Аймақтар • 30 Сәуір, 2020

Қажетті тауар тегін таратылуда

134 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Коронавирус індетінің алдын алуға байланысты Тараз қалалық әкімдігінің бастамасымен 4 мыңға жуық медициналық мас­ка тігіліп, көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тегін таратылды.

Қажетті тауар тегін таратылуда

Бұл ретте қалалық бірқатар мекеме мен қала тұрғындары да жалғызбасты қарттарға азық-түлік жеткізіп берсе, кейбір азаматтар тұрғындарға медициналық маскалар мен зарарсыздандыруға арналған түрлі құралдарды тегін таратып, көмек қолын созуда.

Тараз қаласындағы «Алтын-ай» тігін ательесі мерекелік де­ма­­лыстарға қарамастан меди­ци­налық маскалар тігіп, оны тұрғындарға тегін таратуды бастады. Тараздағы кез келген тұрғын таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеп отырған шеберханаға келіп, медициналық маскаларды тегін ала алады. Аталған шеберхана басшылығының да мақсаты – көп балалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне көмектесу екен. «Бүгінде бес тігінші күніне 1 мыңға жуық медициналық мас­ка тігуде. Жалпы, біздің ателье 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қыз-келіншектермен бірге осындай қиын кезде үйде отыр­май, қолдан келгенше дәрі­ха­наларда жоқ медициналық мас­каларды бірге тігейік деп шеш­тік», дейді «Алтын-ай» тігін шеберханасының басшысы Алтынай Бекенова. Тігіншілерге қажетті маталар мен құралдар Тараз қаласы әкімдігінің тара­пы­нан берілген. «Ақ­жүніс» аналар қоғамының жетек­ші­сі Жанат Естаева осындай жауап­кер­шілігі мол жұмысты бастаған «Алтын-ай» тігін шеберханасына өзінің алғысын білдірді. Аталған тігін ательесі бүгінде 4 мыңнан астам медициналық мас­каны тігіп, «Ақжүніс» қоға­мына тапсырыпты. Ал аталған ұйым бұл заттарды тиісті мекен­жай­ларға таратып жатыр екен. Бір айта кетерлігі, тігінші қыз-келіншектер медициналық мас­каларды ақысыз тігуде.

Бүгінде «Алтын-ай» тігін атель­есі тіккен маскаларды алу­шы­­лардың қатары көп. «Біздің үй­ден шығып жатқанымыз жоқ. Бір балам Алматы қала­сында. Қаладағы ешбір дәрі­ха­на­дан медициналық мас­ка тап­падық. Көрсетіп жат­қан жақ­сы­лық­та­рың­ызға мың алғыс. Ең бастысы, елі­міз аман, жұр­ты­мыз тыныш болсын», дейді жеті баланың анасы Күнсұлу Күзен­баева. Бұл бастама алдағы уа­қыт­та да жал­ға­сын табады.

 

Жамбыл облысы