Енді облыс тұрғындары қажеттілікке байланысты бірқатар жеңілдік шарасын пайдалан алады. Атап айтқанда, адамдарға сағат 05.00-20.00 аралығында растайтын құжат ұсыну арқылы бау-бақшаға, саяжайларға баруға рұхсат етілді. Осы бағыттарға жүретін қоғамдық және жеке көліктерге салынған тыйым алынып тасталды. Бау-бақша серіктестіктеріне, саяжайларға баратын қоғамдық көліктер сағат 05.00-ден 20.00-ге дейін жүретін болады. Бірақ, бағбандарға өз саяжайларында қонақ шақыруға, іс-шара өткізуге тыйым салынады. Олар жұмыс барысында 2 метрлік ара қашықтықты сақтап, медициналық маскалар тағып, антисептиктер пайдалануды жалғастыруы тиіс. Сондай-ақ, азаматтарға аула ішіндегі аумақтар мен балалар алаңдарында сағат 09.00 мен 20.00 аралығында серуендеуге рұқсат етіледі. Облыс тұрғындары бір-бірімен қол алыспауы тиіс, адамдар арасындағы 2 метрлік қашықтықты сақтап, медициналық маскалар тағып, антисептиктер пайдалана беруі керек.
Ал COVID-19 инфекциясының тіркелуіне байланысты карантиннің күшейтілген режимі енгізілген елді мекендер мен нысандар аумағында қозғалысқа салынған тыйым сақталады. Жаңа қаулыға сәйкес автожуу, техникалық қызмет көрсету станциялары, дөңгелек жөндеу қызметі сағат 10.00-ден 20.00 аралығында өз жұмыстарын жалғастыра алады. Сол сияқты таңертеңгі 09.00-ден кешкі 16.00 аралығында химиялық тазарту, кір жуу орындары да жұмыстарына кіріседі. Заң қызметін көрсететін субъектілер мен нотариустар тапсырыс бойынша сағат 10.00-нан 20.00-ге дейін жұмыс істейді.
Мұнан бөлек, автобөлшектер сататын, құрылыс материалдарын саудалайтын жеке тұрған дүкендер де сағат 09.00 мен 18.00 аралығында ашық болады. Екінші деңгейлі банктер мен оларға қарасты ақша айырбастау пункттері, несиелік серіктестіктер, микроқаржылық ұйымдар қалыпты режимде жұмыстарын жалғастырады. Күзет қызметі ұйымдары, жолдар мен көпірлерді күтіп-сақтайтын, соның ішінде темір жолдарда қызмет көрсететін нысандар да жұмысқа кіріседі. Бұл ретте карантин кезінде жұмыс істейтін нысандар санитарлық-дезинфекциялық талаптарды қатаң сақтауы тиіс.