Саясат • 01 Мамыр, 2020

Қылмыстық жүйені жаңғырту

239 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қауіпсіздік кеңесінің аппараты Елбасы мен Қазақстан Республикасы Прези­дентінің тиісті тапсырмаларын орындау бойынша жұмысты жалғастыруда. Құқық қорғау жүйесінің толыққанды реформасы Қазақстан Республикасын дамытудың заманауи кезеңіндегі ең өзекті міндеттердің бірі болып қалады.

Қылмыстық жүйені жаңғырту

Атап айтқанда, 2020 жылғы 30 сәуірде Қазақстан Республикасы Прези­дентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңе­сінің Хатшысы Ә.Исекешев қыл­мыс­тық-атқару жүйесін одан әрі дамыту мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді.

Кеңес жұмысына Ішкі істер министр­лігі­нің, Бас прокуратураның, Қылмыстық-атқа­ру жүйесі комитетінің (бұдан әрі – Ко­митет) және оның аумақтық бөлім­ше­лерінің басшылық құрамы қатысты.

Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында (Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы №858 Жар­лығымен бекітілген) көрсетілген пени­тен­циарлық жүйені дамыту міндеттерін орындау нәтижелерін ұсынды.

Атап айтқанда, бас бостандығынан айырумен байланысты емес қылмыстық жазалау шараларын практикаға кеңінен енгізу қамтамасыз етілді.

Егер 2009 жылы бас бостандығын шектеу сияқты жазаның түрін республика соттары 781 сотталғандарға қатысты та­ғай­ындаған болса, 2019 жылы аталған қыл­мыстық жауапкершілік шараларына 9 495 немесе 12 есе көп адам тартылған.

Сондай-ақ бас бостандығынан айыру­мен байланысты емес қылмыстық жаза­ның басқа түрлерін қолдану аясы ай­тарлықтай кеңейді: қоғамдық жұмыстар – 3,8 есе (1 213-тен 4 638-ге дейін) және айып­­пұлдар – 2,3 есе (1 765-тен 4 082-ге дейін).

Қабылданған шаралары нәтижесінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тұлғалардың саны 2010 жылғы 63 643-тен 2020 жылы 29 841-ке дейін қысқарды; «Түрме халқының индексінде» Қазақстан Республикасы 13-орыннан 99-орынға ауысып, өз позицияларын айтарлықтай жақсартты.

Заңнамалық база маңызды жаңаруға ұшырады.

2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қа­зақстан Республикасының жаңа Қылмыс­тық-атқару кодексі, 2017 жылы – «Про­бация туралы» заң қолданысқа енгізілді.

Қылмыстық-атқару инспекция­лары­ның орнына пробация қызметтері құрылды, олардың негізгі функцияларының бірі сотталғандарды түзеп-тәрбиелеуге ықпал етуді, оның ішінде тәсілдерді дараландыру қағидаты негізінде дамыту болды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының бастамасы бойын­ша қылмыстық жазаларды орындау бо­йынша қызметтің тәрбиелік бөліктерін арт­тыру идеялары 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам – Ұлт жоспарында  көрініс тапты.

Өз кезегінде Қылмыстық-атқару жүйесі коми­тетінің төрағасы соттал­ған­дарды ұс­тау жағдайы жақсарғанын, туыс­тарымен әлеу­меттік байланыстарды қолдау мақ­сатында кездесулер мен теле­фон арқы­лы сөйлесулер санының артқа­нын хабарлады.

Сонымен қатар қылмыстық-атқару ме­­ке­мелерінде сотталғандарға арналған дүкен­дердің электронды форматтағы жұ­мысының шетелдік тәжірибесі енгі­зілуде.

Ұлт жоспарының 33-қадамына сәйкес Елбасының 2016 жылғы 8 желтоқсандағы №387 Жарлығымен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың кешенді стратегиясы бекітілді.

 Жұмыстың негізгі бағыттарының бірі ретінде пенитенциарлық инфрақұрылымды жаңғырту, сотталғандардың еңбекпен қамтылуын, оның ішінде мемлекет-жекеменшік әріптестігі механизмдерін қол­дана отырып дамыту болды (Ұлт жос­парының 34-қадамы).

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қылмыстық-атқару жүйесі қыз­мет­керлерін материалдық қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру мәселелері Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарын жаңғырту жөнін­дегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол кар­тасының 8-бөлімінің нақты іс-шарала­рының мәні болып табылады (Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің 2018 жылғы 27 жел­тоқсандағы №897 қаулысымен бекі­тілген).

