Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, бүгін, 22 қыркүйек, жексенбі күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қызылорда облысына бүгін түс ауа басталған жұмыс сапары биылғы оқу жылында ашылған «Назарбаев зияткерлік мектебінің» жұмысымен танысудан басталды. Бұл туралы Egmenenews.kz тілшісі хабарлады.
Сыр өңірінде бой көтерген заманауи үлгідегі 720 орындық зәулім ғимараттың өзі қалаға өң беріп тұр десек, артық айтпаған едік. Елбасы атындағы зияткерлік мектепке облыстың барлық аймағынан дарынды, талантты оқушылар қабылданды. Сабақ үш тілде жүргізіледі. Алғашқы 7-9 сыныпта берілетін сабақ білім беру орталығының бағдарламасы аясында болса, 9-11 сынып оқушылары халықаралық стандартқа сай оқытылады. Алыстан келіп оқитын балаларға барлық жағдайы жасалған. Соның дәлелі ретінде 120 орындық жатақхананы айтар едік. Қызылордадағы «Назарбаев зияткерлік мектебі» химия және биология пәні бойынша тереңдетіп оқытады. Сонымен қатар, тағы бір ерекшелігі, ретінде экономика, экология, Қазақстан заманауи әлемде атты арнайы кабинеттер ашылған. Мұнда балалар әр сала бойынша жан-жақты ақпарат алып, білімдерін жетілдіреді. Мектепте білім алу үшін 4001 бала өтініш білдірген. Олардың арасынан сұрыпталып, 553 оқушы «Назарбаев зияткерлік мектебінің» оқушысы атанған. Тіпті, мұғалімдердің өзі сынақ арқылы қабылданған. Соның нәтижесінде 93 мұғалім бүгінде оқушыларға білім беріп жатыр. Олардың ішіндегі 53 ұстаз үш деңгейлі конкурстың нәтижесінде қабылданған. Мұның өзі талаптың өте күшті екенін аңғартса керек.
– Біріншіден, елдегі балалардың барлығы талантты, дарынды емес. Өмірдің шындығы осы ғой. Сондықтан ата-аналар балалары «Назарбаев зияткерлік мектебіне» түсе алмай қалып жатса ренжімеуі керек. Мұнда тек талантты балалар ғана білім алады. Екіншіден, бұл оқу ордасы облыстағы қай мектептің қандай деңгейде екенін көрсетеді. Өйткені, мұнда тек мықтылар ғана оқиды. Сондықтан мектептердің білім сапасы анықталады. Ал осы мектепті бітірген оқушылар білімін одан әрі Астанадағы «Назарбаев университетінде» жалғастыра алады. Болашақтағы білімнің ең биік шыңы биология болып саналады. Себебі, биологияның өзі математикамен және нанотехнологиямен қатар жүреді. Ашылатын жаңалықтың бәрі осы салада болады. Сондықтан мектептің биология мен химия пәнін тереңдетіп оқытуы қуанышты жағдай,– деді Елбасы.
Нұрсұлтан Әбішұлы бұдан соң «Назарбаев зияткерлік мектебін» аралап көрді. Атқарылып жатқан жұмыстар мен оқушылардың ғылымды игеруі үшін жасалған жағдаймен танысты. Онан соң ұстаздар қауымымен жолығып, пікір алмасты.
«Назарбаев зияткерлік мектебінде» Елбасы аймақта білім саласы бойынша атқарылып жатқан шаруалардың жайымен де танысты. Қызылорда облысында білім саласын дамытуға арналған 2013-2015 жылдар аралығындағы «Жол картасы» әзірленді. Соның арқасында биыл үш ауысымда білім беретін мектептердің мәселесі түбегейлі шешілген. Сонымен қатар, апатты жағдайдағы мектептердің саны нақтыланып, олардың құжаттарын дайындау үшін тиісті қаражаты бөлінген. Солайша, 2014 жылдың соңына дейін апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі толығымен шешілмек. «Балапан» бағдарламасы бойынша да атқарылып жатқан жұмыстар көңіл көншітерліктей. Бағдарлама бойынша 2020 жылға дейін балаларды толығымен балабақшамен қамту көзделген. Дегенмен, Қызылорда облысы 2015 жылы бұл тапсырманы орындап қоймақ. Тағы бір айта кететін мәселе бар. Биыл көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан талантты балаларға облыс әкімінің арнайы 123 гранты бөлінген. Балалардың барлығы аймаққа қажетті мамандық бойынша білім алып жатыр. Ал оқуын аяқтағаннан кейін 5 жыл шеңбе рінде облыста еңбек ететін болады. Білім саласындағы үлкен жаңалықтың бірі де осы.
– Мектептерде екі ауысымда білім берген дұрыс. Себебі, ғимарат бос тұрмауы керек. Осы уақытқа дейін 700-ден астам жаңа мектеп салдық. Бірақ мына жақта апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі назардан тыс қалуда. Сондықтан осы апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымда білім алатын оқу ошақтарының мәселесін жою керек. Ал мектепке дейінгі тәрбие ең негізгі мәселе болып қала бермек. Қызылорда облысында балалар балабақшамен жүз пайыз қамтылып жатса, ол үлкен табыс,– деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Осымен Мемлекет басшысының Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапарының бірінші күні аяқталды. Ал ертең Елбасы жаңадан салынған «Мұз айдының» құрылысымен танысып, «Бастау» бизнес орталығында өңірдің зиялы қауымымен кездеседі деп жоспарланып отыр.
Ержан Байтілес,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда.
Суреттерді түсірген Александр Кочерещенко.