Қазақстан • 29 Сәуір, 2020

Биыл Ақмола облысында 5 300 тұрғын үй салынады

100 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде биыл Ақмола облысында қаржыландырудың барлық көздері есебінен 570 мың шаршы метр немесе 5300 тұрғын үй салу жоспарланып отыр, деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.

Биыл Ақмола облысында 5 300 тұрғын үй салынады

Биыл І тоқсанда облыста тұрғын үй құрылысына 13,9 млрд теңге инвестиция салынып, 151 мың шаршы метр немесе 1348 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7% көп.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде биыл облыста инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым және тұрғын үй құрылысы саласында 10,4 млрд теңге сомасында 49 жоба іске асырылып, 595 жұмыс орны ашылады.

Жалпы ауданы 49,4 мың шаршы метр болатын жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй немесе 1002 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.  Оның ішінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін үй құрылысына 2,9 млрд теңге жұмсалып, 21 жоба іске асырылады. Биылғы І тоқсанда әкімдікке 178,7 млн теңге аударылып, оның 77,2% игерілген. 13,9 мың шаршы метр жалға берілетін тұрғын үйді немесе 290 пәтерді пайдалануға беру жоспарланса, есепті кезеңде оның 150 пәтері салынды. Жалға берілетін тұрғын үй құрылысында 202 жұмыс орны ашылады.

Кредиттік тұрғын үй құрылысында 13 жобаны іске асыру үшін 5,6 млрд теңге қарастырылған. І тоқсанда 1,2 млрд теңге мөлшерінде облигациялар шығарылды. 35,5 мың шаршы метр тұрғын үйді немесе 712 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. 250 жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында  2%-дық несие берілетін «Бақытты отбасы» бағдарламасын іске асыруға биыл республикалық бюджеттен 181 тұрғын үй үшін 1,8 млрд теңге қарастырылған.

Тұрғын үй құрылысы аудандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу үшін 15 жоба іске асырылады. Оған 1,9 млрд теңге жұмсалып, 143 жұмыс орны ашылады.