетінің орталығы Бағдат қала­сына аттанды. Әл-Фараби өмір сүр­ген кез араб мәдениетінің, оның ішінде әдебиеттің құлпыра гүлденіп, нағыз дәуірленген кезеңіне дөп келді. Өйт­ке­ні Ислам туы астына бағынған біраз ел өзінің дәстүрге сіңген салт-сана, тіл­дік ерекшеліктерін сақтай отырып, рухани бай тәжірибесімен халифат мәдениетін өркендетуге үлес қосты. Таяу Шығыстағы Бағдат, Басра, Куфа, Каир, Халаб сол кездегі ірі-ірі сауда мен қол­өнер орталықтары болуымен қатар, шо­ғырланған мәдени ошақтарға айнал­ған еді.

Иә, Бағдат шығыс халықтары мәде­ниет орталықтарының біріне айналды. Мұнда ғылымның сан саласын қамтыған «Мамұн академиясы», «Даналық үйі», «Бағдат обсерваториясы» атты ғылыми орта­лықтар жұмыс істеп жатты.

Шынында да ортағасырлық араб ше­жі­реші Ибн Халликанның (1211-1282) жа­зуына қарағанда, «Әбу Насыр Бағдатқа келген кезде мұнда мәшһүр философ Әбу Бишр Матта бин Йунис (870-940) тұра­тын-ды. Ол қарт еді, жамағатқа логикадан дәріс оқитын, өзі де осы пән бойынша көптеген еңбектің авторы-тын. Ол Аристотель ілімінің (оны түсіндіру жөні­нен), әсіресе логика саласының мама­ны-ды. Сондықтан оның ешқашан бос уақыты болған емес. Ол өте сыпайы және сабырлы адам-ды. Өз ойларын аса қара­па­йым әрі ұғынықты түсіндіретін. Әл-Фараби соның осындай қасиетін бо­йына сіңірді және түсіндірудің осындай тәсілін меңгерді [Ибн Халликан. Китаб уафайат әл-ағйан онба әбна аз-заман. Бейрут. (ж.көрсетілмеген) 153-157- беттер]».

Әл-Фараби логика, медицина, астрономия және басқа ғылым салалары бо­йынша сандаған еңбек жазды. Ол «аса ірі мұ­сылман философтарының бірі» деген атақ алды. Оның өресіне ешкім жеткен жоқ. Ортаазиялық философ, ғалым Әбу Әли ибн Сина (990-1037) өз туындыларында әл-Фарабидің шығармаларын пайдаланғанын, сол арқылы мәшүрлікке қолы жеткеніне көңіл аударған.

Әл-Фараби бүкіл ғылым салаларының ішінде әсіресе философияны, логиканы кеме­ліне жеткізіп, баршаға ұғынықты етті. Сондықтан да ол өзіне дейінгі араб фи­ло­софы Йағкуб Ибн Исхақ әл-Кин­ди­ден де (800-874) асып түсті. Өйткені әл-Фара­би ғылымның күрделі мәселелерін шеше білді.

Иә, қажымай-талмай еңбектенуінің нәти­жесінде ол көптеген ғылыми жаңа­лық ашып, атағы шыққан ғалым болды. Заманында білімпаздар арасынан озып шықты.

Орта ғасырларда өмір сүрген араб тарихшылары әл-Фарабидің өте қарапайым, аса қанағатшыл, жұпыны ғана киініп, той думан, ырду-дырдудан бойын барынша аулақ ұстағандығын жазады. Күндіз ол көбінесе қаладағы бақшада күзетшілік қызмет атқарып, одан тапқан ақшасына сатып алған шырақ жарығымен түні бойы кітап оқумен шұғылданған.

2006 жылы Халаб қаласында болға­ны­мызда сириялық достар әл-Фараби ғұмыр кешкен сондай бақшалардың бірін көр­сеткені есімізде.

Әл-Фарабидің алғаш рет философ ре­тінде танылғанын айттық. Оның фи­ло­­со­фиялық еңбектерінің басым көп­­­ші­лігі ежелгі грек ғалымдарының мұра­сын зерттеп, оларға түсіндірме жазу­ға ар­налған.

