Руханият • 06 Мамыр, 2020

Жақсылық жасау – жүректің ісі

1443 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жан баласына жақсылық жасау үшін асып-тасқан дүние байлықтың қажеті жоқ. Сәл ғана мейірім болса жеткілікті. Ынталы жүректен шыққан титтей ықыласты іс үлкен түйткілдердің түйінін тарқатуы бек мүмкін. Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған биылғы Волонтер жылының өзегінде де осындай игі мақсаттар жатыр.

Жақсылық жасау – жүректің ісі

Ерікті болу ермек те, ерлік те емес. Қысылғанға қолұшын созу қашаннан қанымызға тән  қасиет. Ел басына сын сағат төнгенде еріктілер де қарап қалған жоқ. Волонтерлік жай ғана ұр­да-жық ұран емес, шын көңілдің, рия­сыз ықыластың ісі екенін көрсетті. Бас­қа-басқа тікелей өз өміріне қатер төн­­діретін қауіптен қаймықпай, қоғам­дық қызметке ерік-жігерімен етене үн қосқан алматылықтарды көріп, көңіліміз қуанады. Карантин жарияланған ал­ғаш­қы күні-ақ 500-ге жуық азамат Ал­матыдағы тәртіпті қамтамасыз етуге жұ­мылдырылған арнаулы мамандарға жәр­демге келді. Кейіннен індет оша­ғының іргесі кеңейіп кетпес үшін қала билігі олардың басым бөлігін үйде болуға үгіттегенде де, жүзге жуық волон­тер бар­лық талаптарды сақтай отырып, бас­таған істі соңына дейін жеткізуге рұқсат алды.

Мәселен, карантин күшіне енген нау­рыз айының орта шенінен бастап 18 мың алматылық волонтерлердің қатарында болуға ықылас танытып, өтініш берген. Дегенмен, жоғарыда айтып өткеніміздей, арнайы дайындықтан өткен 100 азамат қана іріктеліп, төтенше жағдай кезінде дәрігерлер мен тәртіп сақшыларына көмекке келді. Олардың басым бөлігі мұқтаж жандарға азық-түлік тарату, қараушысы жоқ қамкөңіл қарияларды тамақтандыру сынды игі істердің айналасына топтасты. Бастапқы кезде карантинге бой үйрете алмай көше кезген жұртты індеттен сақтандыруға үгіттеген жадынамалар таратуға да жақсы үлес қосты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы негізінде  Nur Otan партиясының бастамасымен құрылған «Біргеміз» қоры  халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдауға арналған ке­шенді шаралар легін жүзеге асырды. Мәселен, «Almaty Birgemiz» қоры аса мұқтаж 23 мың 472  алматылыққа 50 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсеткен.  Аталған қолдау аз қамтылған көп балалы отбасыларға, мүгедектерге, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәр­биелеп отырғандарға, ең төменгі немесе базалық зейнетақы алатындар мен тұл жетімдерге үлестірілді. 

Алты жылдан бері волонтерлікті жанына серік еткендердің бірі жиырма бес жастағы Мәди Ахметов. Журналистика мамандығы бойынша білім алған ол бүгінде Алматы қалалық Jаs Оtan Жастар қанатының төрағасы.

– Алматыда өтетін кез келген ауқым­ды шарадан волонтерлер тыс қалып жатқан жоқ. Төтенше жағдай кезінде де олар жігер көрсетті. Оларды ынтымаққа ұйыстыратын бір ғана күш – қоғамның ізгіленуі мен қайырымдылық. Қала шеңберінде 18 мың отбасына үлестірілетін азық-түлік себеттерін таратуға біздің волонтерлеріміз зор үлес қосып жатыр. Сенбі, жексенбі демей тегін қызмет көрсетіп жатқан олар өз еңбегіне ешқандай ақы тілемейді. Волонтерлік тарихта теперіш көрген талай ұлтты бауырына басқан біздің халқымыздың салт-санасына сіңген, бұрыннан бар құндылық.  Және бұл қызмет жас шектемейді. Әрбір адам волонтер бола алады. Бұл адамды рухани биіктететін қуатты күш, – дейді Мәди Ахметов.

Мәди тілге тиек еткендей, шынында да волонтерлік адамдарды санатқа бөлмейді. Себебі бұл – адамгершілік пен парасаттылықтың айқын көрінісі. Мыңбояулы мегаполисте мұны жан жүрегімен түйсінгендер аз емес. Әсіресе ел үшін қиын-қыстау кезеңде қайырымдылық қанат қақса, қандай жақсы. Қаншама отбасы табысынан қағылып, талай жанның тіршілігі тұралап тұрған тұста қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмекке келген жомарт жүректі жандардың жөні бөлек. Тұрмысы төмен отбасыларға тірек болып, қаржы­лай қолдау білдірген, азық-түлік толты­рылған себеттер мен жақсылық жәшік­терін жеткізген кәсіпкерлерге  жұрт дән риза. Ел бірлігі сыналар тұста жеке басы­ның қамын күйттемей, барын жұрт­пен бөліскен жүздеген кәсіпкер шама-шарқының жеткенінше жақсылық жасаудан қалыс қалған жоқ. Бұдан өзге жеке­леген ұйымдар мен ұжымдар да күш біріктіріп, көпшілікке көркем үлгі көр­сетті.

Кез келген жақсылыққа негізделген істі волонтерлік деп атауымызға болады. Оның аты мен сыртқы көрінісінен гөрі ішкі мазмұны маңызды. Мұны айтып отырғанымыз, соңғы кездері азаматтар арасында  өзі көмек көрсеткен отбасыларды суретке түсіріп желіге жариялау үрдісі жаппай белең алып кеткендей көрінеді. Басқаларға үлгі көрсету мақсатында, бұл да дұрыс шығар. Дегенмен, онсыз да қиналып-қажып жүр­ген жандарды суретке түсіріп, қара­дай қысылтудың қаншалықты қажеті бар?  Бір жағынан бұл сол ша­ңырақта өсіп келе жатқан өрімдей өс­кіндердің құрбы-құрдастарының алдында өздерін қолайсыз сезініп, психологиясына кері әсерін тигізуі мүмкін екенін де ұмытпағанымыз жөн секілді. Жасаған жәрдемінің бодауын тек бір жаратушыдан үміт ету асыл дініміздің де өзегі емес пе?!. Сондықтан танымымызда бар бұл түйсіктің тамырын балталауға болмас. Сауапты  амал жалаң науқаншылдық пен жалпақ ұранға айналдыруды сүймейді. Осынау сын сағатта иектеп келіп иіріміне тартқан тағы бір ой осы болатын.

Статистиканы сөйлетсек, бүгінде әлем бойынша 100 миллионға жуық адам «волонтерлік» деп аталатын осынау ізгі іспен айналысады екен. Біздің елімізде де бұл дәстүр өрісін кеңейтіп келеді. Жыл басынан бері Алматының бірнеше жо­ғары оқу ошағының қабырғасынан  «Волонтерлер орталығы» ашылғанын бұған дейін сүйіншілеп жазған едік. Қоғам­ның ізгіленуіне қомақты үлес қос­қан  жандардың қатары артып, игі бас­тама жүйелі түрде жалғаса берсе деп ті­лейміз.

 

АЛМАТЫ