Руханият • 04 Мамыр, 2020

Сөз сойыл №93

9103 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Құлқын туралы хикая

Жемқор қазақтың өзінен шыққан,

Яғни «же» және «қор» деген сөзінен шыққан.

«Же» не деген сөз?

«Аса», «же» деген сөз.

Содан адам  жей берген,

Жеген сайын жесем дей берген.

«Ауру – астан» деген сөзді ұмытқан,

Құлқыны жеген сайын құныққан.

Артық салмақ, бірақ,

Болып шыққан тұзақ.

Жүре алмай ұзақ,

Мұрттай ұшқан құлап.

Ақылынан ауып қалған,

Жедел жәрдем шауып барған,

Ауруханаға алып барған.

Сөз сойыл №93

 Ауру есін жиғанда,

Жатыр екен диванда.

Ақ телпегі басында

Бір адам тұр қасында.

– Сен кімсің?

Мұнда не істеп тұрсың?

Болсаң егер дәрігер,

Тезірек дәрі бер.

Айығып кетейін,

Үйіме жетейін, –

Деді ауру алқынып,

Тұрмақ болып талпынып.

– Ақымақ! – деді әлгі адам, –

Ақша таппасаң жалма-жан,

Текке терлемеймін,

Тегін емдемеймін...

 

Ауру өліп барады,

Жанары сөніп барады.

Деді ауру:

– Дәрігер,

Тезірек дәрі бер.

Неге текке өлейін,

Айтқаныңа көнейін,

Не сұрасаң да берейін.

Дәрігер айтты:

– Дәрігер емес, емқормын,

Қатардағы жемқормын.

Басында емқор болдым,

Кейін «Ж» қосылып, жемқор болдым.

Ауру мән-жайды түсінді,

Сұраған ақшасын ұсынды.

Емқор емдеп шықты,

Дәрісі «жем» боп шықты.

«Асты қорлама, құстырады,

Абыройсыз іс қылады», –

Деген мақал осындай екен,

Жемқорлар шошынбайды екен.

«Ауру қалса да, әдет қалмайды» екен,

Жемқорлығын қайта жалғайды екен,

Айналасын жалмайды екен.

 *  *  *

Ал «қор» сөзіне келсек,

Кезекті өзіне берсек:

Қор алдымен зорлық болады,

Артынан қорлық болады.

Өйткені қатыгез адамдар,

Ұры-қары, арамдар:

(Бәлеқор, жалақор,

Парықсыз парақор

Деп айтады ондайды)

Өзгелерді қорлайды,

Әлі жеткенді зорлайды,

Оларда опа болмайды,

Бәрібір оңбайды,

Түбінде сорлайды.

«Ұрлық, зорлық –

Түбі қорлық» –

Деген мақал баяғы

Жемқорлыққа саяды,

Жақсылыққа апармайды аяғы.

Жемқордың жеткен жері сот болады,

Әділ заңмен сотталады,

Әй, осы жемқорлық қашан тоқталады?

 

Асылбек ӘБДІРАХМАН

АЛМАТЫ

 

Бірде...

Бақытжан Момышұлының жақсы көретін рухани інісі Елмұрат ағасымен әңгімелесіп отырған. Сөзден сөз туындап реті келіп қалғанда:

– Тәтем сізсіз ештеңе істемейді, «ағаң біледі», «ағаңа айтайын» деп отырады, – деді.

– Ой, Елмұрат, оған сенбе! Тәтең «Бәке, Бәке, сенікі дұрыс», «Баха, сенің айтқаның болсын» дегенге аңқау басым сене беріппін. Сөйтсем бұл былай шыға өз саясатын жүргізеді екен. Кейін қарасам, әлдеқашан екі аяғын салбыратып мойнымда отыр, оны кеш білдім ғой, – дегені.

* * *

Ақын Нұртас Исабаев қолтаңбасы қойылған өлең кітабын бізге беріп жіберіпті. Алдында ағасымен телефонда сөйлескенде «жеңешеме арналған өлең бар» деген болатын.

Бәкең кітапты қарап жатып, бір кезде орнынан шұғыл көтеріліп Нұртасқа телефон соқты.

– Нұртас, менен ала алмай жүрген өшің бар ма? Мен саған не істедім соншалықты? – деп дауысы қатқыл шықты. Жақсы көретін інісі түгілі, ұнатпаған адамының өзіне өктем сөйлеу, жағымсыз сөз айту оның әдетінде жоқ болғандықтан «не болып қалды» деп менің де көзім бақырайды. Сөзін «айналайыннан» бастайтын ағасының өзін кінәлап сөйлегеніне Нұртастың есі шыққан. Тек «Аға, не болды? Не болды?» – дей берген. Бәкең содан кейін ғана:

– Жеңешеңе жазған арнау өлеңіңнің соңғы жолын: «Өмірде әр кез көп болса екен Зейнептер», – деп аяқтапсың. Ойбай-ау, бір Зейнептің у-шуын көтере алмай зорға жүргенімде, ол көбейіп кетсе, не жаным қалады? – деді.

* * *

Бәкең екеуміз аялдамада көлік күтіп тұрғанбыз. Бір кезде ол:

– Түһ! Маймыл болып кеткім келді, – дегені.

Күтпеген тосын сізге таңырқап бетіне қарасам, бізден арырақ тұрған әйелдің аяғына назарын тігіп тұр. Сөйтсем оның капрон шұлығында пальма ағашының суреті салынған екен.

* * *

Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде жолдың екі шетінде өсіп тұратын ағаштарды жаппай кесу «науқаны» жүріп тұрған шақ еді. Таразға жол тартып барамыз. Бұрын басына құстар ұя салып жайқалып тұратын терек-талдардың шұнтиған түбірін көріп жүрегім езіліп кетті де:

– Кесілген, құлаған ағаш көрсем жылағым келеді. Шамасы, бұрынғы бір өмірімде ағаш болған шығармын, –дедім. Сонда Бәкең:

– Мүмкін! Өң-түсі жоқ, арбиған-сарбиған сексеуіл болғансың, – деді.

– Сексеуілдің өзге ағаштар секілді көз тартар көркі болмағанымен, қасиеті көп. «Сексеуілдің шоғындай» деп бекер айтты дейсің бе? – деп жатырмын бағамды асырғым келіп.

– Оның енді рас. Сол шоққа бедный Бақытжанның күйгеніне ширек ғасыр болды ғой, – деп жауап берді ол.

 

Зейнеп АХМЕТОВА

АЛМАТЫ

 

  Мұндай да болады...

Алдағы аз уақыттарда дүкендерде табиғи өнімнен тұз ғана қалатын шығар...

х х х

Қырық жылдан соң кездескен сыныптастардың кімнің қалай оқығандарына қарай қандай дәрежеге жеткендері белгілі болды.

Кілең екіліктен көз ашпайтындар үй-жай мен көлікке қол жеткізіпті.

Үшпен оқығандарға үй-жай, көлікпен қоса саяжай бұйырыпты.

Ал кілең бестікпен оқығандардың –  көзде  көзәйнек, қарыздар, шаш ағарып түк қалмаған, бас ауыру және бір нәрседен жеңіп алған алтын медалі бар екен.

х х х

Үй иесі электрикке хабарласады.

– Мен сізге келіп үйдің қоңырауын жөндеп бер деп едім?!

– Үйіңізге бардым. Қоңырауды басып біраз тұрдым... Ешкім есікті ашпаған соң кетіп қалдым...

х х х

Қытайдың ауыл шаруашылық министрлігі зиянды жәндікпен күресу үшін әрбір өткізілген шегіртке үшін 1 юань  белгілейді. Сөйтіп, шаруалар шегіртке асырауға жаппай кірісіп кеткен екен...

х х х

Ең пәлекет пенде әйелдер болып табылады.

Өйткені оған қолың мен жүрегіңді ұсына қойсаң, көп өтпей денеңнің басқа мүшелерін де жекешелендіріп ала қояды...

 «Құтты болсын...»

Ертеңгілік ентіге еліріп, жұмыс бөлмем орналасқан қабатқа табан тірей, болмысынан жерге қарап біткен басымды тіктеп, жанарымды ілгеріге жалт еткізіп едім, ұжым деп аталатын қалың елім қабылдау бөлмесіне кептеліп-ақ қалған екен. Мен жақындағанша, алдыңғы топ басекеңнің бөлмесіне ене бастады. Бойына сеніп артында тұрған Сәкеңнен: “Жайшылық па?” – деп едім: “Басекеңе құтты болсын айтамыз...” – деуге ғана мұршасы келді.

Көппен бірге біз де ішке ене бердік. Басекеңе жеткенше мойын созып, тың тыңдап едім, жанына жақын барғандар бір езулеп күліп, еңкейе қол беріп: “Құтты болсын”, – деп сырғып, сырғанап-сытылып жатты. Біз де сол рәсімді иіліп жасап, басекеңнің қарсы алдында азулы ағалар анталап отырғандықтан, көп кідірмей сыртқа беттей бердік.

Бөлмеге кеп біраз желпініп, арлы-берлі әңгіменің басын қайырып айыз қандырған соң, бір білсе осы білер деген оймен, тартқан темекіміздің түтіні ортақ Төкеңнен:

– Төке, осы біз жаңа басекеңді несімен құттықтадық? – деп сұрай қалып едім:

– Мен ғанамын ба десем, сен де байыбына бармай, елмен бірге еліріп, кіріп кеткен екенсің ғой... – дегені. Сәлден соң:

– Мені ерте кеткен Ерағаң еді, жүрші, соған барайық, – деп орнынан көтерілді.

