Үкімет • 28 Сәуір, 2020

Босаңсуға әлі ерте

195 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирі арқылы онлайн брифинг өткізген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімдері туралы хабарлады.

Босаңсуға әлі ерте

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі – елдің, халықтың амандығы үшін жасалған күрделі, бірақ аса қажет шешім екенін айтқан министр карантиннің нәтижесінде елімізде індет жаппай таралмағанын атап өтті. «Бірақ, Президент айтқандай, босаңсуға әлі ерте. Қасым-Жомарт Кемелұлы Мем­лекеттік комиссияға бірқатар экономика сала­ларының жұмысын қайта қалпына келтіруді тапсырды. Яғни біз неғұрлым карантин талаптарын қатаң сақтасақ, соғұрлым күнделікті тіршілікке тезірек қайта ораламыз. Бұл, әсіресе, мамыр айындағы мереке күндері және қасиетті Рамазан айында өте өзекті. Өз­деріңіз білесіздер, Рамазан айы – ең алды­мен, ізгі амалдардың, сауапты істердің айы. Бұл тұрғыда, еліміздегі «Біз бірге­міз!» акциясының да басты мақсаты жақсы­лық­пен, ізгілікпен үндеседі», деді Д.Абаев.

Кеше Президенттің тапсырмаларын орындау мақсатында өткен Төтенше жағ­дай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысына тоқ­талған Дәурен Абаев басты міндеттің бірі тест арқылы анықтау жұмыстарының көлемін арттыру екенін жеткізді. Оның айтуынша, сәуір айында анықталған ауру жағдайларының 67%-ы симптомсыз болған. Бұл профилактикалық диагностика арқылы анықталып отыр. Сондай-ақ медицина қызметкерлерін де тест арқылы тексеріп отырудың маңыздылығын атап өткен министр елімізде 20 мыңнан аса медициналық қызметкер тест арқылы тексерілгенін жеткізді.

Комиссия отырысында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары арасындағы әуе байланысы 1 мамырдан бастап біртіндеп қалпына келетіні туралы шешім қабылданды. Ше­шімге сай бірінші кезеңде күніне 4 рейс жасау жоспарланған. Д.Абаевтың хабар­лауынша,  2 рейс – Air Astana, 1 рейс – Fly Arystan, 1 рейс – SCAT ком­па­ния­ларына тиесілі. «Олар билет құ­нын карантинге дейінгі деңгейде ұстауға мін­детті. Ал жағдай түзелген сайын рейс санын және ұшақ сыйымдылығын арттыру мәселесі қарастырылады. Әуе тасымалы көліктегі Бас санитарлық дәрігер бекіткен күшейтілген санитарлық талаптар арқылы жасалады», деді ведомство басшысы. 

Министр Комиссия отырысында бар­лық өңірлерде бүгіннен, ал Шымкент қала­сында биылғы 1 мамырдан бастап қатаң санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтаумен жұмысқа кірісетін кәсіпкерлік субъектілері қызмет түрлерінің тізімі бекі­тілгенін де атап өтті.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі қазір шетелде Қазақстанның 175 мың азаматы бар екенін, олардың көпшілігі Отанына оралғысы келетінін айта келіп, Сыртқы істер министрлігі осы бағытта үлкен жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. «АҚШ-тан – 179, Польшадан – 65, Израильден 28 азаматымызды әкелеміз. Ал Ресейден мамыр айында 6 мыңнан аса азаматымызды елге жеткізу жоспарлануда», деді ол.

Министр елімізде бизнес өкілдерін, әсіресе экспортқа бағытталған кәсіп­орын­дарды қолдауға бағытталған QAZTRADE бағ­дарламасы іске қосылғанын да хабар­лады. Ал төтенше жағдай кезіндегі қыл­мыс­тың алдын алу жұмыстарына тоқталған Д.Абаев 16 наурыздан бастап төтенше жағ­дай ережесін бұзған 16 мыңнан астам азамат ұсталғанын, оның 12 мыңнан астамы әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын жеткізді. «Денсаулық сақтау органдарының сұрауы бойынша полиция алты жарым мыңнан астам адамның тұратын жерін анықтады. Қазіргі уақытта іздеу жұмыстары тек 7 адамға жүргізілуде», деді ол.