Аймақтар • 29 Сәуір, 2020

Алматы облысы: Суармалы алқаптардың көлемі артты

549 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысындағы ирригация жүйесінің жалпы ұзындығы 17 мың шақырымға жетеді екен. Яғни, Жетісу өлкесі суармалы алқаптар көлемін жағынан да ел бойынша алдыңғы орында тұр.

Алматы облысы: Суармалы алқаптардың көлемі артты

Қуанарлығы, бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Өйткені, өңірде су шаруашылығы саласындағы қалпына келтіру ісі жүйелі  жүргізіліп отыр. Мәселен, биылғы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде Алматы облысындағы су шаруашылығының 4 нысаны қайта жаңғыртылады екен. Оның ішінде ауыз толтырып айтарлық жұмыс Көксу мен Қаратал бөгеттері, Панфилов ауданының Өсек су торабы және Талдықорған қаласының суару желілерінде жүріп жатыр. Бұған республикалық бюджеттен 3,662 млрд теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде 2300 гектар суармалы жерді қалпына келтіру жоспарлануда.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2016 жылдан бері суару желілерін қайта құру арқылы алаңы 137,8 мың гектар суармалы алқап қалпына келген. Бұл суармалы жерлерді қалпына келтіру бағдарламасы аясында іске асырыла бастаған жұмыстың бір парасы. Қазір осы мақсатта облыс  бюджетінен 3,1 млрд теңге сомаға суару желілерін қайта жаңартудың жобалық-сметалық құжаттары тағы әзірлеунуде. Ал 2019 жылдан бастап Ислам Даму Банкінің қаражаты есебінен Ақсу, Алакөл, Ескелді, Көксу аудандарының суару желілерін қайта жаңғырту жобалары іске асырылуда. Осы төрт ауданда барлығы 35,4 мың га суармалы жер қалпына келтіріледі.

Облыста коммуналдық меншіктегі су шаруашылығы объектілерін күрделі жөндеу де назардан тыс қалмайды. Жыл сайын су шаруашылығы нысандарын күрделі жөндеуге 2 млрд теңгеге дейін қаражат бөлінуде. Биыл 11 су шаруашылығы - Райымбек ауданындағы Үкірші магистральды каналы, Жамбыл ауданындағы Достық, Құтырған, Книжевский, Талап Сасықбай су қоймалары, Іле ауданындағы Қызыл ту-1, Қызыл ту-2 тоғандары мен К-32 су қоймасы, Қарасай ауданындағы Октябрь-2 су қоймасы,  Талғар ауданындағы төменгі Құтентай су қоймасы, Кербұлақ ауданындағы Енкөл және Арал төбе су қоймалары күрделі жөндеуден өткізіледі.

Сонымен қатар облыста жаңа суармалы жерлерді айналымға тартуды көздейтін «2028 жылға дейін суармалы жерлерді дамыту жоспары» да бар. Соған сәйкес облыста жаңадан 81,8 мың га суармалы жерлерді іске қосу межеленген. Ол үшін өңірдің 10 ауданында 5 жаңа су қоймасы, ирригациялық жүйелер, сорғы станциялары мен ұңғымалардың құрылыстары және қайта жаңарту жұмыстары жасалмақ.

 

Алматы облысы