Руханият • 01 Мамыр, 2020

Халқымыздың күші бірлігінде!

402 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміз үшін 2020 жылдың Қазақстан халқы Ассамблеясының құрыл­ға­нына және Қазақстан халқының бір­лігі күнін атап өту туралы Жарлыққа қол қойылғанына 25 жыл толуына байланысты символдық мәні зор. Бұл оқиғалар бір-бірімен өте тығыз байланысты. Өйткені олар Қазақстанда тұратын барлық этнос­тардың бірлігін, достығын, сенім­ді­лігін, өзара құрметін нығайтуға негіз­делген.

Халқымыздың күші бірлігінде!

Орталық Азияның қақ ортасында орналасқан Қазақстан мәдениеті мен тарихы бай ел. Орта ғасырларда Ұлы Жібек жолы Қазақстан аумағы арқылы өткен. Орда базар (Ұлытау), Отырар, Сайрам, Түркістан, Сарайшық сияқты қалалар мәдениеттер мен өркениеттердің тоғысқан жері болды.

Алғашқы Қазақ мемлекетінің тарихы 1465 жылдан басталады. Ол кезде Қазақ хандығы Алтын Орда мұрагерлерінің бірі ретінде құрылды.

Біздің ата-бабаларымыз жерімізді сақтап, оны кеңейте білді. Бұл өз кезегінде бізді көршілерімізбен тату-тәтті өмір сүруге міндеттеді.

Елбасының бастамасымен 1995 жыл­дың 1 наурызында азаматтық қоғам­ның бірегей институты ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл қадам елімізде тұратын барлық этностардың құқықтары мен міндеттерінің тең екенін растайды.

Сонымен бірге Ассамблея қазақ­стандық қоғамның өзіндік ерек­шелігін, мәдени, этностық, тілдік және діни әртүрлілікке негіз­делген ұлттық ортақ мүддені айғақ­тайды. Мұның өзегінде әрбір қазақ­стандықтың қандайда бір этносқа жата­тынына қарамастан тәуелсіз мемле­ке­тіміздің жоспарлы және үдемелі дамуы­­­на өз үлесін қосып, болашағын біздің елімізбен байланыстыру мүддесі тұр.

Егеменді мемлекетіміздің зама­науи дамуы үшін ұлттық мәселелерді ше­шу, құқықтық қатынастарды реттеу ерек­ше маңызды. Қазақстан халқы Ас­сам­б­леясы этносаралық татулықты, қо­ғам­­дық келісімді нығайту үшін медиация рәсімдерін қолданады. Қазақстан – ұлтара­лық қатынастарды реттеудің өзіндік моде­лін тапқан ел. Елдегі бейбітшілік пен этносаралық достықты насихаттау, оны елге түсіндіру, соның негізінде қоғамдық пі­кірді қалыптастыру – Қазақстан да­муының басты кепілі. Біздің елімізде ұлт­­тық мәселелерді ғылыми тұрғыда шешу – ұлтаралық келісімнің маңызды жетіс­тіктердің бірі болып табылады.

Бірлік күні мемлекетіміздің игіліктері барша қазақстандықтарға, барлық этнос­тар­­ға ортақ екені анық аңғарылады. Көк­­темнің соңғы айының алғашқы күнін ерекше атап өту дәстүрі ежелгі дәуір­лер­ден жалғасып келеді. Өздеріңіз біле­тіндей, осыдан 3 мың жыл бұрын ежел­гі Италияның тұрғындары жер мен құ­нар­лы­лықтың қожайыны Майя құ­дайына сыйынған. Оның құрметіне көк­тем­нің соңғы айы «Май» деп аталды. Ал оның бірінші күнінде салтанатты жиын­дар мен мерекелер ұйымдастырылған.

Кеңес Одағында 1 мамыр 1917 жылдан бастап жұмысшылардың халықаралық ынтымақтастық күні ретінде ресми мемлекеттік мерекеге айналды. Елімізде бұл мереке Қазақстан халқының бірлігі күні ретінде 1996 жылдан бастап тойланып келеді. Өйткені 1995 жылдың
18 қазанында Елбасы Н.Ә.Назарбаев 1 мамырды Қазақстан халқының бірлігі күні ретінде белгілеген Жарлыққа қол қойды.

Ұлттар арасындағы достық пен татулық – ел бірлігінің кепілі. 1 мамыр мерекесі халықтар достығы мен ынтымақтастық рухына толы. Халықтар достығы қазіргі қоғам дамуының қозғаушы күшіне айналды.

Бізге қашанда төзімділікке негіз­дел­ген адамгершілік қасиет қажет. Толе­рант­тылық дегеніміз – бұл басқаларға деген қарапайым төзімділік қана емес, сонымен қатар олардың жеке басы мен бостандығына деген құрмет, бұл басқа этнос, дін өкілдеріне, барлық санаттағы және кез келген жастағы адамдарға деген құрмет. Оларды бақыт, әділдік, бей­біт­шілік, татулық үшін күресу тілегі бірік­ті­реді.

1 мамыр, бұл – Қазақстанды мекен­дей­тін барлық этностарды біріктіре түсетін, әрі қарай бейбіт қатар өмір сүру үшін «Біз – қазақстандықтармыз!» деген ұранды негіз еткен этносаралық бауырластық және дінаралық келісім мерекесі.

 

Марат ӘБСЕМЕТОВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор