Елордамыздағы тұрмысы төмен 225 отбасыға қуаныш сыйлаған игі шараға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, ізгі тілегін білдірді. Рамазан – қайырымдылық айы екенін тілге тиек еткен Бас мүфти бүгінгі шараға оң бағасын беріп, жалғасты болуын тіледі.
Сондай-ақ «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі қайырымдылық шараларына үнемі қолдау көрсетіп, демеушілік жасап келе жатқан «Gentlemen`s club» белсенділер тобының мүшелері және әнші, продюсер Қыдырәлі Болманов пен «Синергия» университетінің президенті Бауыржан Қасымбергебаевтар та қайырымдылық шарасынан басынан табылып, қасиетті айдағы сауапты іске өз үлестерін қосты.
Айта кетейік, азық-түлік қоры салынған қайырымдылық пакеттерін тізімдегі жандардың тұрғылықты мекенжайына жеткізіп беру жұмыстарын өкілдік қызметкерлері мен Бас мешіт жанынан құрылған «Sharapat» еріктілер орталығының мүшелері ұйымдастырып келеді.