
Алматыдағы бұл Достық үйі ерекше мәртебеге ие және «Коғамдық келісім» РМУ құрылымдық бөлімшесі ретінде 34 этномәдени бірлестіктің басын қосып отыр. Төрт жылға жуықтаған қысқа мерзім аралығында Шет тілдер кафедрасы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан тарихы және әлеуметтік ғылымдар кафедрасымен бірлесе отырып, Өнер академиясының, Қазақстан университеттерінің және көрші елдердегі ғалымдардың, оқытушылардың, магистранттардың қатысуымен дөңгелек үстелдер, семинарлар, конференциялар, кітап тұсаукесерлерін өткізді. Кей пленарлық отырыстар этномәдени бірлестік мүшелерінің қатысуымен Достық үйінің алаңында ұйымдастырылды.
Магистранттардың, студенттердің қатысуымен өткізілетін осы және өзге де білім беру іс-шаралары қазақстандық патриотизм мен ұлтаралық келісімді нығайтуға бағытталды. Академияда магистранттармен қатар, алыс және жақын шетелдердің студенттері тәлім алады. Сондықтан мұндай іс-шаралар бірлік пен ұлтаралық келісімді нығайту жолындағы қажетті алаң саналады.
Өнер академиясында Шет тілдер кафедрасы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының жұмыс істеуі – Достық үйімен қарым-қатынасты жандандыруға, ортақ жұмыс жүргізуге үлкен қадам болды. Достық үйі өткізетін түрлі фестивальдер, тақырыптық кештер, халықтық салт-дәстүрлер мерекесі мен этномәдени бірлестіктердің мерейтойлық даталары, тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен қалыптасуына үлес қосқан танымал шығармашылық және тарихи қайраткерлермен кездесулер, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдаулары мен мақалалары, ғалымдардың ғылыми еңбектері академияның серіктесі ретінде бірлескен сайтта жарық көріп отырады.
Достық үйімен бірлескен жұмысымыз – этномәдени бірлестіктермен жұмыс жасаудың нақты формасы саналады. Бұл қазақстандық біртұтастықты, ұлттық бірлікті, әлеуметтік және этносаралық келісімді нығайтуға, қазақстандық патриотизмді насихаттауға бағытталған. Көптеген іс-шараларда біздің академия Достық үйінің серіктесі ретінде концерттер, театрландырылған музыкалық қойылымдар, хореографиялық қойылымдар әзірлейді. Олардың көпшілігі қазақтың, Қазақстанда тұрып жатқан өзге де этностардың әдет-ғұрпын, толеранттылық пен ұлттық бірлік идеясын насихаттауға негізделген. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірліктегі алуан түрлілік» ұраны – біздің бірлескен шығармашылық жұмысымызды сипаттайды.
Өнер академиясы Достық үйімен бірлесе отырып, академияның шәкірттері әзірлеген және басып шығарған ғылыми және ғылыми-әдістемелік әдебиеттердің тұсаукесерлерін өткізеді. Олардың қатарында «Қазақстан руханиятының мәдени ескерткіштерінің энциклопедиялары» монографиясы мен «Наурыз мейрамы: көктемнің, бірліктің, кешірімділік пен мейірімділіктің мейрамы» кітабы бар. Бұл кітаптар Қазақстан халқы Ассамблеясының депозитарийіне қосылды.
Академия Қазақстан халқының мұрасын сақтауға және дамытуға ерекше көңіл бөледі. Мәселен, ұлттық күнтізбелік және салт-дәстүрлерге негізделген «Наурыз», «Масленица» мейрамдары бар. Мұндай мерекелер этнос өкілдерін жақындастырып, олардың өмірі мен шығармашылығын тануға мүмкіндік береді.
Өнер академиясы осындай іс-шараларға, Достық үйінің қызметкерлері ұйымдастырған өзге де қалалық және республикалық шараларға белсенді қатысады. Өнер академиясының сайтында Достық үйімен бірлесіп өткізілетін іс-шараларды жариялаймыз. Олардың қатарында концерттер, шағын театрландырылған қойылымдар, хореографиялық қойылымдар, дөңгелек үстелдер, республикалық және халықаралық конференциялар бар. Қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Сәйкесінше біз жүзеге асырып жатқан жобалар шетелдік серіктестерді де қызықтыруда.
Мәселен, «Көп мәдениетті әлемдегі балалар мен кітаптар» атты халықаралық конференция жұмысына шетелдік әріптестеріміз, 9 елдің, сондай-ақ еліміздегі түрлі қалалардың өкілдері қатысты. Достық үйінің қолда бар техникалық базасы конференция жұмысының күндізгі бөлімін өткізуге және өзге елдер мен қалалардың құттықтауларын тыңдауға мүмкіндік берді.
Осылайша Өнер академиясы мен Достық үйінің бірлесе атқарып келе жатқан ауқымды жұмысы еліміздегі бейбітшілік пен келісімді нығайту жолындағы бірегей бағдар деуге болады. Яғни екі ұйымның арасындағы ынтымақтастық мүмкіндігі – бұл жастарға этномәдени бірлестіктердің қызметімен танысу мүмкіндігі деп бағалаған абзал.
Меңдіғаным ШАЙМЕРДЕНОВА,
Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры