Руханият • 04 Мамыр, 2020

«Жатқанда Отан жері отқа жанып»

379 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында кемел ақын Жұбан Молдағалиевтің соғыс жылдарындағы поэзияға қалдырған ізіне зер салдым. Себебі сол жеңістің адамзат үшін қаншалықты маңызы болса, ардагер ақынның 100 жылдық мерейтойы да соншалықты қымбат. Қаламын қаруға айырбастаған Жұбан ақын майдандағы жауынгерлерге, артта қалған ел жұртына жүректен шыққан жырларымен қайрат берді, жұбаныш болар жыр іздеді. Қашанда, елін жаудан қорғау – ең маңызды іс.

«Жатқанда Отан жері отқа жанып»

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбай, EQ

Осы жол бағзы заманнан адамзаттың абы­ройлы асқақ арманы болды. Бола­шақ­тың да бақыты осыдан бастау алатыны белгілі. Отанын қорғау тек ерлердің ғана ісі емес, баршаның аялаған борышы. Отан – оттан ыстық мекен. Ұл-қызға ортақ қа­зы­на. Сондықтан да оны қорғау – ұлы абы­рой.

Семсерін Амангелді қолыма ұстап,

Саламын соғыс болса жауға қыспақ

немесе,

Саяңды жырға қосып сан мақтанам,

Сен мені адам еткен, ардақтаған, – деп өзінің қаршадай кезінен-ақ елім де­ген­де ет жүрегі езіліп, өз кесімін ай­тып-ақ қалған еді. Бұл 1940 жылы жа­­зылған «Серт» деген өлеңі болатын. Ақын осы өлеңінен кейін-ақ Кеңестің мил­лиондаған жауынгерімен бірге фашист басқыншыларына қарсы бітіспес күреске шықты.

Батыста басталған осы соғыс әлемнің төрт бұрышын түгел шарлады. Оған Анг­лия, Жапония, Италия, Франция, АҚШ, Кеңес Одағы т.б. көптеген елдер қатысты. Сөйтіп милиондаған жанды құрбан еткен әлемдегі қанқұйлы соғыс басталған еді. Осында жауынгерлерді ерлікке үндеу, жеңіске сендіру, Отанның қадір-қа­сиеті туралы үнемі жаңғыртып отыру май­дан­гер-журналистердің түпкі мақсаты бола­тын. Осы істе Жұбан сияқты алдағы мақ­са­ты айқын, жүрегінде оты бар жандар бірден бел шеше кірісті. Еліне деген зор қам­қорлық, өлшеусіз махаббат жауға деген бітіспес күреске ұласты. Өзінің 1942 жылы жазған «Бір бассаң да алға бас!» де­ген өлеңінде:

Тайынба жолдас жауынгер,

Ел тағдыры қолыңда!

Тайынбасаң оқ пен от,

Бөгет болмас жолыңа!

Қасқия шап қарсы бар,

Өмірдің нұрлы таңы үшін!

Бір бассаң да алға бас,

Миллиондардың бағы үшін!, – деп, таза жеңіске шақырған, жігерлі үгіт пен қай­раққа салып қайрауға толы қасиетті бо­рыш, сөйтіп жауға деген ақын жүре­гі­мен жалынды жырға айналған. Барша жа­уынгерлердің басты мақсаты да жауды жеңу. Әйтпесе жеңіліс тапсаң, онда елің күйрейді. Ошағың мен Отаның отқа түседі.

Жатқанда Отан жері отқа жанып,

Тұрғанда туысқандар жауда қалып.

Жеңбесек, жойқын қайрат

шығармасақ

Жігіттің неге жүрміз атын алып,

– деуі ерліктің бастауы, жігітке жігер қо­суы, ерге лайық батылдық-батырлықты та­лап етуі еді. Бұл таптаурынды жолы емес, тапқырлықтың ізі болатын.