Сондай-ақ өзі де «Кемеңгерлік меру­ер­ті», «Ізгі қала тұрғындарының көз­қа­расы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғылымдардың шығуы», «Бақытқа жету» сияқты т.б. трактаттар туындатқан. Ондай еңбектерінде ол дүние, қоғам, мемлекет және адамдардың өзара қарым-қатынасы туралы өз заманы үшін озық ой-пікірлер айтқан. Орта ғасырлардың өзінде-ақ Әбу Насыр қанаусыз, зорлықсыз бақытты қо­ғам орнату жөнінде батыл болжам жасады. Мұндай қоғамның тууын ол мемле­кет бас­шысының ақылы, білімі және адам­гер­шілігімен байланыстырған.

Көрнекті шығыстанушы ғалым, ака­демик Б.Ғафуров (1908-1977) әл-Фара­би­дің ғылымға деген құштарлығы таңғаларлықтай сан салалы болғанына тоқталады. «Біз, – дейді ол, – ұлы ғұлама жазған еңбектер ішінен математикаға, ме­ди­цинаға, әуез теориясына, ал химия мен магияға арналған дүниелерді кө­ре­міз. Ұлы ғұлама пәлсапаның, логи­ка­ның, таным-наным теориясының, психологияның, этиканың (әдеп), сая­сат пен социологияның сан қырлары жөнінде пікірлер айтып, келелі еңбектер жазған. Әл-Фараби атын бүкіл әлемге танытып, оны дүние жүзі мәдениетін жасаушылардың алдыңғы легіне қосқан да оның осы салалардағы еңбектері».

Әл-Фараби педагогика, психология, эстетика мен акустика, астрономия мә­се­лелерін де терең зерттеп, мәде­ниет пен ғылымға жемісті үлес қосқан. Сондай-ақ ол парасаттылық пен ағар­ту­шылықты жақтаған үлкен гуманист. Отырар перзенті халықтарды өзара бейбіт қатар өмір сүруге, достыққа шақыра отырып, адам баласының білім пен парасатты ойын терең бағалаған. Иә, сөйткен ол мета­физика, тіл білімі, логика, жағрафия, этика, т.б. ғылым салаларын қамтитын жүз елуге тарта трактат жазған.

 

Сайф ад-Дауланың сарайында

Әл-Фараби өмірінің соңғы жылдарын Сирияның Халаб қаласында өткізген. Сол жердің әміршісі Сайф ад-Дауланың (915-967) сарайында тұрған.

Ибн Халликан шежіресінде Әбу На­сыр­­дың осы әмірші сарайына алғаш кел­ген кездегі Сайф ад-Дауламен танысуы жай­лы қызықты деректер келтірілген. «Мысырдан қайтып оралған ретінде әл-Фараби Сайф ад-Даула өзінің жанаптарымен мәжіліс құрып отырған үстіне келеді. Әбу Насырдың кигені өзінің ұлттық киімі екен. Ол кіріп келген сәтте Сайф ад-Даула «Отыр!» деп әмір етеді. Әл-Фараби: «Қай жерге отырайын, сіз отырған жерге ме, жоқ әлде өзім тұрған жерге ме?» – деп сұрайды. Сонда Сайф ад-Даула: «Өзіңе қай жер лайық деп тапсаң, сол жерге отыр», – дейді. Ұлы ғұлама Сайф ад-Дауланың қасына келіп, оны тағынан ығыстырыңқырап орнына жайғасады. Әміршінің өзі және бірнеше оққағары ғана білетін құпия сарай тілі бар еді. Осы жасырын тілде ол оққағарларына: «Мына қарт дөрекі екен. Мен қазір оған бірнеше сұрақ қоямын, егер лайықты жауап бере алмаса жазалаңдар», – дейді. Сонда әл-Фараби Сайф ад-Дауланың өзі жаңа ғана сөйлеген құпия тілде дереу: «О, Әміршім, сабыр ет. Әр істің артын баққан жөн болар!» – дейді. Бұған қайран болған сұлтан: «Апырай, сіз бұл тілді қайдан білесіз?» – деп сұрайды. Сонда әл-Фараби: «Мен жетпіске жуық тілдерді білемін» дейді.

