
Бүгін, 22 қыркүйек, жексенбі күні Астананың «Барыс» командасы құрлықтық Хоккей Лигасы чемпионатында Екатеринбургтің «Автомобилисін» қабылдап, оны 7:2 есебімен талқандап шықты. Бұл туралы Egemennews.kz тілшісі хабарлады.
Бұл кездесудің бірінші кезеңінде қарсыластар кімнің мықты екенін анықтай алмады. Бірақ кездесу қонақтардың тез алға шығуларымен басталды. Олардың Александр Стрельцов және Тобиас Виллунд есімді екі шабуылшысы Ари Ахонен қорғаған біздің қақпаға екі шайба соғып кетті. Содан кейін арада 6 минут өткенде, Роман Старченко бір шайбаның қарымтасын қайтара алды. Ал кезеңнің соңына қарай Талғат Жайлауов есепті теңестірді - 2:2. Содан кейін тек қана астаналықтар қақпа құлпын бұзумен болды. Келесі кеезң басталғанда 11 секунд өтісімен, Найджел Доус алаң иелерін матчта бірінші рет алға шығарды. Осы кезеңде Федор Полищук те көзге түсіп, есепті 4:2 етті.
Үшінші кеезңде астаналықтар жауапсыз үш шайба түсіріп үлгерді. Оларды Михаил Рахманов, Роман Старченко және Талғат Жайлауов өз есептеріне жазды. Сөйтіп, есеп 7:2-ге тиянақтады.
«Барыс» осылайша чемпионаттағы алтыншы жеңісіне жетті. Сонымен бірге команда біріншіліктегі соққан шайбалары санын 40-қа толтырып, бұл жөнінен де көш бастады.
Астаналықтар қазір 18 ұпаймен бұрынғысынша Шығыс конференциясында топ бастап келеді.
Дамир Қожамқұл.