Руханият • 06 Мамыр, 2020

Майдангер Әмір Қожақов туралы естелік

596 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

9 мамыр - Ұлы Жеңіс күні бәріміз үшін ерекше мереке. Бұл күн қанды майданда жанқиярлықпен ерлік көрсеткен, бүгінгі бейбіт өміріміз үшін құрбан болған ата-бабалар рухына тағзым ететін ерекше күн. Жеңіс мерекесі біздің Қожақовтар әулеті үшін де аса маңызды. Әрине, от пен оққа оранған сұрапыл соғысты көзімізбен көрген жоқпыз. Десек те Жеңіс қадірі мен қасиетін жақсы түсінеміз. Себебі, біздің атамыз Бораш Қожақов пен әкеміз  Әмір Қожақов қанды майданға қатысып, ерлік көрсеткен нағыз  батырлар.

Майдангер Әмір Қожақов туралы естелік

Ағайынды екеуі де еңбек және Ұлы Отан соғысының ардагерлері еді. Мен әкеміз Әмір Қожақов туралы аз кем ойларыммен бөліспекпін. Әкеміз Әмір Қожақов соғыстан сол аяғы мен қолынан жараланып оралса да елі, Отаны үшін дене мүшелері сау адамдардан артық еңбек етті. Жеңістің әкеміздің қаншама қаруластарының  өлімімен, төгілген қанымен келгенін әкеміздің әңгімелерінен құлағымызға құйып, санамызға сіңіріп өстік. Біз үстіміздегі жылы бейбіт өміріміздің  75 жылдығын атап өтудеміз. Әрине, ортамызда, үйіміздің төрінде майдангер әкеміз болмағанымен оның рухы, бізге сыйлаған Ұлы Жеңіс күні, бейбіт өмір бар. Сондықтан да жыл сайын әкеміз бен әкеміздің ағасын атамыздың есімін ерекше құрметпен еске алып, рухтарына тағзым етеміз.

Біз әкемізді көке деп өстік. Менің көкем Әмір Қожақов 1922 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданындағы Октябрь ауылында қазіргі Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбар ауылында  дүниеге келген. 1939 жылы ауылдағы жетіжылдық мектепте оқып, оны ойдағыдай бітіреді. 1938 жылы комсомол қатарына өтеді. Ал 1939-1942 жылдары ауылда  ІІІ- Интернационал колхозында тындырымды еңбек етеді. Ал Кеңестер Одағына неміс басқыншылары соғыс бастағаннан кейін 1942 жылы өз еркімен  Қызыл әскер қатарына алынады. Алғашқы әскери дайындықтан Ташкент облысындағы Шыршық қаласында өтеді. 1942 жылдың көктемінде Смоленск қаласы үшін болған қанды шайқаста аталған қала іргесіндегі Яковлевка деревнясының маңында сол аяғы мен қолынан жараланып, дала госпиталына түседі. Қатардағы жауынгер пулеметшінің көмекшісі болады. Серігіне жәшіктегі оқты алып келе жатқанда олардың қасына снаряд жарылады.

Жаралы жауынгердің тобығына тиген мина жарықшағы гангрена кеселіне ұшыратпас үшін дәрігерлер аяғын тізесінен төмен жерінен кеседі. Әкеміз нөмірі 1943-ші және 232-ші атқыштар полкінде болды. Күзге дейін емделген әкеміз 1942 жылы елге мүгедек болып оралады. Ұлы Отан соғысына қатысушы ретінде Жеңістің және КСРО Қарулы Күштерінің мерекелік белгі-медальдарымен марапатталған. Атап айтсақ, Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 20,30 жылдығы мерекелік медалдары. ССРО Қарулы Күштерінің 50 жылдығы медалі. «Ерлігі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдарын иеленген.

Әкеміз соғыстан оралған соң 1943-1945 жылдары Арыс аудандық сотында сот орындаушысы болып, жауапты қызмет атқарды. Мұнан соң ауылдағы кеңшарда ауылшаруашылығында тынбай еңбек етті. Өзі мүгедек бола тұра сау адамдардан артық еңбек етті. Бізге өмірдің өзегі де тірегі де адал еңбек екенін үлгі етіп, көрсетіп кетті. Көкеміз нағыз дихан еді. Бау-бақшамызда алма, алмұрт, шабдалы, жүзім, шие және тағы басқа жеміс ағаштары мен бақшада қауын, қарбыз тағы сол сияқты баладай мәпелеп, өсіре білді. Ауылда әр мұсылманның міндеті - қайырымды істерді де атқарды. Жетім, жесірлерге азық-түліктер  үлестіріп отырды. Найман арық деп аталатын каналға көпір салып берді. Үлкен құдық қаздырып, сауапты істерге мұрындық бола білді. Ауылда «Әмірдің тоғайы» деген тоғай болды.

Әкеміз өте сауатты болды. Газет-журналдар мен кітаптарды өте көп оқитын. Қисса, дастандарды, айтыстарды ауылдастарымызға мәнерлеп оқып беретін. Еңбек және соғыс ардагері, әкеміз Әмір Қожақов 1979 жылы 26 қазанда дүниеден озды. Шымкенттегі Абай атындағы саябақтағы үлкен ескерткіште өңірімізден майданға аттанғандардың аты-жөндері мәрмәр тасқа жазылған. Мұнда біздің атамыз Бораш Қожақов атамыз бен әкеміз Әмір Қожақовтың да есімдері жазулы тұр. Жыл өткен сайын ардагерлер қатары азайып барады. Сондықтан олардың өздері көзден кетсе де есімдері мен көрсеткен ерліктері көңілден кетпейді. Біз бүгінгі, болашақ ұрпақ әкелеріміздің  бізге сыйлаған мамыражай бейбіт күндерінің қадірін бағалай білеміз. Соғыс оты енді шарпымасын! Елімізде бейбіт өмір, тыныш заман болсын!

 

 Уәлихан Әмірұлы ҚОЖАҚ,

 Түркістан облысы,

 Ордабасы ауданы.

Соңғы жаңалықтар