Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде: «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде жоғары санатты, білікті сардарлар мүлде аз болды. Тұңғыш Президентіміз әр сарбазды жігерлендіре отырып, айбынды әскер құрды. Бүгінде біздің Күштік құрылымдарымыз заманауи техника мен технологияны меңгерген. Олар кез келген қауіп-қатерге қарсы соққы бере алатын айбынды әрі мобильді күшке айналды» деген болатын. Президенттің Қазақстан Қарулы Күштеріне деген бұл сенімі қазіргі жағдайда күн сайын ақталып келеді. Еліміздің Күштік құрылымдары дәрігерлермен, тәртіп сақшыларымен тізе қосып, індеттің жаппай таралуына тосқауыл болуда.
Осы мақсатта аз жұмыс атқарылған жоқ. Президент Қазақстан Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілер арнаулы жиындарға шақыру туралы Жарлыққа да қол қойды. Сонымен қатар Қарулы Күштердің Бас штабында радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау және экологиялық қауіпсіздік әскерлері департаменті құрылды. Осылай жалғастыра беруге болады. Алайда бүгінгі мақсатымыз ол емес. Көздегеніміз – Қазақстан дейтін қарашаңырақты Отаным деп білетін ынтымағы мен бірлігі жарасқан сарбаздар өміріне үңілу.
– Әскерге өткен жылдың күзінде шақырылдым. Тараз қаласының тумасымын. Тараз гуманитарлық университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша оқуымды тәмамдағаннан кейін Отан қорғаушылар қатарына қосылуға шешім қабылдадым, – дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінің жас сарбазы Қанат Асқаров.
Сарбаздың сөзіне сенсек, Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарынан табылғаны жігерін жанып, намысын шыңдап, әскери қызмет мерзімі аяқталған соң осы салада еңбек етуді көздеп отыр. «Бірақ алдымен офицерлерді даярлайтын әскери училищеге оқуға түсіп, білімімді жетілдіруді көздеймін» дейді. Мақсатына жетуіне тілектестігімізді білдірдік. Іле-шала осы бөлімшенің тағы бір жауынгерін әңгімеге тартудың сәті түсті.
– Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданында Тескенсу атты ауыл бар. Сол ауылдың тумасымын. Ұлтым – ұйғыр. 2019 жылдың күзінде маған Отан қорғаушылар қатарынан табылудың бақыты бұйырды. Қазір БМП-2 арнайы жаяу ұрыс машинасының көздеуші-операторы ретінде Отан алдындағы борышымды өтеп келемін. Жауынгерлік жалын – қанымда бар. Атам Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Сол кісінің ізін жалғасам деймін. Кейін келісімшарт бойынша қызмет еткім келеді, – дейді Асылжан Халил.
Асылжанның айтқанына құлақ түре отырып, оның білім ошағынан түлеп ұшқаннан кейін азды-көп еңбек еткенін білдік. Одан соң барып сарбаз атаныпты. Алайда Отан қорғау ісі жанына жаққаны, көңілінен шыққаны аңғарылады. Әскерден соң да әскери өмірді жалғастыруға деген құлшынысы – соның дәлелі.
– Шымкент қаласының тумасымын. Ұлтым – өзбек. 2013 жылы Алматыдағы Құрлық әскерлері әскери институтына түсіп, оны лейтенант шенінде ойдағыдай аяқтадым. Бұдан соң Өскемен қаласындағы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 27943 әскери бөлімінде рота командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып қызмет еттім. Осы бөлімде екі жарым жыл тер төккеннен кейін биыл 16 наурызда Үшарал гарнизонындағы 40398 әскери бөлімінің барлау жауынгерлік батальоны командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып бекідім, – дейді Мурод Махамедов.
Мурод әскери өмірмен ұштастырып, спортты да жанына серік ете біліпті. Тіпті таэквондодан «қара белбеуі» де бар І дан иегері. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы ұйымдастыратын қоян-қолтық ұрыста өнер көрсетіп қана қоймай, Елбасы кубогын, Қазақстан чемпионаттарында да атой салып жүрген жайы бар.
– Жамбыл облысына қарасты Қордай ауданында Гвардейское кенті бар. Сонда дүниеге келдім. Әкем әскери адам еді. Содан болар, әскери техника тізгіндеп жүрген бейнесі жадымда жатталып қалды. 2011 жылы мен де әскер қатарына шақырылып, соны әрі қарай жалғастыра келе келісімшарт бойынша қалуға бел байладым. Әскерге шақырылған кезімде де радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау взодына тап болған едім. Сол взводта қалдым. Бүгінгі төтенше жағдай режімі кезінде Тараз қаласында дезинфекциялау жұмыстарын жүргіземіз, – дейді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 85395 әскери бөлімінің командирі, сержант Владимир Мартыненко.
Үйленіп, отбасында қыз өсіріп отырған Владимирдің әскер қатарында жүргеніне 9 жылдың жүзі болыпты. Бұл қызметін алдағы уақытта да абыроймен атқаруға ниетті.
– Қарағанды облысына қарасты Осакаров ауданының Святогорвка ауылында кіндігім кесілген. Ұлтым – неміс. 2008 жылы орта мектепті тәмамдап, сол жылы Құрлық әскерлері әскери институтына оқуға қабылдандым. 2012 жылы аталған институтты үздік тәмамдаған түлек ретінде иыққа тағар погонды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алдым. Оқуымды ойдағыдай аяқтаған соң еңбек жолым Тараз қаласында орналасқан әскери бөлімде басталды. Екі жыл қызмет етіп, кейін Қарағанды қаласына ауыстырылдым, – дейді «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты Қарағандыдағы 31775 әскери бөлімінің аға офицері, капитан Александр Рафшнайдер.
Александар әскери қызметкер болуды бала кезінен армандады. Олардың киіміне, жүріс-тұрысына қызықты. Есейе келе Отанға деген сүйіспеншілігі бала күнгі арманымен ұштасып шыға келген екен. Әсіресе жазушысы Александр Бектің «Арпалыс» («Волоколам шоссесі») повесін оқып, батыр Бауыржан Момышұлының ерлігіне қатты сүйсініпті. Сүйікті шығармасы да – осы.
Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасап, «Індетпен күрестің алдыңғы шебіндегі азаматтарды тағы да ерекше атап өткім келеді. Халықтың қауіпсіздігі үшін жанкештілік танытып жүрген дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарының өкілдеріне және әскери қызметшілерге алғыс айтамын» деген еді.
Алдыңғы шепте жүргендер... Соның арасында әскери қызметшілер де бар. Жау – қару асынып келеді деген ұғымның ескіргенін пандемияны көріп түйсіндік. Адамзаттың қас жауына айналған вирустың вакцинасы да табыла қоймады. Солай бола тұра жанын шүберекке түйіп, алдыңғы шепте жүрген әскери азаматтар барын білеміз.