Қоғам • 30 Сәуір, 2020

Жастар жұмысын жалғастыра береді

310 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Пандемия кезінде жастардың да еңбегі ерен. Республика бойынша мыңдаған жас сақтық шараларын түсіндіру жұмыстарына жұмылып, қайырымдылық акцияларына қатысып, қиын-қыстау кезеңде қолдарынан келген көмегін көрсетіп жүр.

Жастар жұмысын жалғастыра береді

Барлық облыста төтенше жағ­дайда жұмыс істейтін арнайы волонтерлер штабтары құры­лып, өз жұмыстарын бас­тап кетті. Осындай штабтың бірі Ақтөбе облысында Жастар сая­саты мәселелері бас­қармасы об­лыс­тық Жастар ресурс­тық орта­лы­ғының жанынан құ­рылды.

Штаб наурыз айының ортасынан бастап жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда 200-ге жуық волонтер күнделікті жұмыстарға араласуда. Волонтерлер арасында 18 жасқа толған, жұмыс істейтін жастар, өзін-өзі қамтыған жас кәсіпкерлер, сту­денттер, Жастар ресурстық ор­талығының өкілдері, жастар ұйым­дарының, өңіріміздің белсенді жұмыс істеп жатқан волонтерлік топтарының мүшелері бар.

Волонтерлер қатарына өңірі­міз­дің 18 жасқа толған кез келген азаматы қосыла алады. Алай­да арнайы нұсқаулықтарды қа­таң түрде сақтаулары керек. Во­лонтерлердің сақтығы үшін ар­найы чат ашылып, барлық келіс­сөздер, ақпарат сол жерде тал­қыланады. Бұл топ болып шоғыр­ланудың алдын алады. Жұмыс барысында арнайы тапсырмалар видео, қоңырау және арнайы чат арқылы ескертіліп, нұсқаулықтар беріліп отырады.

Тапсырманың мазмұнына қа­рай волонтерлер ақпарат­тандырылып, ниетті адамға міндеттеледі. Яғни тап­сырманы орындау ерікті түрде. Көбіне уақытына, кәсіби білік­тілігі, мамандығына қарай та­ға­йын­далады. Тапсырмалар об­лыс­тық штаб­қа келіп түскен өтініштерге негізделеді.

Мемлекет тарапынан бөлінген қар­жымен қатар қоғамдық қорлар, кәсіпкерлер мен демеушілердің көме­гімен алынған азық-түліктер па­кеттері жалғызбасты қарияларға, жалғызбасты аналарға, көп балалы, аз қамтылған отбасылар мен мүм­кіндігі шектеулі жандар тәрбие­леп отырған отбасыларға жеткізілді. Бүгінге дейін #Бізбірге­міз­ акциясы аясында 1 793 отбасына көмек көрсетілді.

Сонымен қатар волонтерлер дәрі­герлермен бірге ем қабылдайтын 67 қартқа жергілікті емханалардан дәрі-дәрмек жеткізді. Дәрілерді таратуда «Ақтөбе қайырымды жандар», «Үміт Нұры», «Volunteer2020.aktobe» топтары белсенділік танытты.

Сонымен бірге волонтерлер­ мас­ка тігіп, штаб жұмысына жұмылды­рылған еріктілерге, әлеуметтік қыз­меткерлерге және қоғамдық таза­лықты қамтамасыз етіп жүрген жұмыс­шыларға, қала тұрғындарына тегін таратты. Бүгінге дейін жалпы саны 14 033 маска таратылды.

Блок-бекет жұмыстарына тар­тыл­ған қызметкерлерге қол­дау білдіріп, оларға ыстық тамақ­тарды үлестіруде де волонтерлер белсенділік танытуда. Бұл жұмыстарға «Жүректен жүрекке», «Ақтөбе қайырымды жандар», «Қызыл Ай» қоғамдық қоры волон­терлері тартылды. Қала­дағы рейд жұмыстарына түрлі волонтерлік топ­тардан бірлескен «Anticovid19» және «Жас сақшы» жасағы тобы­ның жастары кө­мектесуде.

Бәрімізге белгілі, шетелден келіп жатқан қазақстандық студенттер қазіргі таңда карантиндік орталықтарда бақылауда. Олар өз­ге облыстың студенттері болған­дық­тан М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина универси­теті­нің жанынан құрылған «Медик волонтерлер» мен «Қызыл Ай» қо­ғамдық қорының волонтерлері карантиндегі студенттерге олардың сұранысы бойынша дүкендерден азық-түліктер, жеке гигиеналық заттар жеткізіп беруде. Жұмыс барысында барлық санитарлық ережелер мен қағидалар сақталады. Волонтерлер штабы өз жұмысын әрі қарай жалғастыруға ниетті. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шыға­рып», бірлесіп, бұл кезеңнен де аман-есен шығамыз деген сенімдеміз.

 

Нұрсұлтан ЕЛЕУОВ,

Ақтөбе облыстық волонтерлер штабының жетекшісі