Бүгінде көктемгі дала жұмыстарына сапалы тұқымдар дайындалып, 560 трактор, 278 тұқым сепкіш, 1600-ден астам тырма және 150 қопсытқыш қондырғылары әзірленген. Олардың қатарында лизингке сатып алынған жаңа қондырғылар да бар. Ауыл шаруашылығы техникаларын жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешімін тауып отыр. Ал, көктемгі дала жұмыстары үшін 2405 тонна жеңілдетілген дизель отыны қарастырылған. Сол сияқты Қордайда минералды тыңайтқыштар мәселесі бойынша «КазАзот» АҚ және «Казфосфат» ЖШС-мен келісім жасалған.
Көктемгі дала жұмыстарына 81,5 мың гектар ауыл шаруашылық жерлері дайындалып, оларға бүгінде жаздық арпа, көпжылдық шөптер, көкөніс, бақша дақылдары толығымен егілген. Майлы дақылдар мен жүгері дәнін себу шаралары жалғасуда. Сонымен қатар, бүгінгі таңда ауданда күздік бидай 22 мың гектарға, арпа 42 мың гектарға, көпжылдық шөптер мен көкөністер 8,200 гектарға, картоп 3200 гектарға егілген. Көктемгі дала жұмыстарына Қордай ауданынан 467 отбасы Шу ауданына аттанса, бұдан бөлек 117 отбасы пияз және басқа да көкөніс дақылдарын егумен айналысатын көршілес Алматы облысына бет түзеген.
Ал, Жамбыл ауылдық округі ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаға қатысуда. Мұндағы шаруалар 8,5 миллион теңгеге қаржыландырылған «Жаңатұрмыс-Бірлік» кооперативіне бірігуде. Аталған қаражат тұқымдар, тыңайтқыштар және өсімдіктерді химиялық қорғау құралдарын сатып алуға бағытталған. Жоба аясында 950 аула қамтылған. Олардың иелігіндегі 62 гектар ауыл шаруашылық жерлеріне картоп, қияр және сәбіз егілді. Кооператив мүшелері 620 тоннаға дейін картоп, 434 тонна сәбіз және 192 тонна қияр алуды жоспарлауда.
Жамбыл облысы