Руханият • 06 Мамыр, 2020

Президенттің елге рухани серпіліс беруге бағытталған тапсырмасын ел болып жұмыла орындауымыз керек

137 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне 5-ші мамырда берген сұхбатында: «Барымыз да, бағымыз да – Тәуелсіздік» және «Еліміз бұл қиындықтан да шыңдалып шығады» деген сұхбаттарында «Ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады» деген терең ой айтады.

Президенттің елге рухани серпіліс беруге бағытталған тапсырмасын ел болып жұмыла орындауымыз керек

Біз ұлттық қауіпсіздік дегенде мемлекетіміздің өмірлік мәнді мүдделерінің, ұлттық құндылықтарының, өмір салтының әртүрлі ішкі және сыртқы қауіп-қатерлерден қорғалуы деп түсінеміз. Ал, ішкі ұлттық қауіпсіздік мемлекеттің тұрақты қызмет етіп дамуына әсер ететін қауіп қатерден қорғану әрекеті.

Мемлекет басшысы өзінің сұхбатында ана тілі біздің ұлттық құндылығымыз, оны қорғап, сақтай алмасақ келер ұрпақ бізді кешірмейді деп ескертеді. Қазақ тілінің ұлттың баға жетпес құндылығы екенін көрсете келіп тілімізді сақтау, қадірлеу ұлттық қауіпсіздігімізді нығайтудың кепілі деген ойға жетелейді.

Тәуелсіз ел болғанымызға 30 жылдай уақыт болса да бірқатар мемлекеттік қызметкерлер, бизнес өкілдері т.б. тарапынан мемлекеттік тілге деген енжар көзқарас, салғырт қатынас тыйылмай келеді. Бұл әрине, бір жағынан Кеңес дәуірінен қалған  иделогияның жалғасы болса, екінші жағынан өзімізге жабысқан әдет болып кеткен.

Біз соңғы екі-үш көлемінде ұлттық сананы жаңарту үдерісін бастадық. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев бастаған Рухани жаңғыру, сананы ояту жұмыстары атқарылды.

Жаңартудың басында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейтіп, ана тіліміздің мəртебесін еселей түсетін нақты істер атқару қажеттігі туындады.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғау – еліміздегі өткір мәселеге айналып келеді. Осы мақсатта «Қазақ үні» ұлттық порталында осыған дейін ҚР Конституциясындағы 7-ші баптың 2-ші тармағын алып тастау туралы бірқатар мақала жарияланды. Солардың ішінде ең келелі, әрі өзектісі осыдан үш жыл бұрын, 2017 жылы 26 ақпанда жарияланған «Мемлекеттік тілдің тәуелсіздігі Ата заңда айқын көрінсін!» атты Қазақстан Президентіне жазылған Ашық хат.

Конституциялық реформа кезінде еліміздің белгілі тұлғалары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дулат Исабеков, Асанәлі Әшімов, Қабдеш Жұмәділов, Өмірзақ Айтбаев, Мекемтас Мырзахметов, Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаев, Нұрғали Нүсіпжанов, Төлен Әбдік, Амангелді Айталы, Смағұл Елубай, Сәбит Досанов, Ғаббас Қабышев, Темірхан Медетбек, Бексұлтан Нұржекеев, Исраил Сапарбай, Ұлықбек Есдәулет және т.б. бастаған 118 ұлт зиялысы қол қойған Конституциядағы орыс тілі туралы 7 баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заңның жаңа жобасын  қабылдауды талап еткен болатын.

«Қазақ үні» басылымының дерегіне қарағанда бүгінде бұл Ашық хатты қолдағандар саны 100 мыңнан асыпты. Ұлт мүддесі үшін бұрын мұншалықты қалың қол жиналған емес. Яғни, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау күн тәртібіндегі күннен-күнге күшейіп келе жатқан ең өзекті мәселе болып тұр. Қоғамды алаңдатып отырған қазақ тілі мәселесін Мемлекет басшысы да қолдауда.

Мемлекет басшысы: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – түркі халықтары ішіндегі ең таза әрі бай тілдің бірі. Осы орайда тарихқа үңілсек кешегі Әбунасыр Әл-Фараби, Абай осы тілде әлем деңгейінде тамаша шығармалар шығарғанын айтуға болар еді. Биыл өтетін шараларды пайдалана отырып Қазақ тілі мәртебесің бар қоғам болып көтеруіміз керек. Сонымен қоса әрине латын әліпбиіне көшіру жұмысын жалғастыру қажет.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Алтын Орда мерейтойын атап отырып оны әлемдік туристік кластер деңгейінде дамыту керектігін айтып тапсырма берген болатын. Өте орынды әрі уақытында айтылған ой! Қазақ елі сол Орданың тікелей мұрагері, ал сол Ұлы Ұлыстың мемелекеттік тілі қыпшақ тілі, яғни казіргі қазақ тілі болып шығады!

Енді сол Ұлы Ұлыстан қалған Сығнақ, Сауран, Сарайшық сияқты қалаларды жөндеп, Жошы хан кесенесін өңдеу жұмысын тездетіп, маңайын абаттау жұмыстары бар. Бұл жұмыс жалпыхалықтық міндет оны біз жұмыла атқаруымыз керек деп ойлаймын.

Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Осы тұрғыда, балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет.

Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз»- деп атап көрсетті.

Осы кез Тәуелсіз Қазақстан елін ауыр сыннан өткізіп тұр. Қиыншылықтар аз емес. Әсіресе әлем экономикасында болып жатқан дағдарыс жас мемлекетімізге оңай тимеді. Бірақ біз бұл сынақтан да өтеміз.

Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихымызды тереңнен қозғап, елге рухани серпіліс беруге  бағытталған тапсырмасын орындауға ел болып жұмыла кірісуіміз керек.

 

Бүркітбай АЯҒАН,

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры,

тарих ғылымдарының докторы, профессор