Ұлтын сүю ұлылықтың белгісі. Бұл да Жұбан жырында. Туған жердің түп қызығы да Жұбан жырында. Кіндік қаны тамған жерін жырға қосу қай-қай ақынның да ар алдындағы азаматтық борышы болар. Бұл борышты кім қалай түсінеді? Кім қалай бағалайды? Оның үстіне ел шетіне жау кіріп жатқанда, жатып көр. Ақынның жыр жинағына үңіліп қарасақ, 22 жасында жазған «Туған елге» деген монологында мынадай жолдар бар:

Сен есіме түскенде,

Құшағын анам ашқандай.

Жауыма қарсы өшпенде,

Шабамын жаудан жасқанбай, – деген тіркестер бүгінгі өлшеммен жалаң ұйқас болғанмен жадағай сөз емес. Туған жерге деген сағыныш сазы елітеді. Жүрегінен са­ғыныш сәулесі төгіліп, жанарынан құ­йыл­ған жас жауға қарсы оқ болып ша­шы­райды. Тағы да ақынның жыр шу­мақ­тарына маңдайымды тіреп көрейін. Шып-шып етер шындықты ақынның өз жырынан оқиық:

Туады сол күн біздерге,

Дұшпанды жеңіп келеміз.

Күлімдеп қарап жүзіңе,

Бауырыңа еркін енеміз, – дегенді бала да түсінсе керек-ті. Туған жер тылсым өлке. Оның қысы да, жазы да жадыңда жаң­ғырып жататыны жаңалық болмасы анық. Демек, Жұбанның да туған жерге қайта-қайта мойын бұра беруі адам өміріндегі қасиетті борышқа адалдық деп мойындағанымыз дұрыс. Борышқа адал болуды жадағай жалаулатпайды, жан-тәніңе емірене ендіре білген. Ал түптеп келгенде, туған жердің төсінде қазақ халқың, өз туған Отаның, өлең төсегің жатса керек.

Мәскеу түбінде шайқасқан 28 панфи­лов­шы­лардың ішінде қазақтар аз бол­ма­ған. Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қош­қар­баев кім еді?! Сөйтіп жеке-жеке санай берсек талай жүрек жұтқан батырлардың қатары қаланары анық.

Болды-ау деп уақыт аз-ақ тым,

Өкініп кейін аттандым.

Мен де бірі қазақтың,

Болғаныма мақтандым, – деуі намысшыл, ер кеуделі, Отаншыл қазақтардың аз еместігін дәлелдесе керек. Өз ұлтын сүю оның батырын «батыр» деп айту, жасығын және жасырмау өр ақынның алдына қойған мақсатын айқындай түседі. Сөйтіп ол өлеңдерінде батыр халық қазақты жыр етуден жасқанып көрген емес. Қашанда елінен ерлікке лайық жандарды көру, ақынның жанын жалаулата түседі.

Жұбан Молдағалиевтің соғыс жылдарында жазған өлеңдерінің ішінде «Қазақ» өлеңіне айрықша тоқталудың өзіндік мәні бар. 1943 жылы жазылған бұл өлең алғаш рет қазақ халқын ұлт ретінде даралап қараудың үлгісін танытты. Ол барлық майдандық газеттерде басылды. Бұған дейін көптің бірі ретінде «совет халқы» дейтін айбарлы ту астында аталатын шағын ғана ұлт енді Исатай мен Махамбеттей үкілі найза ұстаған, жүрек жұтқан батырлары бар, Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Төлеу Әбдібеков, Төлеген Тоқтаров, Темір Масин, Михаил Абдолов сияқты ерлері атойлаған, шығыстың шырақтары атанған Әлия мен Мәншүк, жауды көктен көкпар қылған, намысын шоққа қарыған Нүркен Әбдіров сынды батырлары бар елдің ұрпақтары сын сағатта ұлы ерліктер жасады. Оны осы соғысқа қатысып, көзімен көрген талай өзге ұлт өкілдері де айтып кетті, айтыла бермек. Тарихтың өзі де қазақтың ұлт ретіндегі бейнесін жоғары ұстап келеді. Сондай-ақ осы соғыста талай қазақ ұрпағының Отан үшін отқа түскен жанқиярлық ерлігі еленбей қалғандығын елесек, қаны сорғалаған шындықтың саны еселене түсері анық.

