Тарих • 05 Мамыр, 2020

Ол күндер ұмытылмайды!

315 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыстың қайғы-қасіретін тартпаған отбасы болған жоқ. Әр әулетте соғыстың шері бар. Ол ешқашан ұмытылмақ емес. Соғыс салған жарақаттың салдарынан  біздің әкеміз де  дүниеден ерте озды.

Ол күндер ұмытылмайды!

 

Әкем Аждар Бакин – Павлодар облысы, Май ауданы Майтүбек мекенінің тумасы. Әкесі, менің атам Бықия Бояубайтегі Аршалы өңірінде (қазіргі Май өлкесі) 12 мың жылқы біткен, аса несібелі ырзықты бай, әділетті би болған екен. Әкем Аждар да зе­ректігімен 16 жасында Ай­ғыр­жол болысында  (қазіргі Май ауданы) болыстыққа сайланыпты. Кейіннен білім қуып, Семейде медресені бітіріп, Семей педучилищесін сырттай оқыған. Содан 1928-1930 жылдары Киров совхозында (қазіргі Малайсары ауылы) мектеп ашқан. Қазақ балаларының тиянақты білім алуына қамқорлық жасап, ал­ғашқы мектептің ұйымдастыру жұмысына аянбай еңбек сіңірген және директоры болған.

1932-1937 қуғын-сүргін жылдарында кәмпескеге ұшырап, Зайсан түрмесіне қамалған атамызды босатып алу мақсатымен     отбасын    Таулы Алтай өлкесі Тұратты деген селоға көшіріп, қоныстанады. Тұраттыда да мектеп ашып, ұстаздық қызметін жалғастырыпты.

Әкесін түрмеден босатып алып, Новосібір облысының Бердск қаласына қоныс аударады. Ол жерде ата-аналарынан айырылып қалған, босып жүр­ген қазақ балаларын жинап, жер­гілікті өкімет орындарымен келісіп, мектеп-интернат ашады.

Зобалаң, қиыншылыққа толы жылдарда байыппен, сабырмен әр балаға ерекше көңіл бөліп, олардың әрқайсысы мен тағдырына қатты мән берген. Оларды өмірге қанаттандырып ұшыру әкей үшін үлкен мақсат болған екен. Туған әкесіндей болған ұстаздарын сағынышпен еске алар шәкірттерінің есте­ліктері – соның айғағы.

Соғыс басталғанда отбасын елге жеткізіп, туған елінен өз еркімен соғысқа аттанады. 1942 жылы Ресейдің Орлов облысы деревняларын азат ету шайқасында байланыс ротасының аға теле­фонисі болып барлау іс-әрекетіне қатынасады. 1943 жылы ақпанда сол облыстың Грязное деревнясын азат етуде, немістің пулемет, минометтен жауған оқтың астымен жүріп, жаудың бірнеше байланыс жүйесін істен шығарады. Сөйтіп өз бөлімшесінің шабуыл­ға шығуына ықпал еткен. Сол ерлігі үшін 137-атқыштар ди­ви­­зиясының 409-атқыштар пол­кі бұйрығымен Аждар Бакин «Әскери қызметі үшін» меда­лі­мен марапатталған.

1943 жылдың 23 шілдесінде сол жердегі Неручь өзенінен өтіп, Степановка деревнясын азат етуде үлкен ерлік көрсеткен. Аға сержант Аждар Бакин жауынгерлерге жігер беріп, шабуылға бастайды. Жеке өзі 7 немісті өлтіреді. Траншеяда немістермен жекпе-жек ұрыста жараланса да, өзеннің батыс жағын азат етуге қатысады. Сондағы көрсеткен қайтпас қайсарлығы мен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Майданда оқ пен өрттің ортасында жүріп, ту­ған елге, Отанға, ағайындарға арнал­ған өлең шумақтары жеңіске де­ген сенім­ділігі, өмірге деген құштар­лығын білдіреді.

Майданнан елге оралған соң әкем Киров совхозындағы (қазіргі Малайсары) өзі ашқан мектептің директоры қызметін жалғастырды. Екі жылдан кейін соғыста алған жарақатының салдарынан 47 жасында дүниеден өтті. Ол қысқа өмірін халқына арнады. Ұрпақ тәрбиелеп,  халықты білімге шақырған ұс­таздардың бірі. Өз ортасының, ауылының «Макаренкосы» атанды. Аты ел ауызында қалды.

Әкем Аждардың сұрапыл со­ғыстағы ерлігін айта отырып, кейінгі ұрпақ бұл Ұлы Жеңіс­тің, біздің тыныш бақытты өміріміздің оңайлықпен келме­генін еске алып, біліп жүрсе екен деген ойдамын.

 

Бахыт БАКИНА,

ардагер ұстаз

 

Павлодар

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар

Тазалыққа жұмылған жұрт

Аймақтар • Бүгін, 22:30

Сан қырлы қаламгер

Қоғам • Бүгін, 22:20

Жанған хаттан жазу оқыған

Таным • Бүгін, 22:00

«Мона Лиза» көшіріле ме?

Мәдениет • Бүгін, 21:45