
Қазақстандық грек-рим күресінің шебері Нұрмахан Тінәлиев Венгрияның астанасы – Будапешт қаласында мәреге жеткен әлем чемпионатында 120 килоға дейінгі салмақта қола медальге қол жеткізді. Бұл туралы Egemennews.kz тілшісі хабарлады.
Біздің жерлесіміз біріншілікте үшінші орын үшін таласты алаң иесі – венгер атлеті Михал Дик-Бардошпен өткізіп, 5:0 есебімен жеңіске жетті. Айта кету керек, Нұрмахан бұл есепті белдесудің бірінші кезеңінде-ақ қамтамасыз еткен. Ал екінші кезеңде осы артықшылықты сол күйі ұстап қалды. Нәтижесінде қола медальды мойнына тақты. Соның арқасында Қазақстан құрамасының Будапештте бірінің соңынан бірі өткен еркін күрес, әйелдер күресі және грек-рим күресі сынды сайыстарда алған қола медальдарының саны екіге жетті. Мұның алдында бұл биікті 63 килоға дейінгі салмақтағы жерлесіміз Екатерина Ларионова бағындырған болатын.
Осымен Нұрмахан Тінәлиев үшінші мәрте әлемнің қола жүлдегері атанып отыр. Ол бұған дейін 2010 жылы Мәскеуде, 2011 жылы Ыстамбұлда 120 килоаға дейінгі салмақта үшінші тұғырдан көрініп еді. Соның ішінде Нұрмаханның 2010 жылы ширек финалда Бейжің Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің екі дүркін чемпионы Хасан Бароевты 3:1 етіп жеңіп, оны жүлдесіз қалдырғаны ешқашан ұмытылмайтын айтулы айқастардың бірі болды. Мұның соңынан кубалық Олимпиада чемпионы Лопеске жол беріп алуы ғана біздің атлетті финалға жеткізбеді. Есесіне, үшінші орын үшін шайқаста чехтың үкілеген үміті Марк Швецті «шайнап тастаған».
Палуан Нұрмахан Тінәлиевтің бұлардан да басқа спорттық жетістіктері баршылық. Айталық, ол 2010 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен Азия ойындарының чемпионы атанса, 2013 жылы Қазанда жалау көтерген Бүкіләлемдік Универсиаданың қола жүлдені еншіледі. Сонымен бірге, спорт мамандары арасында қашаннан «кіші әлем чемпионаты» атанып жүрген И.Поддубный халықаралық турнирінің 2010 жылы Ресейдің Төмен қаласында керуен керген сайысында үшінші орынды жеңіп алған.
Дамир Қожамқұл.