Өзінің қызмет бейініне сай Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві саяси, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің құжаттарын жинаумен, сақтаумен айналысып келе жатқанына да жиырма жылдан асты. Қазақстанның әскери тарихының негізгі кейіпкері ретінде Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовті атап өтуге болады. Егемен Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, жоғары құрамдағы офицер, армия генералы Сағадат Қожахметұлы 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысы Алексеев ауданы Трудовое селосында дүниеге келген. Түркістан пулеметшілер әскери училищесін 1943 жылы, М.В.Фрунзе атындағы Әскери академияны 1949 жылы, КСРО Қарулы күштері Бас штабының Әскери академиясының Жоғары академиялық курстарын (1971, 1981) бітірген.
Сағадат Нұрмағамбетұлы еңбек жолын колхоздың егіс бригадасының есепшісі болып бастаған. Әскери училище курсанты болып әскери өмірін бастаған ол Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты, Жеңісті қарсы алған соң Степной (Түркістан) әскери округінің жоғары оқу орындары бөлімінің инспекторы қызметін атқарды. Бейбіт өмірде кеңестік биліктің қарулы күштерінің офицері ретінде кіші офицерлік құрамнан ең жоғарғы офицерлік шенге дейін көтеріліп, қорғаныс саласында қызмет етті. Жариялылық, қайта құру кезеңдерінде Қазақ республикалық соғыс, еңбек және Қарулы күштер ардагерлері кеңесінің төрағасы ретінде біршама еңбек сіңірді. Еліміз егемендігін жариялаған, өз қорғаныс саласын дамытуды қолға алған кезде, тәуелсіз Қарулы күштерін құруда Елбасының жанында қажымай-талмай ұйымдастыру жұмыстарын атқарды. Жоғарғы Кеңестің Ардагерлер, мүгедектер және әскери қызметшілер істері бойынша комитетінің төрағасы (1990-1992), Мемлекеттік қорғаныс істері комитетінің төрағасы (1992-1995), Қорғаныс министрі (1992-1995), Қазақстан Президентінің кеңесшісі (1995), 1995 жылдан зейнет демалысында болып, Президенттің штаттан тыс кеңесшісі болып қызмет атқарды (1995-2000).
Ол Кеңес Одағының Батыры (1945), еліміздегі ең жоғары атақ – Халық Қаһарманы (1994) атақтарын иеленді. Оның кителінде Отан, Ленин, Октябрь Революциясы, Қызыл Ту, І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы», екі мәрте Қызыл Жұлдыз, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі, Болгария, Польша, Украинаның Достық (РФ ордені, 1997) ордендері мен түрлі медальдар жарқырады. Ақмола облысы Ақкөл ауданының, Алматы және Донецк қалаларының Құрметті азаматы атақтарын иеленді. Халық құрметіне бөленді.
Тәуелсіздік жариялаған тұста, кеңестік биліктің одақтас республикасы ретінде өмір сүрген елдің алдында таңдау тұрды. Өз аумағын, мемлекеттілігін, қорғанысын, экономикасын өз бетінше жүргізу міндеті алға қойылды. Маман офицерлердің қатары өте аз болатын. Кіші офицерлік құрамнан армия генералы шеніне дейін көтерілген Сағадат Қожахметұлы аталған кезеңде егемен елдің қорғанысы мәселесін шебер маман ретінде жүзеге асыра білді. Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Ардагерлер мен әскери қызметшілер істері жөніндегі комитеттің төрағасы міндетін атқарып жүрген кезінде, Мәскеуде Тамыз бүлігі орын алды. Орталықтан басқарылатын Қарулы күштер қатарында болғандықтан бар салмақ әскери мамандарға түсті. Ол республика басшылығы тарапынан 40-армия басшылығы арқылы әскер қатарындағы жағдайды талдауға тапсырма алды. Қолда бар мүмкіндігін пайдаланып, армия қатарында еш өзгеріс жоқтығын, барлығы да жоспарланған оқу-әскери міндеттерді орындау бойынша қалыпты жағдай орнатылғандығын, рұқсат етілмеген митингілердің болғандығы жайлы тіркелмегендігін анықтады. Бірақ армия басшылығынан барлық бөлімдер мен құрылымдарды толықтай әскери дайындықта ұстап тұруға нұсқау алды. С.Нұрмағамбетовтің еске алуынша, сол кездегі кеңестік әскери билік Қазақстанды және т.б. одақтас республикаларды Мәскеуге бағындыра отырып, әскери округтер құруды ұсынды. Ол округтер өз құрамына бірнеше республиканы қамтуы тиіс болды. КСРО Қорғаныс министрлігі және егемен республикалардың арасында келісімшарттар жасалады деп жоспарланды. Жоспар талқыланған кезде сөз алған С.Нұрмағамбетов Қазақстан басшылығының позициясын баяндап, КСРО Қорғаныс министрінің баяндамасының тезистерімен келіспейтіндігін айтты. Кеңес Одағы толығымен күйреген соң, одақтас республика басшылары армия құруды өз беттерінше жүргізетінін, ұлттық аумақтан өзге жерлерге өз жастарын жібермеу туралы шешімдер қабылдайтындығын айтты. Армияға қажетті реформаны басқаша жолмен жүргізуді Қазақстан атынан ұсынды. Аумалы-төкпелі кезеңде Қарулы күштерді қысқартуға ұшыратпай, офицер мамандарды сақтап қалуды, мемлекеттік әскери базалардағы (арсеналдардағы, қоймалардағы) түрлі қолданыстағы техникалар мен әскери іс-әрекет жасауға қажетті құралдарды дұрыс игере білу, қоғам игілігіне айналуы тиіс мол байлықты өркениетті түрде тарату, бөлу, иесіздік пен талан-таражға салынып кетпеуін қадағалау жөнінде мәселе көтерді.
Қорғаныс мәселелерінің күрмеулі түйіндерін шешуге арналған жиналыстар, мәжілістер, кеңестер бірнеше мәрте одақтық, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері басшыларының қатысуымен өткізілді. Н.Назарбаев тәуелсіздікті, аумақтық тұтастықты, республиканың қорғаныс және өмірлік маңызды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында 1991 жылы «Қазақ КСР мемлекеттік Қорғаныс комитетін құру туралы» Жарлығын жариялады. Жарлықты жүзеге асыру мақсатында Министрлер кабинеті аталған мекеменің мемлекеттік орган ретінде республиканың әскери инфрақұрылымын басқару құқығына иелігін айқындайтын арнайы қаулы қабылдады. Екі ай мерзім ішінде Комитет жұмысы туралы ереже қабылдау тапсырылды. Желтоқсан айының ортасында, комитет төрағасы С.Нұрмағамбетов, оның орынбасарлары генерал-майор Н.Хлюпин және генерал-майор С.Алтынбеков, жетекші басқармалар мен бөлімдердің басшылығына Л.Бакаев, А.Тасболатов, М.Шампиев, С.Тауланов негізгі лауазымдарға тағайындалды.
Ел атынан қорғаныс мәселелері бойынша одақтық деңгейдегі талқылауларға С.Нұрмағамбетов қатысты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 1992 жылы сәуірдің ортасында Т.Жүкеев екеуі Ресей президентінің кеңесшісі Э.Бурбулиспен келіссөздер жүргізуге жол тартты. Бурбулис Ресейдің бүкіл республикаларды асырауға шамасы жоқтығын айтып, әр ел өз бетінше өмір сүруіне кеңес берді. Әңгіме барысында С.Нұрмағамбетов «Қазақстан жылына 15-16 млн тонна нан өндіреді, оның тек 2-3 млн-нын ғана өзіне алып қалады. Қалған астықтың барлығы ортақ қазанға құйылады. Республика Орталық Азия, Түркістан, Орал, Сібір әскери округтерін етпен қамтамасыз етеді және кімнің кімді асырап отырғандығын әлде де анықтау керек», деп қарсылық білдіреді. Сонда Э.Бурбулис: «Мен Қазақстанды айтып отырғаным жоқ. Онымен біз ерекше қарым-қатынастамыз. Бірақ біз мамырдың басында өз армиямызды – Ресей армиясын құрамыз. Ал сіздер өздеріңіз біліңіздер...», деп жауап қайтарды.
