Таным • 06 Мамыр, 2020

Дара зиялы

399 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Өзіне сенімді адам ғана ертеңіне үмітпен қарайды. Бұл – заңдылық. «Алдыңа түн емес, күн салып жүр» деген халық даналығының сыры да осында болса керек. Мұнда алды-артыңа қара аспанды төндірмей, әрбір қадамың мен ісіңнен жақсылық күтуді, келешекке қарай сеніммен адымдауды, қазіргі тілмен айтсақ, позитив пен оптимизмді меңзеу бар. Жаратылыстың оң-солын, ыстық-суығын, ащы-тұщысын бағамдау бар. Өзгеге емес, өзіңе сену үшін, ақын Абай өсиеттеген ақыл мен қайрат керек. Ал ақылды әрі қайратты болуға не түрткі болады? Оны біреулер отбасы тәрбиесімен, енді біреулер қоршаған ортаның әсерімен байланыстырып жатады.

Дара зиялы

Бәрінің де септігі тиюі мүмкін, алайда сол сенімнің негізін қалайтын да, шыңдайтын да бір құдірет бар. Ол – әр адамның тағдыры. «Әркім тағдырынан жазғанды көреді» деген қағиданың қатпары да қалың, байыбы да әр алуан, талабы да күрделі. Сондықтан сан мил­лион­даған тағдырды қазақтың бір бала­сы­ның немесе бір тұлғасының тағды­ры­нан бөліп қарау ауырлау бол­ғанмен, ол бала даралық пен даналыққа сатылай ең­бек­пен көтерілсе, «неге бөліп қарау қи­сын­сыз?» деген сұрақ та туады. Кәрі тарлан тарихта орны бар хан мен қараша да, би мен батыр да, шешен мен ақын да, бағы мен тағы бар басқа да бір кезде қазақтың қара сирақ баласы болған. Ел аузынан түспейтін көсемдер мен қаһар­ман­дардың да «қарадан шығып хан болған» соқпағы бар. Біз олардың тарихи жолына, ерлік шежіресіне, «табанақы, маңдай теріне», ұйқысыз-күлкісіз күн­де­рі мен түндеріне қарап, өмірлік сабақ аламыз. Ақжарылқап заманда өрлеп-өркендеу үшін қуат аламыз. Тір­ші­лікте сол тарихи, мәдени, сая­си мұраны іске жаратуды мұрат еткен сан ұрпақ өсіп келеді. Барымызды баға­лап, жоғымызды түгендеуге атсалысып жүрген көптеген қайраткер де мем­ле­кет­ті дамытуға өз үлесін қосып жүр. Соның ішінде жа­уап­кер­шілік салмағы зіл батпан руханият, ақпарат, дипломатия мәселелерін өз мойнына арта білген, қазір де осындай мемлекеттік, қоғамдық, әлеуметтік іс­тер­­ден шет қалмаған нар тұлғалар бар. Олардың өткен жолы түгіл, бүгінгі ісі жастарға ғана емес, өз замандастарына да өнеге екенін ауыз толтырып айтуға тиіспіз.

Сол ұрпақтар ара­сын­дағы сабақ­тас­тықты жалғау жолында тынбай тер төгіп жүрген, алмағайып дәуірде де тура жолдан таймаған, қоғам, мемлекет ісіне, елдік жауапкершілікке адал қазіргі алыптар тобының белді өкілі Қуаныш Сұлтанұлы деп білеміз.

