Тіпті қаладағы кейбір аялдамалар түрлі-түсті жарнамалардың да парақшаларына толып кеткен. Әрине, бұлардың бәрі де екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз шаһарының сәулеттік келбетіне нұқсан келтіріп тұр. Бұл ретте осы мәселелер ескеріліп, қала әкімдігінің бастамасымен көктемгі санитарлық тазалық кезінде көшелердегі жарнама жапсырылған тақташалар алынып тасталуда.
Бүгінде Тараз қаласының әкімдігі аталған аялдамаларды қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алып отыр. Қазіргі кезде қала аялдамалары ұлттық нақыштағы оюлармен безендіріліп, шаһардың сәнін келтіруде. Қала бойынша бүгінде 624 аялдама бар. Оның ішінде 87 аялдаманың шатыры ұшқан және олардың жан-жақтары сынған. Сол сияқты қаладағы 185 аялдама кеңестік кезеңде орнатылған болса, 152 аялдама соңғы 10-15 жылдың шамасында салынған. Осындай көптеген аялдамаларға бүгінде күрделі жөндеу қажет. Дегенмен, қала әкімдігі тарапынан биылғы жылдың өзінде 41 аялдама жаңа архитектуралық үлгіге ауыстырылған. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табады.
Жамбыл облысы