Батыс Қазақстан облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ұйымдастырған бұл басқосудың пайдасы көп болды. Конференцияға Алматы қаласынан онлайн қатысқан Қайыржан Ахметбекұлы өз сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды қабылдау, өз мекемелерінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу және сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жеке жауапкершілік мәселелеріне кеңінен тоқталып өтті.
Мектеп пен сыбайлас жемқорлық ұғымы синоним болмаса да, қоғамның бұл дертінен білім саласы да сау болмай тұр. Мәселен, 2019 жылы және биылғы бірінші тоқсанда Батыс Қазақстан облысының білім саласында сыбайлас жемқорлық және лауазымдық 8 қылмыс тіркелген. 4 адамға қарсы қылмыстық тексеру жүргізіліп, үшеуі сотталды. Бұлардың екеуі – колледж қызметкері, біреуі – мектеп директоры, біреуі – аудандық білім бөлімінің меңгерушісі. Солардың бірі – Теректі ауданы Подстепное ауылы №1 мектебінің директоры Қаймолдинов мұғалімді қызметке орналастыру үшін 300 мың теңге пара алып, ұсталды. Теректі аудандық сотының шешімімен парақор басшы 9 млн теңге айыппұл төлеп, өмір бойы мемлекттік қызметке тұру құқығынан айырылды.
Онлайн конференцияға қатысқан Батыс Қазақстан облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қырсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Самет пен Орал қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Батиқа Пайдина да өз сөзінде оқу орындарында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайлар туралы айтып өтті.
Шара барысында PUBLICBUDGET.KZ сайтындағы «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы туралы айтылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әзірлеген бұл сайт ақпаратқа қол жеткізуді жеңілдетіп, билік пен азаматтық қоғам арасында тікелей байланыс арнасын құру үшін құрылған бірегей жоба болатын.
- Осы картада облыстың білім беру, құрылыс, әлеуметтік нысандарды жөндеу және сақтауға бөлінген бюджет қаражаты туралы егжей-тегжейлі мәлімет бар. Картаға мемлекеттік кәсіпорындар, медициналық мекемелер, білім беру нысандары, жолдар, яғни бюджет қаражаты бөлінген кез келген инфрақұрылымдық нысан енгізілген. Кез келген адам қажетті нысанды басып, өз ескертуін қалдыра алады. Мәселен, бір азамат жөндеу сапасына, білім сапасына риза болмаса, бізбен бірлесіп жұмыс істеуге, қоғамдық бақылау жүргізуге және құқық бұзушылықтар туралы дереу хабарлауға шақырамын, - деді Нұрдәулет Самет.
Батыс Қазақстан