02 Мамыр, 2020

Ақмолада ардагерлерге құрмет көрсетілуде

121 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ардагерлердің әлеуметтік тұрғыдағы мәселелері ұдайы назарда. Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында майдангерлерге 1 миллион теңгеден қаржылай көмек көрсетілді. Сондай-ақ, аға буын өкілдеріне тұрмыстық және атаулы көмек көрсетуде өңірдегі волонтерлар мен жекелеген кәсіпорындар да белсене атсалысуда.

Ақмолада ардагерлерге құрмет көрсетілуде

Қазіргі таңда аймақта тұратын 36 майдангер толық қамқорлыққа алынған. Қоғам белсенділері мен волонтерлар ардагерлерге медициналық көмек пен тұрмыстағы күнделікті жәрдем көрсету сияқты бірқатар маңызды мәселені өз мойындарына алған.

–Үкімет осы Ұлы Отан соғысына қатысқандарға көмегін жылдан-жылға көбейтіп, қамқорлықты молайтып келе жатқанын баса айтуымыз керек. Биыл Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерге 1 миллион теңге қаржылай көмек көрсетіліп жатыр. Одан басқа 4695 соғысқа қатысқандарға теңестірілгендер бар. Оларға да 30 мыңнан 100 мың теңге аралығында көмек көрсетіледі. Бұдан басқа «Нұр Отан» партиясының жанашырлығымен мүгедектерге және аса мұқтаж қарттарға 50 мың теңгеден көмек көрсетілмекші,– дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл.

Ауған соғысына қатысушылар мен тыл ардагерлері және оған теңдестірілгендер де назардан тыс қалмайды.  Қазір Көкшетауда 14 ардагер бар. Олардың әрқайсына қажетінше көмек көрсетіледі. 

Елдегі төтенше жағдайға байланысты Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына арналған мәдени көпшілік іс-шаралар онлайн түрінде ұйымдастырылмақшы. Ұлы Жеңіске жету жолындағы майдангерлердің ерен ерлігі халық жадында мәңгі сақталады.

 

Ақмола облысы