Өжет ері Отанның,

Қаһарлы, қайсар қаһарман.

Момышұлы Бауыржан,

Ол да қазақ баласы, –

немесе,

Өткенді, достым, білмесең,

Білерсің бәлки, жаңаны.

Қазақты жақсы таниды,

Жаудың да енді адамы, – деген жолдар айнымай-ақ соғыс шындығын алдыңа әкеліп жаяды. Жоғарыдағы мен мысалға келтірген өлең кейіннен жазылған «Мен қазақпын» поэмасына негіз болғаны айдан анық ақиқат. Поэма өз кезегінде бар халықтан тиісті бағасын алды. Ақын айдай әлемге «қазақ» атын әшекейледі.

Адам баласы қайда жүрсе де туған жерін жер киесіне санайды. Оның қары да, жаңбыры да жаныңа жайлы тиіп, кеудеңе керуен көш қондырғандай. Жайық бойын жағалай қонған ел, жағалай ұшқан құс, жүгірген аң. Кеш түсе өзен жағасынан соғатын саумал самал тұп-тұнық, тап-таза. Бетегелі бел, шөбі шүйгінді өңір өндір рең танытып, тұнығына тартқандай. Көктемдегі айдынды Жайықтың айбынды екпіні де адамды қызықтырады. Міне осындай өлке майдандағы сарбаздың бірден-бір сағынышы да, жұбанышы да.

Сағындым сені, Жайық алма бақты,

Өткізгем өз бойыңда

жастық шақты.

Сүюші ем төңкерілген толқыныңды,

Сылқылдап соғып жатқан

жарқабақты, –

деуі тап сағыныштың сарғайған шағы деп түсінейік. Осы бір сәт ақынның туған елге деген аңсар шағын аялай түседі. Бәрін тастап туған елге бет бұрғысы келеді. Бірақ ел шетінен кірген жауды жеріне жеткізе жеңбей туған жерге оралу жоқ. Туған жердің сәлемі де салмақты, күтер жауабы да олқы емес. О бастағы ауыздан шыққан «сертің серт» дегендей байлаулы уәде бар.

Асынып аттанарда қару-жарақ,

Серт еткен ұландарың саған қарап.

Толқының тіл қатқандай болды бізге,

«Жағамда жүрмесін, – деп,

– жау анталап»,

– дейді ақын. Сөйтіп туған жердің өтініші де өткір, тарқатар сыры да терең.

Жұбан ақынның поэмалар шоғырында татар халқының ұлы ақыны Мұса Жәлелдің (1906-1944) Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы фашист тұтқынында отырып жазған «Моабит дәптері» туралы «Жыр туралы жыр» поэмасы соғыстың сұрапыл шағын тағы бір еске түсіреді. Осы соғыстағы басы айқын нәрселердің бірі – халықтар арасындағы сыйластық болмаса, екі ұлттың бір-біріне деген құрметі қалыптаспаса, ол соғыстың пайдасы біз үшін оңтайлы шешілер ме еді, қайтер еді. Тұтас бір елдің жауынгерлері бір ананың балаларындай қимылдап, бақайшағына дейін қаруланған фашистерді өз апанында күйретті. Мұны бір деңіз. Екіншіден, Мұса Жәлел 1956 жылы Кеңес Одағының Батыры атағын, 1957 жылы «Моабит дәптері» үшін Лениндік сыйлықты ие­лен­ді. Ал мұндай жоғарғы даңқтар өз кезе­гін­де үлгі етер ұлы істердің бірі болатын. Үшіншіден, Жұбан ақын жаратылысынан көпшіл, өзгені де өзіндей көріп дара пейіл, дархан көңіл таныта білетін жан. Өзгенің құрметіне де өзі алғандай қуанатын жан. Міне, осы себептер ақынның өжет батыр жайлы жазбаларына негіз қалады. Сөйтіп, «Жыр туралы жыр» өмірге келді.

