Карантин кезінде жастарды уақытын тиімді пайдалануға шақырып, рухани-мәдени шараларды көптеп ұйымдастыруға тырысып жатырмыз. Аймақ өнерпаздарымен онлайн концерттер өткізу жоспарланған. Еліміздің намысын халықаралық сахналарда қорғап жүрген, «Голос. Дети 2019» байқауының финалисі, «Junior Eurovision-2019» байқауының жүлдегері, Ақжайық өңірінің мақтанышы Ержан Максим 12 сәуір күні онлайн-концерт беріп, батысқазақстандықтарды бір қуантты.
Мәдени шаралармен қатар, біліктілікті арттыру курстары да басты назарда. Облыстың тәжірибелі мамандары кеңестерімен бөлісті. Сонымен бірге облыс жастарына мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңес беру ұйымдастырылды. Әлеуметтік желіде жастардың сұрақтарына жауап беріп, мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңінен айтылды. Атап айтар болсақ, жастар тәжірибесі, кәсіпкерлік бағдарламалары туралы түсіндіріп, тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндіктері, «Серпін» бағдарламасымен оқуға түсу мен «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының мүмкіндіктері туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілді.
Күні кеше Ақжайық жастары үшін Рамазан айының маңыздылығы мен ерекшелігі туралы Орталық мешіттің жастар ісі секторының жетекшісі Дүйсенәлі Бейімбет мырзамен сұхбат өтті.
Жастар түрлі конкурстар мен марафондарға да белсенді араласуда. Хакім Абайдың 175 жылдығына арналған, ұлы ақынның әндерін орындаудан, шығармаларын (поэма, өлең, қара сөз) жатқа оқудан, ақынға арналған өлеңдер бойынша мүшәйра өтіп жатыр. Қатысушылар өз жұмыстарын әлеуметтік желіге жүктеп, оқырмандардың таңдауымен үздіктер анықталмақ. «Үйде бірге оқимыз!» атты кітап оқу марафоны жүріп жатыр.
Жастардың оқу мәдениетін арттыру, отандық және заманауи авторларды дәріптеу мақсатында өтіп жатқан марафонға қатысушы күніне кемінде 1 сағат кез келген тақырыптағы үздік кітаптар тізіміне енген туындыны оқуы тиіс. Белсенді қатысушылар елеусіз қалмайды. Оларға дайындалған арнайы сыйлықтарымыз бар. Ал кеше Ақжайық жастары музей «аралады». Технология мүмкіндіктерін пайдаланып Алматы облысындағы «Есік» тарихи-мәдени қорық-мұражайына онлайн экспедиция ұйымдастырдық. Жастар «Алтын адамды» көруге мүмкіндік алды.
Одан бөлек, аймақ психологтары да жастардың психологиялық көңіл күйін бірқалыпты ұстау мақсатында түрлі тренингтер өткізеді. «Жас отбасы» клубы әр сейсенбі, бейсенбі күндері онлайн-консультация өткізіп, жастарды мазалаған мәселелердің шешімін табуға жәрдемдеседі.
Жастар – еліміздің болашағы екенін айтып жүрміз. Ел ертеңі жарқын болуы үшін жастарымыз білімді, саналы болуы керек. Облыстық жастар ресурстық орталығының да басты міндеті – жастарды сапалы өмірге, білімге шақыру.
Мейірбек НҰРКЕН,
Батыс Қазақстан облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасы Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы