Қоғам • 06 Мамыр, 2020

Архивке абай болған жөн

1567 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жуырда Мәдениет және спорт министрлігі ерекше конкурс жариялап, оның мәтіні 20 сәуір күнгі «Егеменде» жарияланды. Конкурстың мақсаты Қазақстанның архивтерінде жатқан барлық құжатты цифрландыру, яғни бәрін сканерден өткізіп, «Цифрлы фабрика» жасау екен. Сөйтіп 1,6 млрд бет көлеміндегі ұлттық мұрағат қорын түгел цифрландыру жоспарланған. Оны іске асыру үшін қайда барсаң қате болмайтын «мемлекет пен жекешенің әріптестігі» делінетін сөз алға тартылып, осы аттас ЖШС құрылмақшы. Ал оның шығынына 96 млрд. 120 млн теңге бөлу қарастырылған. Бұл бұрын-соңды архив саласының түсіне кірмеген қаражат екені көрініп тұр.

Архивке абай болған жөн

Жобаның мақсатын ақтап, тиімділігін насихаттау үшін хабарламада оның халыққа пайда­сы мол екендігі де айтылады. Соның ішінде 8500-дей жұмыс орны ашылмақ, оның 850 орны мүгедектерге ар­налмақшы. Қарап тұрсақ, тіпті та­маша жоба екен. Жұмыс орындары да ашылады, мүгедектер де қамтылады, құ­­жат­тар да цифр­ла­нып, дерек­көздер ашы­лады, жа­рыққа жар­қырап шығады...

Алайда архивтерге жиі барып жүретін журналист ретінде осында бір шикілік бар екенін бірден сезген едік. Осынша қаражат шығарып, жекеменшік ЖШС ашпай-ақ, қа­рас­тырылған қаражаттың оннан бірін архив қызметкерлерінің өз­деріне тө­ле­се, барлық құжат­тарын өздері-ақ цифр­ландырып бермес пе еді? Оның үстіне бұлар архив қа­зы­насына қалай қарауды білетін, жа­нашыр жандар емес пе деген сауалымызды архив ма­мандарының талайына қойып көрген едік. Сөйт­сек, бәрі бір ауыздан біздің сө­зімізді құптады.

Егер қаражат бөлінсе, сканерлеу өз қолымыздан еркін келеді. Қа­жет болса, тіпті, қосымша ма­ман­дар да тартар едік қой. Біздегі көптеген тігіндіні ашуға да бол­майтынын, ал ашу керек болса, олармен қалай жұмыс істеу ке­ректігін көшеден шақырылған, табыс табу үшін ғана жиналған адамдар қайдан біледі? Архив мемлекеттің қазынасы емес пе, оны кім көрінгенге қалай сеніп ұстатуға болады деген сұрақтарды айтып, олар сарнап қоя берді. Әри­не, хабарлама жасап тұрған өз министрліктері болғандықтан, олар аты-жөндерін айтпауды өтінді.

Сонымен бірге біз архив құ­жаттарын жекешенің реттеуіне немесе цифрландыруына заң не дейді екен деген сауалмен «Ұлт­тық архив қоры және архивтер туралы» заңды ашып көрген едік. Заңның бірінші бабының 2-тармағында архивке берілген анықтама былай дейді: «Архив – архивтік құжаттарды жинауды, сатып алуды, жинақтауды, ретке келтіруді, сақтауды, есепке алу мен пайдалануды жүзеге асыратын заңды тұлға немесе оның құрылымдық бөлімшесі». Демек заңда ешқандай көлденең ЖШС немесе басқа келіп, оның құ­жат­тарын реттеуге, сақтауға, есепке алу­­ға және т.б. қатыстылығы қарас­тырылмаған.

1-баптың 9-тарма­ғында «ар­хивтік құжаттарды элек­­тронды нысанға аудару» деген түсінікке мы­надай анықтама берілген: «архивтік құжаттардың элек­трон­­ды көшірмелерін жасау жә­не уәкілетті органмен ке­лісу бо­йынша ақпараттандыру сала­сындағы уәкілетті орган айқын­даған ақпараттық жүйелерге мә­ліметтерді көшіру» деген сөз екен. Ал біздің жағдайымызда «уәкілетті орган» деген мүлде жоқ қой, ЖШС бәрін өзі көшіреді, өзі цифрландырады, тіпті ақпараттарды көшіруге ешкім кедергі жасамайды.

Заңның 2-бабының 1-тар­ма­ғында «Ұлттық архив қоры Қа­­зақстан халқының тарихи-мә­де­ни мұрасының ажырамас бөлігі болып табылады және оны Қа­зақстан Республикасының ұлт­тық игілігі ретінде мемлекет қор­ғайды» делінген. Ал осы «ұлт­тық игілікті» мамандар емес, та­быс табу үшін жиналған ЖШС мү­шелерінің қолына қараусыз беріп қоюды мемлекеттің оны қорғағаны деп айта аламыз ба? Кездейсоқ адам Ұлттық игіліктің бір бөлігін жойып жіберсе, оны кім анықтай алады? Қалың тігін­ділерді оған кім санап береді дейсіз? Сондай-ақ жекеменшік ЖШС құжаттардың бүлінбей сақталуына қажетті температураны, ылғалдылықты қамтамасыз ете ала ма? Ете алмайды, өйткені маман болмағандықтан ол мұн­дайдың не екенін де білмейді.

Осы заңда мемлекеттік архивтің ақпараттарын жекеменшік әріп­тестер мемлекеттік қызмет көрсету мақсатымен жедел қолдана алады деген рұқсат та жазылмаған. Де­мек заңда ондай рұқсат болмаса, мұн­дай әрекеттің өзі заңсыз емес пе?

Қазақстан Республикасы Үкі­ме­тінің 2017 жылғы 6 қараша­да­ғы №710 «Мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік үшін беруге болмайтын нысандар тізімін бекіт­у туралы» қаулысының 7-тар­мағында ондайлардың қата­ры­на «тарихи-мәдени мұралар және мәдени құндылықтардың» бары айтылған. Жоғарыда атал­ған заңда «Ұлттық архив қоры Қа­зақстан халқының тарихи-мә­дени мұрасының ажы­рамас бөлігі» екендігі атап көр­сетілген. Демек оны мемлекет-же­кеменшік әріп­тес­т­ігі мақсатына қол­дануға болмай­ды.

Сонымен қатар мамандар мем­лекеттік архивтің баға жет­пес құн­ды құжаттарын жекемен­шік­тің қолына беру – оның сақ­талуына, бүлінуіне ғана емес, сат­ылуына, сыйға тартылуына, же­ке қараулық мақсаттарға да қол­данылуына жол ашуы мүмкін деген күдіктерді де көп айтты. Ал аталған заңның 7-ба­бының 6-тармағында «Ұлттық архив қорының мемлекеттік мен­шіктегі құжаттары мемлекет иелі­гінен алу мен жекешелендіру, сатып алу-сату, айырбастау немесе сыйға тарту, яғни меншік құқығын беруге байланысты мәмілелер жасау объек­тісі бола алмайды, сондай-ақ оларды тұрақты сақтау үшін басқа мемлекеттерге әкетуге болмай­ды» деп атап көрсетілген. Ал же­ке­меншіктің қолына беріп қойса, осы талаптардың орындаларына кім кепілдік береді?

Қорыта айтсақ, мамандарды алаңдатып, заң талаптарын бұ­зып, мемлекет мүддесін аяққа басып отырған осы шешімнің қан­ша­лықты дұрыс екендігіне тиісті органдар назар аударар. Әсіресе, ұлан-ғайыр мем­ле­кет қа­ражатының тиімді жұм­­са­луын қадағалайтын органдар көз­жұм­байлық жасамайтын шы­­ғар деп ойлаймыз. Әрине, архив қолжетімді болуы керек, бірақ оның сақталуы да аяқасты етіл­меуі керек.

 

Солтүстік Қазақстан облысы