Қазіргі таңда Тараз қаласында құрылыс қарқын алуда. Тұрғын үйлер салынып, көшелер жөнделуде. Сонымен қатар, білім нысандарына да тиісті деңгейде көңіл бөлініп, оларға жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бүгінгі жағдайға байланысты қашықтықтан оқытуға көшкен білім нысандарын құр қаңыратпай, оларды құрылыс алаңына айналдыруды тапсырған болатын. Осыған орай, Тараз қаласындағы №17 Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті. Енді бұл жұмыс көп ұзамай қаладағы №2, №4, №22, №16 орта мектептерінде де жалғасын табады. Тіпті кейбір білім ошақтарының орнына жаңа мектептер салу жоспарлануда. Жұмысты жүйелі жүргізу, оны сапалы әрі дер кезінде аяқтауды қадағалау мақсатында Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев аталған білім нысандарындағы құрылыс орындарында болды.
Сондай-ақ шаһар басшысы мектеп сыртында орналасқан әжетханаларды оңтайландыру жұмыстарымен де танысты. Бұл тізімде 7 мектеп бар екен. Оның екеуі жаңадан салынатын мектеп есебінен реттелсе, бесеуіне тиісті қаржы қарастырылып, құрылысы басталып кеткен. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сай, оларға кәріз жүйесі жалғанған болуы және мектеп ішінде орналасуы қажет. Қала әкімі Айтқазы Қарабалаев жұмыс сапасын тексеру үшін құрылыс басына жиі барып тұратын болады.
Жамбыл облысы