
Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Алты құрлықты аузына қаратқан, шартараптың түкпір-түкпірінде жанкүйер қолдауына ие боксшының бұлай ағынан жарылуы бекер емес. Шаршы алаңдарда атой салып жүрген «Майқұдықтың майталманын» күллі әлем қазақ деп біледі. Madison Square Garden-де Генаны қазақ боксшысы деп таныстырады. Өз елінде бүкіл қазақстандық GGG-ді ерекше құрметтейді, жеңісіне қуанып, сәтсіздігіне күйінеді. Ендеше Головкиннің «Мен қазақпын!» деп жар салуы шын көңілден шыққан ыстық лебіз екені сөзсіз.
Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, марқұм Денис Тен де сұхбаттарының бірінде өзін қазақ деп есептейтінін айтқанын ұмытқанымыз жоқ. «Мен, ең әуелі – қазақпын. Ойым да, түсінігім де, әрекетім де. Мен осында тудым. Шетелде қабылдаған шешімімді Қазақстанда жүргендей қабылдаймын», деп айтқан еді.
Осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздегі велоспорт туралы жазып жүрген журналист әріптесіміз Facebook-тегі парақшасында шағын сауалдама жасады. Онда «Әлем кубоктарында жеңімпаз атанған тұңғыш қазақ кім?» және «Әлем кубоктарында жеңімпаз атанған тұңғыш қазақстандық кім?» деген екі сұрақ болған-ды. Шетелдік әріптестеріміз екі сұраққа да Александр Винокуров деп жауап беріпті.
Еліміздің сайыпқырандары қатысатын кез келген спорт шетелдік арнадан қарасаңыз, комментаторлар біздің атлеттерді «қазақ» деп атайды. «Қазақ футболшысы Финонченко, қазақ қызы Ольга Рыпакова» дейтініне талай куә болдық. Яғни өзгелер үшін қолында Қазақстан паспорты бар азаматтың бәрі қазақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың наурыз айында «Информбюро» сайтына берген сұхбатында осы мәселеге тоқталған-ды. Президент еліміздегі этносаралық келісім түсінігін қайта қарап, Қазақстан аумағын мекендеген бүкіл этнос өкілдері бір тудың астына жиылуының өзектілігін түсіндірді. «Осы жерде тұрып жатқан халық, этностық топтар шындығына келгенде бір ұлт саналады. Шетелде бізді «қазақтар» деп біледі. Өйткені біздің мемлекетіміздің атауы дәл осы сөзбен астасып жатыр», деген еді Мемлекет басшысы.
Ұлыбританияның беделді оқу орындарының бірі UCL университетінде оқып жүргенде бір дәріс ұлт пен этнос тақырыбына арналған еді. Сабақ барысында Қазақстан көп ұлтты мемлекет екенін айтып мақтанған едік. Ұстазымыз Майлс Муней сөзімізді бөлмей тыңдап, қарсы сұрақ қойды.
– Қазақстанда 130-дан астам ұлт тұрады дейсің. Соларды санап берші, қане?!
Қапелімде ойға келмей абдырап қалсам да, ұлт пен ұлыс өкілдерін санамалай жөнелдім. Бірақ қанша тырыссам да, тізімді әупірімдеп жүріп 30-ға әрең толтырдым. «Ұялған тек тұрмас» демекші, «қалғанын ұмытып отырмын» деп жауап қаттым. Мұқият тыңдап отырған Майлстың мына сөзін ешқашан ұмытпайтын шығармын.
– Қазақстанды 130-дай ұлт мекендейді дегенді белгілі бір тұрғыда түсінуге келеді. Әйтсе де, мына нәрсені есіңде сақта. Лондон – бүкіл әлем астанасы атануға лайық. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен жыл сайын миллиондаған адам қоныс аударады. Салыстырып қарасақ, мұнда өмір сүретін этнос өкілдері Қазақстандағыдан әлдеқайда көп. Бірақ біз ешқашан Англия көп ұлтты мемлекет деп мақтанбаймыз. Қазір ғана өз еліңдегі ұлттар санын отызға әрең жеткіздің. Алайда олардың бәрі – еліңнің азаматы. Қазақстанда бір ғана халық, бір ғана ұлт бар. Ол – қазақ халқы, – деп әңгімесін түйіндеді қарт ұстаз.
Бұдан кейін ұлт пен этнос ұғымдарының түп-төркініне үңіліп, жан-жақты талқыладық. Ғылым тілінде «Ұлт – ортақ тіл, аумақ, тарих, этнос не ортақ мәдениет қалыптастырған қоғам». АҚШ-та кеңінен қолданылатын «Блэктің заң сөздігінде» ұлт ұғымына «нақты территорияны мекендеп, тәуелсіз мемлекет, егеменді саяси елді мекендеген адамдар» деп түсініктеме береді. Ал «этнос – өз дамуының бастапқы кезеңінде аумағының бірегейлігі, бірдей тілге негізделген мәдениетінің, шаруашылық-тұрмыстық ерекшеліктері болуы, өзіне тән бірқатар белгілері бар тарихи жағынан қалыптасқан әлеуметтік топ».
