Облыстық филиал директорының міндетін атқарушы Жантас Шәріповтың айтуынша, жыл басынан бері «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» автомобиль жолын қайта жаңғырту, «Атырау-Орал» және «Доссор-Құлсары-Бейнеу бағытындағы автомобиль жолдарын күтіп-ұстау, ағымдағы жөндеу, сондай-ақ, кепілдікте тұрған нысандарда 181 рет тексеріс ұйымдастырылған.
–Нәтижесінде 27 ақау анықталды. Мәселен, «Атырау-Орал» жол күтіп-ұстауда, яғни, жарылған бөліктеріне шайыр құю кезінде кемшіліктер табылды. Сондай-ақ, «Атырау-Орал» және «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» бағытындағы кепілдікте тұрған жолды түнгі уақытта жарықтандыру, «Доссор-Құлсары» жолындағы орташа жөндеу жұмыстарында да кемшіліктің бары белгілі болды. Аталған ақауларды уақытылы жою үшін тапсырыс беруші мекеме мен мердігерлерге хат жолданды, - дейді Ж.Шәріпов.
Орталық мамандары биылғы бірінші тоқсанда жолдарда жүргізілген тексерісте 101 рет сынама алған. Зертханада қолданыстағы қиыршықтас, құм, шайыр, малта тас аралас құмды қоспа, цементті бетон, битум, ұсақ қалдықтардың сапасын тексеру барысында сәйкессіздіктің бір дерегін анықталған.
Бұл – «Доссор-Құлсары» жолындағы орташа жөндеу жұмыстарына пайдаланылған материал. Атырау аймағындағы жолдарға қажетті материалдар ПГС, қиыршықтас, битум көршілес Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан әкелінеді. Мамандардың айтуынша, өңірдегі республикалық жолдардың сапасы облыстық деңгейдегі жолдармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болып отыр.