Бұдан кейін Әбу Насыр Сайф ад-Дау­ла және оның сарайындағы әнші, ақын, ғалымдармен өнер жөнінде сұхбат құрады.

Сайф ад-Даула сарайға музыканттар келсін деп жарлық береді. Олар аспаптарында ойнаған кезде әл-Фараби оларды тоқтатып, әлсін-әлсін ескерту, түзетулер жасап отырады. Сонда Сайф ад-Даула: «Сіз бұл өнерді жақсы білетін бе едіңіз?» – деп сұрайды. Ол: «Иә» деп жауап береді де беліндегі кісесін шығарып, одан жіңішке бір ас­пап­ты алып, құлақ күйін келтіріп, ой­нау­ға кіріседі. Жан рақат саз шалқып, отырғандар жадырап күле бастайды. Енді ол аспаптың құлақ күйін басқаша келтіріп ойнайды. Аса мұңды бір саз құйылып, отырғандар жылай бастайды. Ең соңында ол аспаптың құлақ күйін тағы да басқаша келтіріп, ойнайды, сонда баршасы, тіпті Сұлтанның оққағарларына дейін мүлгіп ұйықтап кетіпті. Оларды сол ұйықтаған қалпында Әбу Насыр қалдырып, сарайдан шығып кетеді» [Ибн Халликан. Китаб әл-ағйан онба әбна аз-заман... 155-156-беттер].

Сайф ад-Даула өз сарайына сол за­ман­дағы талант тарландарын жинай біл­ген еді. Мұнда Әбу Насыр сияқты ай­рық­ша ыстық ілтипатқа бөленіп, арабтық ақиық классик ақыны әл-Мүтанабби (915-965) де өзінің біраз жылдарын өткізген.

Бұл пікірді Ибн Халликан да қуаттай түседі: Халифтардан кейін билік құрған бірде-бір сұлтан дәл Сайф ад-Дауладай өз төңірегіне поэзия падишалары мен ғасыр шамшырақтарын топтастырған емес. Парсы текті араб әдебиетшісі, атақты «Китаб ал-ағанидің» авторы Әбу-л Фа­ра­дж Исфаһани (897-967) да осы Сайф ад-Даула сарайын сағалап жүрген. Сол шоқ жұлдыздар ішінде жерлесіміз әл-Фараби ерекше жарқырап көрінді. Ол тек ғұлама ғалымдығымен ғана емес, ой­шыл ке­меңгерлігімен, ақындығымен де дара­ла­нады. Оның әдебиет пен тілдің өзекті мәсе­лелеріне байланысты айтқан тұжы­рым­дары топжарған талайды тамсан­дыр­ған.

Араб әдебиетінің классигі, жауынгер ақын – әл-Мүтанаббидің шығыс әдебиеті мен дүниежүзілік әдебиеттегі орны ерекше. Көрнекті араб әдебиетшісі, профессор Абд әл-Уаһһаб Аззам зерттеулерінде әл-Мүтанабби жайлы: «Ахмед әл-Мүта­наб­би ұрыс тақырыбындағы қаси­да­ла­ры­мен (жырларымен) өзге ақындар немесе қарасөз зергерлері шыға алмаған шыңға көтерілді» деген.

Батыстың көрнекті шығыстанушы ға­л­ымдары Силвестер де Саси (1758-1838), И.Хаммер-Пургшталь (1774-1856), Р.А.Никольсон (1868-1945), К.Брокель­ман (1868-1956), Р.Блашер (1900-?), Френческо Габриеллилер де ақынға өз зерт­теулерін бағыштады. Әл-Мү­та­на­бби­дің тұстасы, ортағасырлық тамаша тарихшы, ақын әрі сыншы Насиф ан-Насиджи: «Заманымыздың ақындарының бәрі жер басып жүрсе, тек әл-Мүтанабби ғана өзінің өршіл құдіретті поэзиясымен аспанда қалықтауда» десе, ливандық араб әдебиетшісі (1914-2011) Ханна әл-Фахури: «Әл-Мүтанаббидің поэзиясы өмірге келген күннен бастап күні бүгінге дейін ғасырдан-ғасырға таусылмас сапар шегіп, шеру тартып келеді» деп шайырға үлкен баға берген.

