Таным • 29 Сәуір, 2020

Амандасудың мәні неде?

6116 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мен біраз уақыт шетелде тұрдым. Бірнеше мем­лекеттің өмір сүру салтымен танысу мүмкіндігіне ие болдым. Қазір де шетелге жиі шығып тұрамын. Сонда байқағаным, әр елдің заңмен айқындалған ішкі өмір сүру тәртібі болатыны секілді, кез келген халықтың өзіне тән амандасу дағдысы да бар.

Амандасудың мәні неде?

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Мәселен, жапондар «Кон­нитива», яғни «Жаңа күн туды» десе, қытай­лар «Ни хао» – жағ­дай сұра­су­дың әлқиссасын «Бүгін тамақтандың ба?» деу­ден бастайды. Ал еврей­лер «Шалом» дейді. Мағына­сы исі мұсылманға ортақ «Сәлем» – «Жақсылық болсын» ұғы­мымен тоқайласатын бұл сөздің мәні әр мұсылман үшін ерекше ыстық. Ирандық­тардың да амандасуы ерекше. Олар көріскенде «Көңіл­ді бол!» дейді. «Гамард­жоба» деп жағдай сұрасатын гру­зин­дердің тілегі негізінен «Жеңім­паз бол!» деген ма­ғы­наға саяды. Ал памир­ліктер «Шар­ша­ма!» деп тілек тілейді. Үнділер болса ала­қанын бір-біріне беттес­тіріп амандасса, арабтар қолын кеудесіне қойып есен-саулық сұрасады.

Өзіндік мінез ерекшелік­теріне сай еуропалықтардың да амандасуы айрықша.

Мәселен, италиялықтар: «Come sta?» – «Қалай тұр­сың?», немістер керісінше: «Wie geht's?» – «Қалай жүр­сің?» деп есендессе, француз­дар «Comment ca va?» – «Қалай келеді?» деп амандасады. Ал ағылшындар болса кездескенде: «How do you do?» – «Не істеп жүрсің?» деп сұрайды. Америкалықтар «Hello!» немесе «Hi! How are you?» – «Сәлем! Қалайсың?», «Жұ­мысың қалай?» деп әңгіме бастайды. Соның ішін­де бәрінен де қызығы – тибет­тіктердің амандасуы. Олар кездескенде бір-біріне тілін көрсетсе, Самоа халқы бірін-бірі иіскеп амандасады.

Егер шындап үңілсек, онда амандасудың қандай да бір қатып қалған қағидасы мен тәртібі жоқ екендігіне көз жеткіземіз. Тіпті қалай сәлемдесіп жатқанымызға да есеп бермейді екенбіз. Барлығы автоматты түрде амандасатын адамға деген ниет-пейі­лі­мізге сай жүзеге асады. Мә­селен, туғандарымызбен сүйі­сіп амандассақ, достармен құшақтасамыз. Көңіл жараспайтын адамдармен сыпайылық үшін ғана бас изессек, жұмыс орнында қыз­меттік этикет сақтап, ресми сәлемдесеміз. Қысқасы, біздің қалай амандасатындығымыз көп ретте сол адаммен ортада орнаған жағдайға байланысты жүзеге асады.

Қазақта «Сәлем – сөздің анасы» деген жақсы бір сөз бар. Сол секілді «Сәлемде зор­лық жоқ» дейді және хал­қы­мыз. «Алыстан сәлем береді, әдепті елдің баласы» деген сөздің астарында да үлкен мән жатыр. Басқаша болуы мүмкін де емес. Өйткені сәлем­десу ар­қылы сен адамға ден­сау­лық, сәттілік және амандық тілейсің. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп сенген қазақ үшін бұдан асқан бақыт жоқ.

Сәлем – сөздің басы, ұлт­тық мәдени дәстүріміздің ажы­ра­мас бір бөлшегі. Шын­дап келгенде тіршіліктің ба­сы дұрыс сәлемдесуден бас­тала­ды. Әлі есімде, бала күнім­де ауылдағы үлкендер маған: «Сәлем бер!» деп үнемі ай­тып отыратын. Сол сөз құл­а­ғы­­ма сіңіп қалса керек, ауыл арасында қария кісіге жо­лы­ға қалсам, жүгіріп барып қолымды беріп амандаса­тынмын. Риза болған ақсақал атымды, ата-анамды, шыққан тегім мен руымды міндетті түрде сұрайтын. Солай жай ғана амандық сұрасуымыз үлкен әңгімеге айналып кететін. Шынымды айтсам, мен мұны көп түсіне бер­мейтінмін. Балалыққа салып: «Қайта-қайта неге сұрай береді?» деп іштей ашуланатынмын да.