Осы күнге дейін алқалы жиындарда «Қазақстанда 130-дан астам ұлт мекендейді» деп талай мәрте айтылды. Алайда жоғарыдағы талаптар төңірегінде тұжырымдасақ, Қазақстандағы ұлт белгісі де, этнос ұғымы да қазақ ұлтының шеңберіне ғана сәйкес келеді. Қазақ этносы бабалардан мұраға қалған біртұтас Ұлы даланы мекендеп, халық ретінде қалыптасты, жетілді. Мұны Ата заңымыздың бастауында «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып...», деп жазылған преамбула да айғақтайды.
Қазақ этносының мәселесін нақтыладық. Ендеше қалған «129 ұлт» қайдан шықты? Жоғарыда келтірген ғылыми тұжырым еліміздегі басқа диаспора өкілдерін ұлт деңгейіне көтеруге мүмкіндік бермейтіні түсінікті. Бәлкім статистикалық деректер Қазақстанды қанша диаспора мекендейтінін анықтауға көмектесер?
Сандарды сөйлетейік... 2009 жылғы Халық санағына сүйенсек, «тоғызыншы территорияны» 120 диаспора өкілі мекендейді. Бұл – ресми мәлімет. Яғни Қазақстанда 130-дан астам ұлт бар деген түсінік түбірімен қате екенін ресми статистика дәлелдейді.
Деректерге тереңірек үңілсек, Қазақстанда саны 10 мың адамнан асатын тек 20 диаспора бар екенін байқаймыз. Бұған 10 миллионнан асқан қазақ этносын қосыңыз. Сонда халықтың 16 миллионын небәрі 20 диаспора мен қазақ этносы құрап отыр. Бұл – 2009 жылғы дерек. Содан бері Қазақстан халқы 18 млн-нан асып, қазақ этносы 12 млн-ға жетті.
Қалған 100 диаспораның үлесі 96 мыңнан сәл ғана асады екен. Мысалы, 2009 жылғы Халық санағында елімізде 1 вепсі, 1 ижор, 1 ульча тұратыны көрсетілген. Бір қызығы, бүкіл әлемде 3000-дай ульча бар. Олар негізінен Ресейді мекендейді. Ал ижорлардың саны мыңға да жетпейді.
Салыстырып қарасақ көрші Ресейде 197 этнос өкілі мекендейді. Канадада 250-ге жуық диаспора бар. Қытайда ресми түрде 56 этнос ғана танылған. Норвегияда этнос ұғымы мүлдем жоқ. Люксембургта халықтың нәсілін, дінін, шыққан тегі мен этносын сұрауға тыйым салынған. Италияда да этнос туралы мүлде айтылмайды.
Жоғарыда аталған елдердің басым бөлігі санақ жүргізгенде халықты этносқа қарап есептемейді. Мәселен, Франция, Германия, Испания секілді «қарт құрлықтың» басты қозғаушы күші саналатын мемлекеттерде этнос ұғымы жоқ. Онда тек бір ұлт, халық қана насихатталады. Ал Ұлыбританияда халық санағы кезінде тұрғындардың шыққан тегін оншақты санатқа бөліп қарастырады. Олардың қатарында ақ нәсіл, қара нәсіл, британиялық деп кете береді. Қысқаша айтқанда, Тұманды Альбиондағы этнос ұғымы нәсіл түсінігімен астасып кеткен. АҚШ-та да негізгі бірнеше этносқа ғана басымдық беріледі.
Осы орайда Қазақстан азаматтарын бір тудың астына жинап, біртұтас халық қалыптастыруда ресми һәм мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің орны ерекше. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев наурыз айында Қордай ауданына барған сапарында бұл мәселеге де тоқталды.
«Сіздердің балаларыңыз қазақ тілін үйренуі керек. Мемлекет сіздердің мәдениеттеріңіз бен дәстүрлеріңізді сақтап, дамытуға жан-жақты қолдау көрсетеді. Дегенмен сіздер, әсіресе ауылда тұратын азаматтар мемлекеттік тілді білгендеріңіз аса маңызды», деді Президент.
Әрине Қазақстанда тұрақты тұратын әрбір диаспораның өзіндік ерекшелігіне нұқсан келтіру жайында сөз қозғалмауы тиіс. Олардың барлығы өздерінің тілдерінде оқып, қолдануға, мәдениеттерін дамытып, әдет-ғұрыптарын сақтауға құқы бар. Мемлекет бұған мүмкіндік беріп отыр. Алайда ұлтаралық татулықты сақтауға, біртұтас халық ретінде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығаруға бүкіл диаспора мүдделі болуы тиіс. Осындайда бәрімізді біріктіретін қазақ тілі мен қазақ ұлты екені айтпаса да түсінікті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, халықаралық аренада Қазақстан халқын «қазақ» деп біледі. Ендеше елдің ертеңі, мемлекеттің тұтастығы үшін «тоғызыншы территорияны» мекендеген бүкіл диаспора өкілдерінің бір тудың астына топтасуының бұрынғыдан да өзектілігі арта түседі.