Оның өмір жолы, өскен ортасы, замандастары туралы, атқарған қыз­мет­тері, жазған еңбектері жөнінде тәт­піш­теп жату, тіпті қайталау сонша­лық­­ты көкейкесті емес. Өйткені оның бәрі өрде де, төрде де, санада да, санатта да сайрап тұр. Көпті көрген, өмір сабақ­та­рын түйген, журна­лис­­ти­ка­ның барлық классикалық жанрларында жаза білетін көшелі кісіге «Қуаныш Сұлтанұлы» деген аты-жөн – қашанда біліктілік пен парасат өлшемі. Сондықтан біз бұл жолы көпке үлгі қайраткер тұлғаның өзіміз таныған қасиеттеріне тоқталғанды жөн көрдік. Оның тағдыры мыңдаған құрдасының тағдырымен, тауқыметімен ұқсас болуы мүмкін. Фа­шизм­ге қарсы соғысып, қан майданнан елге жарақаттанып қайтқан әкесі дүние­ден озғанда, ол бар болғаны 12 жаста екен. Естияр ұл әпкесі мен қарындасын, екі інісін жігерлендіру үшін де іштей рухтанады, намысын жанады.

Сол шақта анасының: «Қуантай, әкеңнен қалған баланың үлкенісің...» деген сөзі оқушы Қуанышты бір сәтте-ақ жауапкершілік белесіне көтереді. Бала­лық­пен қош айтысып, саналы өмірге жол тартады. Бұл – әке қуатымен, ана сүтімен келген жа­уап­кер­шілік еді. Оны өлшеу мүмкін емес, тек сезіну керек. Қандай жауапты сәт­тер­де шешім қабылдаса да анасы­ның рухы сабырға шақырады, аруағы пер­зен­ті­нің биіктен көрінуін қалайды. Өмір соқ­пағының даңғылы болмайтыны бел­гілі, әркімнің өз сүрлеуі бар.

Атжалын тартып мінген, жастайынан ел алдына шыққан адамда сабыр­лы­лық, қана­ғат­шыл­дық қасиет тереңінен орнайды. Бұл – сирек құбылыс. Оның себебін есте­лі­гі­нен таптық. «Есіңде болсын. Қол-аяғың сау, есің дұрыс болсын деп тіле Алладан. Ақыл-есің дұрыс болса, қол-аяғың сау болса, өз наныңды өзің тауып жейсің. Ешкімнен нан сұраушы болма. Көмектің де қажеті жоқ. Өзіңді өзің асырауға үйрен» деп қайраудың өзінде үлкен аналық өсиет жатыр емес пе? Қандай кезде де өжет болудың, ешкімнің алдында төмен­демеудің жолын нықтап, нұсқағаны дерсіз. Бұл тәлімнің сыры да – ананың табиғи болмысында, имани тазалығында еді. Талапты жан кез келген кәсіпті үйренуде, меңгеруде уақыт, күй талға­мауға тиіс. Ол үшін ауыл, қала, әскери міндеткерлік, қоғамдық қызмет кедергі бола алмайды, керісінше жастық кездегі білім, тәжірибе жинақтауы талабы мен талғамына орай жүзеге асып жатады. Осы тұрғыда Қуаныш Сұлтан­ұлы өз қатарындағы замандастары сияқты бар­лық мектептерден өткен деуге болады. Ауыл шаруа­шы­лығы, техника, радиотехника, спорт салалары бойынша жи­ған-терген білімі бір кісіге нан та­бар­лық­тай дәрежеде десек, артық айтқандық емес. Ал ұлты­мыз­дың дәс­тү­рі, мәдениеті, ғылымы, әдебиеті, музыкасы өзінің өсу өрісі екенін сезіп, журналистика маман­ды­ғын таң­дағанда жол сілтеген ұс­таз­дарына құлақ асумен бірге айқын ұста­ны­мын, ізденімпаздығы мен шығар­ма­шы­лық әлеуетін жанына серік еткеніне көзіңіз жетеді. «Қайраткер қасиетін» білгіңіз келсе, оның жастайынан жазған мақа­ла­ларын, еліміздің тарихи белес­те­ріне орай шыққан кейінгі жылдардағы кітаптарын оқысаңыз да жеткілікті. Бәрінде «теңіз тамшысының дәмі білі­ніп» тұрады. Ал орталық мерзімді басы­лым­дар­дағы пуб­­лицистикасы тәуел­сіздіктің шежіресін тарқатқандай болса, Елбасы мен басқа да қайраткер, санаткер замандастары туралы жазған эсселері оқыр­ман­ға ой салумен қатар ізгілікке бөлейді. Парасат пен адам­гершілікті, адамзатқа ортақ өзге құнды­лықтарды бағалауға, асыл қасиет­тер­ді дәріптей білуге, қазақ ұлтының баянды дәстүрін, Қазақстан халқының мызғымас бірлігін қадірлеуге шақырады. Ол маңызды мәселеге қалам тербеп, сырттан ғана бақылап оты­ратын­дар­дың санатынан емес. Қуаныш Сұл­танұлы өзінің қызметінен бөлек, барша мәдени шараның – премьера, презентация, көрме, концерт болсын, жастар ара­сындағы, этносаралық татулық пен патриоттық бағыттағы жиындардың, түрлі мемлекеттік және қоғамдық ұйым­дар мәжілістерінің бел ортасында жүре­ді. Мұндай үздік қасиет барша мем­ле­кеттік қызметкерге, депутатқа, министрге үлгі-өнеге деп батыл айта аламыз. Ұлт мәдениеті, ұлт өнері үшін ділімен емес, тілімен ғана күйіп-пісетіндер бұ­дан сабақ алуы өз алдына, құрығанда бұл олардың қаперінде жүрсе екен деген оймен жазып отырмыз.