Бірақ уақыт өте, ақыл тоқ­тата келе түсіндім. Дұрыс сәлемдесуге үйрету арқылы мені үлкен өмірге дайындаған екен. Сол арқылы мен өзімді, шық­қан тегімді, жалпы бар­лық болмысымды танып өскен екенмін. Бұған өзім­нің «Қарашаңырақ» деген кіта­бымда да айрықша тоқ­талып өттім. Яғни әрбір ұлт­тық дәстүр мен дағдының ас­тарында терең мағына жатыр. Егер жекелей тоқталып, тереңнен талдайтын болса, сәлемдесу – үлкен ғылым. Мәселен, көшпелі халық көріскенде: «Мал-жан аман ба?» деп амандық сұрасады. Әрине жаннан қымбат бол­ма­ғанымен, малдың да адам өмірінде өз орны бар. Бірақ қазақ үшін қашанда ар, намыс, ұят деген ұғымдар үл­кен мәнге ие. Содан болса керек, қазақ бір-бірін көр­ген­де «Армысың!» деп те аман­дасқан. Яғни «Армысыз?» деп есендесу арқылы «Өмірің­ді адал сүріп жатырсың ба? Халқыңның алдында жүзің жарық па?» деген үлкен сауал қойған. Бұған сәлем алушы тарап: «Бармысың!» деп қарсы сауал тастаған. Яғни «Біз арлымыз, өзің ше? Адалдықтың ақ жолынан айныған жоқсың ба?» деп қайырған. Міне, қысқа ғана амандықтың астарына халқымыз осындай кең мағына сыйдырған. Бұдан не түйеміз? Қазақтың амандығы негізінен оның ар, намыс, ұятымен өлшенген. Демек бұдан халқымыздың ертеден-ақ амандықтың астарына қандай жағдайда да ең әуелі адам болып қалу мұра­тын сыйдырғанын көреміз.

Күні бүгінге дейін сөз қолданысымызға адамның жасы мен жынысына, жақын­дығы мен алыстығына бай­ла­нысты амандасудың түр­лі формасы еніп үлгерді. Со­ның бірқатары мына­­лар: «Амансыз ба?», «Аман-есен бе?», «Есенсiздер ме?», «Сәлеметсiздер ме?» және тағысын тағы болып жалға­сып кете береді. Бұдан бө­лек «Қайырлы таң», «Қайырлы күн», «Кеш жа­рық», «Қайырлы кеш» сөз­дері де тілдік қолданы­сы­мыз­ға жатырқамай енді. Бұлай сәлемдесу де аман­дық бағытталар адамы­на деген сәлем жолдаушы­ның ілтипатын білдіретін есен­десудің ерекше тәсілдері­нің бірі. Ұлы дала мәдениетіне ислам дінінің келуі қазақтың байырғы амандасу дәстүріне: «Ассалаумағалейкүм!» деген сөзді алып келді. Тарқа­тып айтар болсақ, «Ассалам алей­­кум уа рахматуллахи уа ба­ракатух» – «Алла және оның Елшісінің рақымы мен мейі­рімі жаусын» деген ізгі ниетті сыйдырған бұл аман­дасудың қазақ үшін мәні зор.

Жоғарыда аталған амандасудан бөлек, сонымен қатар «Қал қалай?» деген және бір есендесу түрі бар. Мұн­да «қал» сөзі «хал» деп қол­данылады. Яғни хал – адамның ішкі күйін, қуатын, жалпы жағдайынан хабар береді. Сол секілді қазақта әйел затының амандасуы да ер адамдардың амандасуынан ерекшеленген. Мәселен, ертеден-ақ әйелдер қарсы келе жатқан адамды көрсе тоқтап, жанарын төмен салып барып, сыпайы түрде: «Сәлеметсіз бе?», «Есенсіз бе?» деп жағдай сұрасқан. Нәзік жандылар ешқашан қол алысып амандаспаған. Сол секілді малдың жайын сұрау да олардың амандасу тәртібіне енбеген. Төрт түліктің күйін білуді ер-азаматтың құзырына қалдырған.