Қарсы бөлмедегі Ерағаңа барып едік, екі иығы селкілдеп, көзінен жас пора-пора атқылап, сұқ саусағымен бізді нұсқап: “Мына... мына... мыналар”, – дей береді... Осында отырған екі-үш бөлім бастығының бірі: “Не, сендер де ағаны несімен құттықтадық деп келіп тұрмысыңдар-ей!” – деп, таңырқай қарағаны. Ерағаң да күлкісін күштеп тыя:

– Бір білсе жауапты хатшы біледі, бар хабар содан тарады емес пе, – деген соң, жөн сөзге тоқталып, қатар тұрған хатшының бөлмесіне сау ете қалдық.

Тобымызды көріп тосырқап қалған Қуағаңа мән-жайды айта бастар едік, көз жанары ұшқын ата ойнақшып: “Соған бола дүрлігіп... зәрені алдыңдар ғой, түге...” деп, айналмалы орындығын шыр айналдырып барып түзелді де:

– Маған звондаған Бірғали. “Жүр, ағаны құттықтап шығайық, жігіттер еніп жатыр”, – деген соң мен де алып-ұшып барып, әбүйір боп үлгеріп, соңдарыңды ала құттықтап қалдым, – дейді...

Бір топ әдеби қызметкер, бөлім меңгерушілері, арамызда жападан-жалғыз жауапты хатшымыз бар – күлліміз бас редакторға қарсы бөлмеде отырған Бірғалиға, яғни редактордың орынбасарына кіріп бардық.

... Ол мән-жайды білген соң, сәл-пәл езу тарта, әдеппен күле отырып:

 – Міне, қызық... күллің мына ортада үйіріліп тұрып бір-біріңе: “Ағаны құттықтап шығайық”, – деп жатқан соң, іле-шала Қуанышқа звондағаным рас. Тілге келмей топтың басы боп еніп кеткенім және рас. “Осы ағаны несімен құттықтадық екен”, – деп әзірде ғана ойланып отырғанмын... – деген соң, бәріміз бойымызды жиып , шындап аңтарылдық...

Содан бәріміз бар жұмысты тоқтата тұрып, бір білсе осы білер деп, басекеңе еніп кеткен хатшы қыз Жаннаны тостық.

Ол шыға сала:

– Басекең жаңа жігіттер мені неменемен құттықтады екен, соны біліп келші деп жіберді, – дегені...

Бытырай тарадық...

 

Ерсұлтан МАҒЖАН

Талдықорған

 

Қожанасыр хикаялары

Бір тойда Қожанасыр жүзімнің бір шоғын тұтас аузына салып жіберіпті.

– Молдеке, – дейді оған, – жүзімді бір-бірлеп үзіп жейді ғой.

– Бір-бірлеп жейтін нәрсе баклажан деп аталады, – депті сонда Қожа.

 

***

Жаздың бір ыстық күнінде көршісі Молданы қонаққа шақырып, алдымен үлкен құмырамен мұздай шырын береді. Үй иесі Молдаға шай қасықты беріп, өзі үлкен ожаумен құмыраға батырып іше бастайды. Молда қанша тырысса да үй иесіне ілесе алмайды. Ал үй иесі ожауды әр батырған сайын рақаттана:

– Оһ, өлдім! – дей беріпті.

Мүлде шыдамы таусылған Молда шай қасықты лақтырып жіберіпті де, қожайынның ожауын жұлып алып:

– Көрші! Мен де бір өліп көрейін! – деген екен.

***

Бір күні Қожанасыр жол үстінде келе жатса, бейтаныс бірнеше кісі тамақ жеп отыр екен. Әлгілерге бір ауыз тіл қатпастан Қожекең де отыра кетіп, тамаққа қол созады. Кісілердің біреуі:

– Сіз біздің қайсымызбен таныс едіңіз? – деп сұрайды.

– Мынамен, – деп Қожа тамақты нұсқаған екен.

***

Бір тойда Қожанасырдың қасында отырған бейтаныс біреу қант, кәмпит сияқты тәттілерді уыстап алып, қалтасына тықпыштап жатады.

– Балама алып жатырмын, – деп ақталған болады ол Әпендіге, – тойдан апарған сарқытқа балалар ерекше мәз болады...

Кенет Әпенді шалт қимылдап, әлгінің қалтасына шәйнектегі ыстық шайды құйып кеп жібереді.

– Ей, құрметтім, не істеп жатырсың? – деп баж ете қалады тойымсыз қонақ.

Әпенді сонда селт етпестен:

– Сіздің балаңыз соншама тәттілерді жеген соң, сөз жоқ шай ішкісі келеді, – деген екен.