Ел байқаған (соның ішінде біз де бармыз) дінімізде аса құр­мет­пен әспеттелетін тағы бір сипаты – келіскен көркем мінезі. Әрине, идеология саласында бұрын-соңды талай лауазымды адамдар болды, қазір де бар, бірақ солардың біразы негізгі миссиясын сезіне алмады немесе сезінбей жүр. Ол – халықпен күндіз-түні, қоян-қолтық жұмыс істеу, жұрт­шы­лықтың, адам­дар­дың тілек-арманын ұғу, көпшіліктің тілін табу болса керек. Әрине, жеке және қо­ғамдық қаты­нас­тарды реттеп отыру – оңай шаруа емес. Оның тетігін тауып, кілтіне ие болу – халықпен біте қайнасу деген сөз. Қиғаш әрекеттің алдын алу, пайдалы істі дер кезінде пайымдау, жақ­с­ы-жаманнан тез қорытынды жасау – билік жүйесінің әліппесі әрі қисыны. Жалпы, халыққа түсіндіру жұмысы – істің жартысы ғана, маңыздысы – адамдарды иландыру. Оған рухани тұғыр – мінез керек. Идеологиялық жұмыстың бүге-шігесіне дейін білетін Қуаныш Сұлтанұлы парламентте ғана емес, қара­п­­айым халықтың ортасына да еркін кіріп, ұлтқа ортақ құндылықтарды айтып, талай мәрте көсілгеніне де куә болдық. Қоғамдағы жүйесіздік пен кере­ғар­лықты батыл айтқанын да, түрлі пиғылдағы адам­дардың қитұрқы қы­лық­тарын әшке­ре­леп, соңынан кешір­генін де көрдік. Бұл да кешіре білетін қасиетінен, көпшілікті ұйыта білетін қабілетінен, жайдары көркем мінезінен екені шүбәсіз.

