Сол 95 жыл уақыт аралығында аталған жарыстың жалауы 45 мәрте желбіреп, сан миллион жанкүйер талай «жан алысып, жан беріскен» жекпе-жектердің куәсі болды. Сөз орайы келгенде айта кетейік, қарт құрлықтың басты додасына біз бекер тоқталып отырған жоқпыз. Кезінде Қазақстан КСРО-ның құрамында болған кезде біздің біраз жуан жұдырықты жігіттеріміз Еуропа чемпионаттарында күш сынасты. Кейбіреуінің асығы алшысынан түсті, кейбіреуі елге еңселері түсіп оралды. Бүгінгі мақаламызда біз сол байрақты бәсекеде бақ сынаған отандастарымыз жайында әңгімелегіміз келеді.
Кезінде Қазақстанның көптеген мықты боксшылары аса ірі халықаралық жарыстардан шет қалғанын егде тартқан жанкүйерлер жақсы біледі. Кеңес Одағының солақай саясатының салдарынан талай жақсыларымыз бен жайсаңдарымызға айтулы додада бақ сынау бақыты бұйырмады. Тек жетпісінші жылдардың соңында ғана жерлестерімізге Еуропа чемпионатында өнер көрсету мүмкіндігі туды.
1979 жылы Германияның Кельн қаласында 23-мәрте ұйымдастырылған құрлық біріншілігіне Қазақстанның екі боксшысы қатысып, екеуі де алтын тұғырға көтерілді. Атап айтсақ, 60 кило салмақтағы Виктор Демьяненко жартылай финалда ГДР өкілі Рихард Новаковский мен ГФР-дың мықтысы Рене Веллерден басым түссе, 63,5 кило салмақтағы Серік Қонақбаев шешуші тұста неміс Карл-Хайнц Крюгер мен италиялық Патрицио Оливаны қапы қалдырды.
1981 жылғы жарысты Финляндияның Тампере қаласы қабылдады. Суоми еліне аттанған Серік Қонақбаев екінші мәрте Еуропа чемпионы атанды. Бұл жолы қандасымыз 63,5 кило салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмеді. Ақтық айқаста ол өзінің сыралғы қарсыласы Карл-Хайнц Крюгерді тағы да жер сипатып кетті. 57 кило салмақта сынға түскен Серік Нұрқазов қола медальді мойнына ілді. Аса шиеленісті өткен жартылай финалдық бәсекеде қазақ боксшысы Рихард Новаковскийге есе жіберді.
Қазақ боксының мықтылығын түбегейлі мойындаған КСРО құрамасының бапкерлері 1983 жылы Болгарияның Варнасында жалауы желбіреген жарысқа бес жерлесімізді апарды. Олардың барлығы да жеңіс тұғырынан қол бұлғады. Финалда ринг қожайыны Пламен Камуровты жеңген Серік Нұрқазов (57 кило) бас жүлдені олжаласа, Бейбіт Есжанов (48 кило), Рашид Кабиров (51 кило), Виктор Демьяненко (60 кило) және Александр Мирошниченко (+91 кило) қолаға қол созды.
1985 жылғы байрақты бәсеке Будапештте өтті. Мажарстанның бас шаһарына сапар шеккен Қазақстанның жалғыз өрені Кәрімжан Әбдірахманов (48 кило) қола медальді еншіледі. Бастапқы бәсекелерде Финляндия мен Румынияның өкілін ұтқан оның жартылай финалда неміс жігіті Рене Брайтбартқа әлі жетпеді.
1987 жылы Туриндегі (Италия) жарысқа Қазақстаннан ешкім бармады. 1989 жылы Афинаға Игорь Ружников (63,5 кило) пен Александр Мирошниченко (+91 кило) аттанды. Алғашқысы алтын алса, екіншісі қола медальді иемденді. 1991 жылы Сиднейде Болат Теміров (51 кило) бақ сынады. Бірақ ширек финалда мажарстандық Иштван Ковачқа жол берген қандасымыз жүлдегерлер санатына қосыла алмады.
Осылайша, Еуропа чемпионатында күш сынасқан қазақстандықтар арасынан бір ғана боксшымыздың жүлдеге қол жеткізе алмағанын байқаймыз. Қалғандарының барлығы да жеңіс тұғырына көтерілді. Тарқатып айтсақ, отандастарымыз 5 алтын және 7 күміс медаль олжалаған екен. Барлығы – 12 жүлде!
КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан құрамасы Азия біріншілігіне қатыса бастады. Бұл ретте отандық былғары қолғап шеберлеріміз өздерінің мықтылығын түбегейлі мойындатып, сары құрлықтағы ең белді командалардың бірі әрі бірегейіне айналды. Жалпы есепте де жерлестеріміздің сан мәрте топ жарғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Десек те қазақтың жуан жұдырықты жігіттерінің табысы осымен ғана шектеліп қалған жоқ. 1993 жылы Бурсада өткен Еуропа чемпионатында Түркияның туы астында өнер көрсеткен қандасымыз Нұрхан Сүлейменұлы бас жүлдені олжаласа, 1996 және 1998 жылдары ол күміс медальді кеудесінде жарқыратты.