Аймақтар • 02 Мамыр, 2020

Қарағанды облысы: Төртінші мамырдан бастап тірлік жанданады

813 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Карантин құрсауының босаңсығаны кәсібі тоқтап, қалтасы жұқарған біраз жұрттың көңілінде үміт отын жақты. Мысалы, Қарағанды облысында Теміртау қаласынан басқа елді мекендерде халыққа қызмет көрсететін бірқатар нысандардың жұмысы қайтадан жанданатын болды. Бұл туралы арнайы брифинг барысында Қарағанды облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қанат Асқаров мәлімдеді.

Қарағанды облысы: Төртінші мамырдан бастап тірлік жанданады

Сонымен, мамыр айының 4-ші жұлдызынан бастап карантиннің тізіміне кірген қалалар мен елді мекендердің тұрғындары алдын ала жазылу бойынша шаштараз және сұлулық салондары қызметтерін пайдалана бастайды. Ақша айырбастау пункттеріне және азық-түліктен де өзге тауарлар сататын дүкендерге бара алады. Газет-журнал дүңгіршектері мен баспа өнімдерін сату нүктелері де жұмыс істей бастайды.

Дүкен демекші, аумағы 500 шаршы метрден аспайтын барлық сауда нүктелері сағат кешкі сегізге дейін жұмыс істейтін болады.

Бұдан бөлек, рұқсат алған тізімде фотосалондар, гүл сататын дүкендер бар. Тұрғындар алдын ала жазылып, стоматологиялық кабинеттер мен клиникаларға бара алады. Микроқаржы және сақтандыру ұйымдары, жарнама агенттіктері, жылжымайтын мүлік компаниялары, баспаханалар, ломбардтар, айырбастау пункттері, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар кәсіпорындары, жеке сот орындаушылары, заңды және нотариалдық кеңселер қызметіне кіреседі.

– Мамырдың төртінен бастап далада жеке спорттық сабақтар өткізіп, жаттығулар жасауға рұқсат етіледі. Сондай-ақ, 1 мамыр күні сағат 00.00-ден бастап санитарлық шараларды сақтай отырып, Қарағанды облысының барлық аумағында саяжай учаскелеріне жол ашылады, – деп кетпен-күрегін сайлап отырған ағайынды да қуантып қойды Қанат Асқаров.

Сөзінің соңында облыстың бас санитарлық дәрігері жұмысы қайта жанданатын нысандардың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз ете отырып ашылуы тиіс екенін еске салды.