Аймақтар • 30 Сәуір, 2020

Павлодар қаласындағы NIS оқушысы Бүкілсібірлік олимпиадада жеңімпаз атанды

231 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодар қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Дінмұхаммед Оразбаев Бүкілсібірлік ашық оқушылар олимпиадасында биология пәні бойынша жүлделі І орынды иеленді.

Павлодар қаласындағы NIS оқушысы Бүкілсібірлік олимпиадада жеңімпаз атанды

Ресейдің Сібір, Қиыр шығыстың қалалары мен Қазақстанның мыңдаған оқушылары бақ таласқан олимпиаданың 3-ші кезеңінен де Дінмұхаммед мүдірмей өтті. Ақтық кезеңге қатысу үшін ағымдағы жылдың 8-ші наурызында Ресейдің Омбы қаласына барып, өз білімін көрсетті. Өткен жылы аталмыш білім додасынан ол жүлделі 2-ші орынды иеленсе, осы жылы жеңімпаз атағын алып отыр.

- Олимпиадаларға 8-сыныптан бастап тыңғылықты дайындалып, қатыса бастадым, - дейді Дінмұхаммед Оразбаев. - Әсіресе биология пәнін ерекше жақсы көремін. Болашақта медицина саласының маманы болғым келеді. Мен Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы болғанымды мақтан етемін. Себебі осы оқу ордасына түскеннен бастап мен өзімнің сүйікті пәндерімді тереңдете оқи бастадым. Оған қоса, мықты ұстаздардан тәлім алудамын. Сондықтан осы жетістіктерімнің бір үлесі алтын ұямның, ұстазым әрі жетекшім Мұхит Аутаевқа, сондай-ақ ата-анам мен достарымның қолдауының арқасы дер едім. Дінмұхаммед Оразбаев төрт жылдан бері желілік, республикалық олимпиадалардың жеңімпазы. Сондай-ақ бүкілресейлік, бүкілсібірлік олимпиадаларда күміс, қола медаль иегері атанып үлгерген. Айта кетерлігі, ол наурыз айының соңында Ломоносов олимпиадасында жүлделі 2-ші орынды, Бүкілресейлік олимпиадада 3-ші орынды жеңіп алды.