Әл-Мүтанабби 915 жылы Куфа қала­сын­да (Ирак) жарлы, су тасушының ша­ңы­­рағында дүниеге келген. 928 жылы болашақ ақын сол кездегі мәдениет майталмандары мен ақындардың сүйікті қа­ла­сы – Бағдатқа келеді. Осында белгілі ақындардың өлең өнерімен танысады. Тәлім ала жүріп, алғашқы бәйіттерін жазады. Аз жылдың ішінде-ақ тек Бағдат қана емес, Шамда, Мысырда Сайф ад-Дауланың сарайында ақынның атағы шыға бастайды.

Әл-Мүтанабби тек шайыр ғана емес, жауынгер ретінде де танылған. Ақын та­лай рет түрлі жорықтарға қатысып ерліктер көрсеткен. 946 жылдары майданда бірге болған досы Бадр бин Амшар­дың шақыруымен Сириядағы Антакия қаласына келеді. 948 жылы осы қалаға Византия жорығынан қайтып келе жатқан Сайф ад-Даула тоқтайды. Ақынның сұл­тан­мен танысуы да осы жерде болады. Сайф ад-Даулаға өр мінезді әл-Мү­та­набби ұнап қалады. Оны өз сарайы­на шақырады. Осы кезде Сайф ад-Даула сарайында әл-Фараби де тұрып жат­қан­-ды. Ол кезде әл-Фараби 73-ке, ал әл-Мүтанабби 33 жасқа шыққан-ды. Сарай­да­ғы ақындар мен философтардың ұстазы әрі атақтысы да әл-Фараби болғандықтан әл-Мүтанабби оны өзіне ұстаз тұтады. Әл-Фараби мен әл-Мүтанаббидің кейбір мі­нез ерекшеліктері де өте ұқсас болған» көрі­неді.

Арада көп уақыт өтпей-ақ олардың атағы жан-жақты шарлап кетеді. Соны­мен қатар олардың бақталастары да көбе­йе түседі. Сондықтан да Сайф ад-Даула са­райында әл-Мүтанаббиге қашанда өзі­нің қарсыластары мен әдебиет­ші әріп­тес­терімен күрес жүргізуге тура келе­ді. Ол көгілдір бір кеште жинал­ған­дар­ға өзінің бір өлеңін оқиды:

«Бізді (Әл-Фараби мен өзін айтып отыр) осындағылардың бәрі біледі.

Өйткені біз сұлтан сарайындағы екі­жүз­ді, жорғалап жүретіндерден емеспіз.

Менің достарым – қас тұлпар, қою түн, кең дала, алмас қылыш, өткір найза, қалам, қағаз» деп сарайдың күн­шіл ақынсымақтарын жерге соғады. Бақта­лас­тар онан сайын көбейе түседі. Оның үс­тіне күншілдердің өсегіне иланған Сайф ад-Даула ақынға қырын қабақ таны­та бастайды.

Осы тұста айта кетер жайт, Сайф ад-Даула ақын-әншілерге, жалпы өнер адам­да­рына жақын болғанмен, негізінде мейі­рім­сіздеу болған көрінеді. Мысалы, өзінің ең жақын немере інісі, даңқты жауынгер, атақты қолбасшы, белгілі ақын Әбу Фирас әл-Хамдани (932-968) кезекті бір жорықта Хамдан әулетінің ежелгі жауы – византиялықтардың қолына күтпеген жағдайда тұтқынға түсіп қалғанда да қолұшын бермей кетеді.