Жалпы, қазақта негізінен жасы кіші адам бірінші болып жасы үлкен кісінің жағдайын сұрап амандасқан. Тек бір жағдайда ғана – бала алыс­тан ұзақ сапарлап келсе, қарт адам өзі барып хал-жағдайын білген. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді» деген даналық содан қалған.

Хал-жағдай сұраған адам­ға міндетті түрде ілтипат­пен жауап қайтару – әдептілік­тің белгісі. «Сәлемді алмау» деген қазақ үшін тәрбиесіздік белгісі саналған. Сондықтан да адамдардың көріскен са­йын бір-біріне күлімсірей қарап, жылыұшырап амандасуы ләзім.

Ал енді біздің амандық сұрасуымыз бен өзге әлем халықтарының есендесуінің арасындағы айырмашы­лық­қа тоқталсақ, онда мынадай қорытындыға келеміз: Батыс халқы көріскен сайын үнемі бір-бірімен амандасып жүреді. Лифтіге кірсең де, қыды­ру­ға шықсаң да, кездейсоқ ұшырасып қалсаң да күлімсірей қарап, ілтипат білдіру – Еуропа халқына ортақ қағида. Олар танысын, танымасын, кездескен са­йын міндетті түрде сәлемін аямайды. Бұл – кәрі құрлық халқының қанына сіңген тамаша қасиеттердің бірі.

Кейде амандасу қысқа диа­логке да ұласып кетуі мүм­кін. Сондықтан мұны да мә­дениеттің бір бөлшегі ретін­де қарастырған жөн. Яғни қарапайым адамдар ара­сын­дағы мәдени этикет. Жал­пы, америкалықтар да, еуро­па­лықтар да дәл қазақтар сияқты амандасудың мәні мен астарына көп көңіл аудара бермейді. Олар үшін сәлемдесу күн­де­лікті қолда­нысқа енген қалып­ты ишарат қана.

Ал қазақ үшін амандықтың маңызы зор. Сондықтан да «Сәлем – сөздің анасы» деп амандасуға айрықша мән берген. Ұлтымыз Еуропа жұрт­шылығы сияқты кездескен адамның барлығына бірдей сәлемін арнай бер­мейді. Бұл қазақтың мәде­ниет­сіздігі емес, керісінше амандасуға ерекше мән берген ниет-пейілінде және оны солай қабылдау керек.

Рас, бізде кейбір ата-ана­лар тіпті баласына: «Таны­май­тын адаммен тілдеспе», деп үйретеді. Бұл тәрбие көп жағдайда баланың санасы­на түбегейлі әсер етіп жатады. Әйт­песе амандық сұрасу­да тұрған не бар? Бір адам ал­дың­нан күліп шығып, сәле­мін арнады ма, сен де жадырай қабыл алып, қолыңды бұлға! Амандық алмасқан екі адамның екеуіне де сонда өмір сәл де болсын көңілді бола түседі. Өйткені әлемді мейі­рім құтқарады ғой.

Соңғы жылдары психоана­ли­тик мамандар әлемде агрес­сияның белең алғандығын айтып дабыл қағуда. Түрлі себепке байланысты адамдар тым ашушаң болып бара жатыр екен. Мұны ғалым­дар қоғам эволюциясы­ның бір құбылысы деп баға­лап отыр. Мүмкін. Бірақ әр­қай­сымыздың айна­ла­мыздағы адамдарға күлім­сірей қарап, достық көңілімізді білдіруі­міз көп нәрсені өзгертеті­нін білесіз бе? Қиын емес. Алай­да тұтас қоғамды өз­гер­­туге, адамдар­дың жүре­гіне жы­лы­лық құюға әбден қау­қар­­лы деп ойлаймын. Бүгінде ме­нің өмірлік қағи­дам – осы. Бар­лығымен сыпайы амандасып, жылы сөйлесемін. Пікір, көз­қа­расың жарасып кетуі мін­дет емес, бастысы – іш­кі мә­де­ниетің. Өйткені дұ­рыс сәлем­десу – сыпайылық белгісі.

Кезінде кеңес ақыны Булат Окуджава адамдарды бірі-біріне жылы сөз арнап, мақтап жүруге үндеген екен. Ал мен өмірді күлкіден бастауға үндеймін!

 

Ермек ТҰРСЫНОВ,

кинорежиссер