Келе­шектің келбетіне үнемі се­німмен, үміт­пен қарайтын Қуаныш Сұлтан­­­ұлының тағы бір ерек­ше­лігі – өткенді ман­сұқтамау, дәстүр жал­ғастырудағы мирас­керлігі. Бардың бағын асырып, өткеннің тағылымын еске салып отыру. Оның қисыны бар. 2006 жылы жел­тоқсанда, яғни заңғар Әбіш Кекіл­байұлының көзі тірісінде-ақ замандас классик-жазушының портретін терең ашып көрсеткен Қуаныш Сұлтан­ұлы: «Біз кейде бүгінгі күннің биігінен өткен заманымыздың қыр-сырына үңіліп жатпастан, бәрін «бір қауызға» сыйғызып, «бір сыпырғышпен» сыпырып, баға беріп жататынымыз бар. Сол тота­литар­лық жүйенің кезінде де әртүрлі лауазымды қызметтерде жүріп, ұлтымыздың ұлттық мәдениет, әдебиет, ұлттық мұра, салт-дәстүрлерінің сақталуына сақшы болған ардақты адамдарымыз да бар­шы­лық» деп жазған еді. Шындығында, елдік істе ерлікке пара-пар еңбек жасаған, өшпес із қалдырған ұлт қайраткерлерін ха­лық ұмытпайды, қадірлейді. Өнеге тұту үшін, үлгі ету үшін. Олар – қоғам мен ұлт санасының сапасын көтеруге ғұмырын арнаған тұлғалар. Қай кезде де ой мен байлам деңгейі сананың сапасына тәуелді. Дана Абай – құлдық санадан құтылған ғаламдық ойдың иесі болды. Абайдың ұлттық санасы Алашты оятты. Өкінішке қарай, Алаштың идеяларын жаншыған тоталитарлық жүйе ұзаққа созылды. Қазақ халқының сағын сындырып, жасық етуге тырысқан озбыр саясатты да көрдік. Тәуелсіздік алғанға дейін ұлттық сана жойылудың табалды­рығын­да тұрды. Ең қиыны – жоқтан барды құрау, жоғалған құн­ды­лықтарымызды түгендеу жаңа сапалы, сер­пілген сананы қажет етеді. Азат елдің рухымен суа­рыл­ған, ұлттың бір­туар тұлғалары қалып­тас­тырған және сабақтастықты қалайтын ұлттық сананы жаңғырту қайтадан күн тәртібіне шық­ты. Бұл – табиғи қажеттілік әрі заңды құбылыс. Сондықтан осынау сара жол­дың бастапқы кезеңдерінде бұл салада із қалдырған алыптардың қа­та­рында Нұртас Оңдасынов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков, Әбіш Кекілбаев есімдері сағынышпен аталады. Олар мем­лекеттік қызметте жүріп те, хал­қы­ның мұңын мұңдап, жоғын жоқтай білген, ел мұқтажын ескеріп, болашақ үшін рухани қам-қаракет жаса­ған шоқ жұлдыздары іспетті. Қаламгерлік пен қайраткерлік тізгінін тең ұстап, жаңа дәуірде жақсылықтың ізашары болған ардақтылардың жалғасы, қиын да жауап­ты кезеңдегі қазақ жастарының жетек­шісі, белгілі саясаткер, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Баспасөз және ақпарат министрі, аға әріптесіміз Қуаныш Сұлтанұлы бүгін де зиялылық пен парасаттың төрінде, баянды елдік істің жуан ортасында жүр. Мінез бен қасиетке бай тұлғаның өмір жолы да, шығар­машылық еңбегі де – көпке өнеге. Ендеше осы елшілдік қадір-қасиет жұғысты болсын десек, Қуаныш Сұлтанұлының жазған кітаптарын оқу­мен бірге хас зиялыға ұқсап бағуға тыры­салық. Ескінің есті сөзі бар: «Ел мық­ты болса – ел ағасынан, үй мықты болса – бел ағашынан» деген. Ел сыналар кезде де, бел сыналар кезде де халық арасынан табылып, биліктің беделді сөзін жеткізген, халықтың қабырғалы сөзін өткізген дәнекер ел ағасы Қуаныш Сұлтанұлының ғұмыры ұзақ, жазары көп, батасы баянды болғай деп тіледік.

 

Дархан МЫҢБАЙ,

Мәжіліс депутаты