Аймақтар • 30 Сәуір, 2020

​Тәртіптің арқасында аймақ ақырындап жандануда

183 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында облыста карантиндік режімнің жұмсартылуының екінші кезеңі 4 мамырдан басталатынын айтты. Дәл осы сөздерді оның орынбасары Руслан Әлішев те жариялады.

​Тәртіптің арқасында аймақ ақырындап жандануда

Облыс әкімі 28 сәуірде басталған алғашқы жұмсартылуда 45 мың адамның жұмысқа шыққанын еске салды. Сонымен бірге саяжайшылардың да жер жұмыстарына кірісе бастағанын айтты. «Біз 4 мамырдан бастап жұмсартудың екінші кезеңіне көшеміз. Ашылуға мүмкіндік алатын бизнес нысандарының тізімін ұлғайтамыз. Тұрғындар көптеген қызметтерді алуға мүмкіндік алады. Кемінде 13 мыңдай адам өздерінің жұмыс орындарына қайта оралады», деді әкім.

Сонымен қатар ол азық-түлік сатпайтын 500 шаршы метрлік аумағы бар дүкендер де есігін аша алатынын жеткізді. Гүл сататын дүңгіршіктер, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар компаниялары, жылжымайтын мүліктер сатумен айналысатындар, жарнамалық агенттіктер, нотариустар, микроқаржылық ұйымдар, сақтандыру компаниялары, ломбардтар, айырбас пункттері жұмыс істейтінін айтты. Алдын ала жазылу арқылы шаштараздарға, медициналық орталықтарға, стоматологиялық клиникаларға да баруға болады екен.  

Сонымен бірге Құмар Іргебайұлы «Нұр Сұлтан–Петропавл» авиа рейсінің ашылатынын да жеткізді. Тіпті облыс тұрғындары көшелерде жаттығу жасауға да қол жеткізеді екен. «Аймағымыз ақырындап қалпына орала бастады. Алайда қауіпсіздік шараларын ұмытуға болмайды. Араларыңызды 2 метрден жақын ұстамаңыздар. Бетпердені де шешпеңіздер. Тек қана темірдей тәртіп бізді карантин режімінен құтқарады», деп жазды ол.

Шынында Солтүстік Қазақстан темірдей тәртіптің арқасында ғана індетке шалдыққандарын емдеп, жаңадан сырқаттануға жол бермей жатыр. Басқа аймақтар осыдан үлгі алса қанеки... Осы істі жіті ұйымдастыра білген облыс басшылығы екені даусыз.

Солтүстік Қазақстан облысы