2019 жылдың тамыз айында Қазақ­стан Республикасы Президенті Қ.К.То­қаевтың тапсырмасы бойынша пени­тенциарлық жүйеде сотталғандар құқық­тарының сақталу заңдылығының жағдайы Қазақстан Республикасының заңдылықты, құ­қықтық тәртіпті және қылмысқа қар­сы кү­ресті қамтамасыз ету жөніндегі Үй­лес­тіру кеңесінің арнайы отырысында қаралды.

Үйлестіру кеңесімен қарау нәтижелері бойынша сотталғандар құқықтарының бұзылуын болдырмау жөнінде бірқатар нақты ұсыныс әзірленді, олар іске асыру сатысында.

Кеңесте ұсынылған уәкілетті орган­ның жұмысы туралы ақпарат Прези­дент­тің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хат­шысы Ә.Ө.Исекешевпен назарға алын­­ды, стра­тегиялық және бағдарла­малық құжаттарда көрсетілген бірқатар мақсат­қа қол жеткізілгендігі айқындалды.

Сонымен қатар Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы атап өткендей, қылмыстық-атқа­ру жүйесін жаңғырту қоғамның құқық қорғау саласындағы ең өзекті сұраныс­тарының бірі болып қала беруде.

Жиналысқа қатысушылардың назары БАҚ пен әлеуметтік желілерде жалға­судағы пенитенциарлық мекемелердің қыз­мет­керлері мен басқа да сотталғандар тара­пынан қылмыстық жазасын өтеп жат­қан азаматтардың құқықтарын өрескел бұ­зуы туралы жарияланымдарға аударылды.

Қылмыстық-атқару жүйесінің жүйелі проблемаларының қатарында сыбайлас жемқорлық, тыйым салынған заттардың өтуі, пробация қызметінің жұмысындағы формализм, жұмыстың ескірген нысандары мен әдістері, ведомстволық «Еңбек» РМК әлеуетін жеткіліксіз пайдаланылуы атап өтілді.

Өткізілген талқылау барысында Ішкі істер министрлігі мен Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің жауапты басшылары қылмыстық-атқару жүйесін жаңғырту жөніндегі белсенді және іргелі жұмысты жалғастыру қажеттігіне бағдарланды.

Оның ішінде қызметтің басым бағыт­тары ретінде:

- қылмыстық-атқару жүйесі меке­мелерінің қызметінде қазіргі заманғы технологияларды неғұрлым белсенді қолдану (бейнебақылау, онлайн-шағымдану мен бейнекөру порталдары және т.б.);

- сотталғандар арасында тәрбие және идеологиялық жұмыстың тиімділігін арттыру, пәрменді психологиялық көмек көрсету, оның ішінде суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бойынша шаралар қабылдау;

- ведомстволық бағынысты кәсіп­орын­дардың әлеуетін, мемлекет-жекеменшік әріптестігі механизмдерін неғұрлым тиімді пайдалану және сотталғандардың нақты еңбекпен қамтылу көрсеткіштерін арттыру есебінен қылмыстық-атқару жүйесінің шаруашылық қызметін оңтайландыру;

- пенитенциарлық инфрақұрылымды, бірінші кезекте бас бостандығынан айыру орындарында қылмыстық жазасын өтеп жатқан азаматтарды ұстау жағдайларын жақсарту;

- сотталғандарды қайта әлеуметтендіру бойынша жұмыс тәсілдерін, оның ішінде оны бағалау критерийлерін қайта қарау;

- мекеме қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау ық­тималдығын болдырмайтын немесе азай­татын күнделікті жұмыс процестерін ұйым­дастыру алгоритмдерін әзірлеу және енгізу;

- қылмыстық-атқару жүйесіндегі қыз­меттің беделін арттыруға бағытталған ша­ра­ларды қабылдау.

Талқылау барысында пенитенциарлық мекемелерде қылмыстық жазасын өтеп жат­қан азаматтардың өмірі мен денсау­лығын қорғау кепілдігін арттыру, соның ішінде СОVID-19 пандемиясы жағда­йында эпидемияға қарсы қорғау шараларын күшейту қажеттігі бөлек атап өтілді.

Қорытындылай келе, Қауіпсіздік кеңе­сінің хатшысы қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру мәселелері алдағы уақытта да Президент Әкімшілігі мен Қа­уіпсіздік кеңесі басшылығының тұрақты бақылауында болатынын айтты.

 

Қауіпсіздік кеңесінің аппараты