22 Қыркүйек, 2013

Футбол. «Шахтер» соңғы сәтте тең ойынға жетті

265 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Футбол-Кайрат-Шахтер-1

Қазақстанның футболдан Премьер-лигадағы чемпионатының 27-турын бүгін, 22 қыркүйек күні кешке Алматыда жергілікті «Қайрат» пен Қарағандының «Шахтер» командалары арасындағы кездесумен аяқталды. Бұл туралы Egemennews.kz тілшісі хабарлады.

Матчтың бірінші таймында қонақтар ептеп басымдық көрсеткенімен, нәтижеге жеткен алаң иелері болды. Олар 32-минутта гамбиялық форвард Момеду Сиссейдің күшімен бірінші голды соқты. Ол Қазбек Гетериевтің пасын өте жақсы пайдаланды. Арада бар-жоғы 4 минут өткенде, алматылықтар тағы бір гол соғып, басымдылықтарын артыра түсті. Бұл жолы Виталий Ли ерледі. Оның айып алаңына жақын жердегі алаң ортасынан ұрған соққысына қорғаушылар да, қақпашы да тосқауыл қоя алмады. Сонымен, қарсыластар 2:0 деген есеппен үзіліске шықты.

Ал нағыз тартыс ойын екінші таймда өрнектелді. Бұл тағы да қайраттықтардың есепті ұлғайта түсуінен басталды. Кездесудің 55-минутта Артур Едигарян кеншілер қақпашысы Стас Покатиловтың қақпасына тағы бір доп жөнелтіп, есепті 3:0-ге жеткізді. Жұрттың бәрі осыдан кейін қарағандылықтар жеңіліске көнетін шығар деп ойлаған. Бірақ олай болмай шықты. Бұған, сірә, Виктор Кумыковтың тайм басында екі бірдей ойыншыны алмастырғаны да себеп болған шығар.

Қарағандылықтар үшін үміт отын жандырған команда капитаны Андрей Финонченко болды. Ол алдымен бірінші, сосын екінші голын соғып, командаластарын жігерлендіре түсті. Ал қарағандылықтардың соңғы голын ойынға қосылған қосымша уақытта Игорь Зенкович салды. Сөйтіп, есеп 3:3 болып аяқталды.

Еске сала кетейік, Қазақстан біріншілігінде бұл командалар бұған дейін өзара 42 рет кездескен екен. Соның 18-інде «Шахтер», 17-сінде «Қайрат» жеңіп, 7 матч тең аяқталған. Доп айырымы: 52-51 - алматылықтардың пайдасында болған. Енді 55-54 болды.

Тағы да еске сала кетейік, кеше осы турдың алдыңғы ойындары ойналып кеткен болатын. Ол мынадай нәтижелер әкелді:

«Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Астана» (Астана) 2:0

Голдар: Кападзе (52), Хайруллин (90+6)

«Восток» (Өскемен) – «Жетісу» (Талдықорған) 0:0

«Тараз» (Тараз) – «Атырау» (Атырау) 1:1

Голдар: Обиора (36) – Алвиз (66-пенальти)

«Ақжайық» (Орал) – «Тобыл» (Қостанай) 1:3

Голдар: Черны (78) – Куртиши (7), Бугаев (20, 74).

«Ертіс» (Павлодар) – «Ордабасы» (Шымкент) 3:0

Голдар: Бақаев (48-пенальти), Мухутдинов (55), Чернышов (75).

Келесі турдың ойындары 27 қыркүйекте өтеді.

Дамир Қожамқұл.

Соңғы жаңалықтар