Төтенше жағдай кезінде волонтер жастардың да сыналған шағы болды десек артық айтпаспыз. Өйткені, олар көмекке мұқтаж жандарға жәрдем көрсетумен айналысып, дезинфекциялық жұмыстарға атсалысты. Тәулік бойы шұғыл қоңырау қабылдайтын қауырт желіде телефонға жауап қату да оңай емес. Сондай-ақ, өңір еріктілерінің атсалысуымен 50 мың медициналық маска тігіліп, таратылды. Әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған және көп балалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға, жалпы 10 мың отбасына әлеуметтік көмек көрсетіліп, азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Әрі волонтерлар жалғызбасты қариялардың үйлеріне тазалық жұмыстарын жүргізеді.
Жалпы, қазір Алматы облысындағы волентерлердің жұмысын бір арнаға тоғыстырған «Мейірімді Жетісу» фронт-кеңсесінің жұмысы қыза түскен. Ал жастардың қоғамды ілгері сүйреуге қосқан үлесі мемлекет тарапынан да еленіп отыр. Осы фронт-кеңсенің үйлестіруші Жансая Смағұлова волентерлік қызметі мен төтенше жағдай кезіндегі еріктілердің жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастырған үшін Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Президенттің алғысын Жансаяға облыс әкімі Амандық Баталов табыс етті. Құттықтау барысында облыс басшысы Жансаяның төтенше жағдай кезінде ұжымдық еріктілікті ұйымдастырудағы, мұқтаж жандарға қол ұшын созу жұмыстарын үйлестірудегі, волонтерлердің атқарған істерін бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттаудағы үлесін атап өтіп, Президенттің Алғыс хатын және сый ретінде өзінің қолтаңбасы бар кітап табыстады.
- Бұл марапат маған ғана емес, барлық жетісулық еріктілерге берілген марапат деп деп білемін. Біз бірлігімізбен ғана күштіміз. Мен жалғыз өзім ештеңе тындыра алмас едім, сондықтан бұл - ортақ жеңіс. Бүгінгі Алғыс хат бұдан былайғы жұмысымызға үлкен серпін береді. Президентімізге волонтерлердің жұмысын назардан тыс қалдырмағанына ризашылығымызы білдіреміз. Бұл жұмыстарды біз өз атымызды шығару үшін емес, жүрек қалауымен жасап жүрміз. Біз үшін ең үлкен марапат – халықтың алғысы, - дейді «Мейірімді Жетісу» фронт-кеңсесінің үйлестірушісі Жансая Смағұлова.
Алматы облысы