Ресей президенті кеңесшісімен кездесуден соң Қорғаныс министрлігінде болып, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Кокошинмен әңгіме жүргізілді. Ол да сол кезде Қорғаныс министрінің Ресей аумағында орналастырылған әскерлер бойынша бірінші орынбасары генерал-полковник П.Грачев те Бурбулистің мәлімдемесін растады. Ресейлік әріптестерімен болған келіссөздер нәтижесін баяндаған соң, Елбасы Н.Назарбаев: «Ресей президентінің Ресей армиясын құру туралы Жарлығы жарыққа шыққаннан кейін біз де өз Қарулы күштеріміз туралы Жарлық шығарамыз» деген шешім жасады. Көршілес елдің аталған ресми құжаты жарияланған соң, 1992 жылы 7 мамырда Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойды. Жоғарыда айтылғандар негізінде, Қазақстан басшылығының ұлттық армияны құруды өркениетті әдістермен жүргізуді, әлде де таратылмаған, Біріктірілген Қарулы күштер билігіне бағынысты түрде бейбіт түрде шешуді мақсат еткенін көруге болады. Жарлық шыққан күні Мемлекет басшысы С.Нұрмағамбетовті Қорғаныс министрі етіп тағайындады. Егемендігі еңселі елдің Қарулы күштерінің құрылуының негізін қалаушы С.Нұрмағамбетов осы бір қилы кезең жайлы осылайша баяндайды.
Сағадат Қожахметұлының құжаттары өз өтініші бойынша келісімшарт арқылы Қазақстан Республикасы Президенті Архивіне қабылданып алынды. Тұрақты мемлекеттік сақтауға ол кітабының қолжазбасы мен жеке архивтің басқа да құжаттарын қабылдап алуды өтінеді. Сонымен қатар өтінішінде «От огненных лет до суверенной армии» және «Книга-альбом» кітаптарын атап көрсетеді.
Жеке қордың құрамында С.Нұрмағамбетовтің жеке және отбасылық суреттерімен қатар оның қызметтік жолын көрсететін суреттер қамтылған. Олардың қатарында Сағадат Қожахметұлының Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевпен, Ә.Кекілбаевпен, Қ.Тоқаевпен, С.Зимановпен және т. б. елге танымал тұлғалармен түскен суреттері бар. С.Нұрмағамбетовтің 1941-1945 жылдардағы майдандас достарымен соғыстың қан қызу шағында түскен суреттері ерекше орынға ие. Қазақстандық әріптестерімен, Т.Бигелдиновпен, М.Алтынбаевпен, шәкірті А.Тасболатовпен түскен суреттері тұпнұсқа күйінде сақтауға алынған.
Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне сақтауға алынған Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің жеке қоры Ұлттық архив қорының ажырамас бір бөлігі ретінде Қазақстан тарихының елеулі бір бетіне айналуда. Сарбаз сардарына қарап сап түзейді. Болашақ ұрпақ та аға буынның өнегесінен тағылым алады.
Ер есімі ел есінде қала бермек. Мемлекет тарихының бір бетін жазу үшін қаншама қажырлы еңбек пен қарымды күрес жүргізілетіндігін ескерген жөн.
Әлия СҮЛЕЙМЕНОВА,
Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің бас сарапшысы,
тарих ғылымдарының кандидаты