Сұм соғыста кесапат қайдан болды дерің бар ма. Бірде Мұса Жәлел құлаған мұнараның астында қалып, есінен айрылады. Қансырап жатқан оны фашис­тер сүйреп алып шығып, емдеп қатарға қосады. Ондағы ойлары мұсылмандар легионына татар халқының ақыны Мұса Жәлелдің қызмет ететінін мадақтай отырып, өзгелерге үлгі етуді, сөйтіп өздерінің арам ойын жүзеге асыруды мақсат еткен еді.

Тірілттік, жаздық жараңды,

Тірілтті неміс даруы.

Құтқармақ қатын-балаңды,

Жеңімпаз фюрер қаруы.

Шығады татар газеті,

Жаза бер соған жырыңды.

Сол ғана бізге қажеті,

Комиссар ақын бұрынғы! – деген фашистердің бұл сөзіне ақын еш келіскісі жоқ. Ол Отанын сатпайды. Сөйтіп ақын­нан өздеріне берілмейтін сес танып, оны Моабит концлагеріне апарып қамап, неше түрлі қинаудың зобалаңын көрсетіп, қан-жоса қылады. Сол жайларды поэзия тілімен сөйлеткен ақынға сөз берелік.

Моабит. Сасық бір қуыс,

Табыттай тастан қаланған.

Тұтқынның күні бір уыс,

Қабырға, еден қара қан, – дей келе фашист лагерлерінің сұрқия түрі адам шо­шырлық екенін дәл береді. Осында тараған түрлі жұқпалы аурулар, адамға жасалар неше түрлі қинаулар мен тәжіри­бе­лердің баршасын көзімен көрді, кейбірін басынан кешті.

Жуса да тәнін қызыл қан,

Жатар ма ақын құр қарап.

«Бермей-ақ қойсын үзім нан,

Берсеші қағаз бір парақ!..», – деп азапты өмірден қорықпайды. Тек бір парақ қағаз құны өзі үшін артық екенін бірнеше рет қайталап жүрді. Өлең іште пайда болған ақын баласы, ал оны өлтірмеу керек. Ол үшін жазар қағаз керек.

Жоғарыдағы поэмадан алынған жеке-жеке шумақтар 8 буыннан тұратын шалыс ұйқасты арқау еткен. Оқуға жеңіл келеді. Түсінуге де оңай. Ұйқастары өткір, бір-біріне кіріккен. «Бір қуыс, бір уыс», «қаланған, қара қан» т.с.с поэманың сыртқы келбетіне ішкі өлең өлшемі де беттесіп келеді. Оны жас баладан бастап, ересек тұлғаға дейін сүйсіне оқитынына көзің жетеді. Көңілге қонымды, ойы ортақ қазына.

Бейхабар өткен жыл мұнда

Өткен жоқ сенсіз,

сен, елім!

Сен сенсең тұтқын ұлыңа,

Мен саған шексіз сенемін, – деуінен, туған елінің алдында басын иген тұтқын баланы көресің. Адалын аңғарып қол соғасың. Құптайсың. Сөйтіп ер мен езді айыра білетін халық Мұса Жәлелге, әрине, шексіз риза. Қат-қабат лагерьде соншама ауыр күн кешіп, қан жұтып жүрсе де туған елге деген жанын шүберекке түйіп, жүрегін елге деген махаббатқа орап опат болды.

Кейіннен лагерьде көрген қорлығын ретін тауып жазып қалдырған ақын поэмасы соғыс басылған соң қалың оқырманын табады. Аштықтың, қинаудың неше түрін көрсе де фашистерге берілмеген жан асқан ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсетті. Баршаға үлгі болды. Поэма лайықты бағасын алды. Оған «Моабит дәптері» үшін 1957 жылы Лениндік сыйлық берілді.

 

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

Батыс Қазақстан облысы,

Ақжайық ауданы