Әл-Мүтанабби өмірбаянында мына­дай жайттар айтылады: «Сайф ад-Даула сарайында әл-Мүтанаббиге дәйі­мі өзінің әдебиетші әріптестерін қар­сы күрес жүргізуге тура келеді. Бір кө­гілдір кеште әмірші алдында Ибн Халай­вейх әл-Мүтанаббиге сын ескертпе жасағанда ақынның арқасы қозып: «Иә, сен араб емессің, парсысың, саған араб тілін білу қайда?!» – дейді. Жарыла жаз­даған Ибн Халавейх ауыр кілтпен әл-Мү­танаббидің басынан ұрады, ал жанжалдың басы-қасында болған Сайф ад-Даула оқиғаға қырын қабақ танытып, қолдамай қояды. (Ханна аль-Фахури. История арабской литературы. М., 1961, 2-том, 94-бет). Міне, осындай келімсіздіктерді көре отырып әл-Фараби қапаланады, жанына жұбаныш іздейді. Заманының озық өрені әл-Мүтанабби секілді шәкіртіне «жасалған қиянаттар ұстазы әл-Фарабиді торықтырады. Ақыры сұлтан сарайын тастап, Халабтан кетіп қалады. Әл-Фараби кет­кеннен кейін әл-Мүтанабби ол жа­йында көптеген өлең жазады. Тіпті ақын­ның мына бір сөздері тікелей Әбу Насырға арналғандай: «Қазір ақылды, /оқымысты/ адам ешқашан бақытты бола алмайды. Өйткені ол дегенде, тағ­дыр­дың көзі соқыр!».

 

Әл-Фараби мен әл-Мүтанаббидің қазасы

Сонымен жоғарыда айтылғандай арада жыл өтпей-ақ (950 жылы) желтоқсанның екінші жартысында (мұсылманша раджаб айында) Сайф ад-Даула сарайына әл-Фарабидің қазасы жайлы қайғылы хабар жетеді. Әл-Мүтанабби қатты қапаланады. Соңы­нда ол да Сайф ад-Даула сарайын талақ тастап Дамаскіге кетеді. Кейінірек Палестинаның ар-Рамла қаласы арқылы Фус­тат /қазіргі Каир/ қаласының әкімі Ка­фурдың шақыруымен Мысырға аттанады.

Әбу Насыр әл-Фараби 950 жылы қайтыс болған соң Дамаскінің оңтүстік жағындағы «Бас ас-Сағир» («Кіші қақпа») деген жердегі қабырстанға жерленген. Өзіне дейінгі дәуірдің көп томдық тарихын жазған атақты тарихшы Захир ад-дин Али әл-Хасан Абдулла бин Әли әл-Хасан Зайд Байһаки (1105-1169) «Тарих хукама әл-ислам» («Татимма-и сууан әл-Хикма») атты еңбегінде Фараби қазасы туралы екі дерек бар. Біріншісінде, ғалымдар оны Дамаскіде қаза болды десе, екіншісінде, әл-Фараби қасына бірнеше адам ертіп, Асқалан қаласына бара жатқанда жол торыған қарақшылардың қолынан қаза табады. Сайф ад-Даула қарақшылардың бәрін тауып, дарға асқан», – дейді.

Бір таңғаларлығы, арада он бес жыл өткеннен кейін әл-Мүтанабби де дәл осындай жағдайда қайғылы қазаға ұшыраған. Ханна әл-Фахури: «Әл-Мүтанабби қасына баласын ертіп Уасыттан Бағдатқа келе жатады. Күн ыс­тық болса керек. Рахте қаласынан өте бере қырыққа жуық салт аттылы Фатих бин Джаһл әл-Асади дегеннің бастауымен әл-Мүтанаббиге тосқауыл қояды. Айдалада тоқтатады. Әл-Мүтанабби кейінгі жылдары жазған өлеңдерінің жазбаларын қарап келе жатса керек. Әлгі қарақшы әл-Мүтанаббидің басын қылышпен шауып түсіреді. Ақын қолындағы өлеңдері құмда шашылып қалады. Бұл оқиға 965 жылдың рамадан айында болып еді», деп жазған. (Ханна аль-Фахури. История арабской литературы. 2-том, 91-132-беттер)

 

Әбсаттар қажы Дербісәлі,

Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры,

ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор