Аймақтар • 29 Сәуір, 2020

Қарағандыда онлайн-кеңес беру орталығы ашылды

154 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында қашықтан кеңес беру орталығы құрылып, жұмыс істей бастады. Мұндағы онлайн-кеңес беруді хирургтар, кардиологтар, невропатологтар, ортопедтер, травматологтар, эндокринологтар және басқа да саланың мамандары күн сайын жүзеге асырады.

Қарағандыда онлайн-кеңес беру орталығы ашылды

Жалпы, салалық мамандардың онлайн-режимде тәжірибе жүргізуі еліміз бойынша төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты Қарағанды облысында сәуір айының басында іске қосылған болатын.

Өңір тұрғындарының диагнозын онлайн-режимде қойған кезде дәрігерлер анамнезге, осыған дейін дәрігерлерге қаралып, солардың жазған деректеріне және пациенттің сөзіне сүйенеді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ахуалдық орталығының басшысы Евгений Щербов науқастар туралы барлық деректер, олардың денсаулық төлқұжаты кешенді медициналық ақпараттық жүйеде (ҚАЖК) сақталатынын айтады.

– Дәрігер толық ақпаратты көре алады, сондай-ақ ол пациентпен аудио немесе бейне байланыс арқылы хабарласады. Яғни, дәрігер науқастың жағдайын көріп, қажетті сұрақтар қояды, – деп түсіндірді ол.

Бұдан бөлек, кешенді медициналық ақпараттық жүйесі (КМАЖ) дәрігерлерге виртуалды консилиумдар өткізуге де мүмкіндік береді.

Бүгінгі күнге дейін дәрігерлер қашықтан 38 мыңнан астам кеңес беріп үлгерді. Олардың 18 мыңнан астамы учаскелік дәрігерлерге және 20 мыңға жуығы салалық мамандарға арналған.