Байтақ еліміздің барлық ұл-қыздары сияқты біздің шағын коллективтің әр мүшесі осы сағаттан бастап өзін Отан солдатымын деп сезінуі керек, – деді газет редакторы Сақтаған Бәйішев. – Енді қалам орнына қару ұстаймыз. Жауды жеңгенше журналистік жұмысты қоя тұрамыз. Ел намысы – ер намысы. Ендеше, жол болсын, жолдастар!
Үнсіз қалдық. Үнсіздікті редакцияның мал шаруашылығы секторының меңгерушісі Мұхамедқұл Исламқұловтың саңқылдаған дауысы бұзды. Ол Қызыл Армияның запастағы офицері еді.
– Әріптестер, осы минуттан-ақ сіздермен қоштасамын, – деді Мұхамедқұл. – Қазір үйге де соқпастан тура әскери бөлімге тартамын. Барлық жігіттерге сәт-сапар тілеймін. Жеңіспен жолығысайық, жолдастар!
Бәрімізбен құшақтай қоштасты. Әйелдер бетінен сүйді, көздері боталап барады. Осылайша «Социалистік Қазақстаннан» бірінші болып майданға аттанған М.Исламқұлов еді. Мінезге бай, адамгершілігі мол, қолы ашық бұл жігіт енді ортамызға келмейді деп сонда ойладық па? Қарымды қаламгердің, жалынды жауынгердің редакция қабырғасындағы мәрмәр тақтаға ғана атын қалдырып, өзі оралмасын сол сәтте кім біліпті. Ал ішіміз алай-дүлей еді...
Қырық жылға жуық қазіргі «Егемен Қазақстанда» тілші, бөлім меңгерушісі болған қаламды да, қаруды да ұстанған соғыс және еңбек ардагері белгілі журналист Қаби Мыңжанов ағамыз бұл мақаласын газеттің жетпіс жылдық тойына орай сол кездегі жолбарыс жүректі жігіттерді құрметпен еске алып жазған екен. Ол кісінің айтуынша, қан майданға редакциядан аттанған жиырма әріптесінің алтауы қаһармандықпен қаза тапқан. («Егеменқазақстандықтар», 2009 жыл).
Бүгінде көпшілік тағзым етер майдангерлер есімі жазылған ескерткіш тақта сол күндердің хабаршысындай «Егемен Қазақстан» редакциясының қастерлі орнына айналған. Осы ескерткіш тақта жайында және де ондағы есімі жазылған екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан журналист-жауынгер Мұхамедқұл Исламқұлов хақында қазақтың намысынан жаралған баһадүр батырымыз, көрнекті жазушы Бауыржан Момышұлы «Көз алдымдасың бәрің де...» деген жинағындағы «Арысым еді» деген естелігінде үлкен құрметпен жазады.
«...Осы күні «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінің редакциясына бара қалсаңыз, текпершектен көтерілгенде, оң қол жақта қабырғада қос мрамор тақта қағулы тұр. Мрамордан қашалған алтын жазулар бар. Осы редакцияларда кезінде жұмыс істеп, содан соғысқа аттанып, ерлікпен қаза тауып, қайтпай қалғандар тізімі.
Мен әлдеқалай редакцияға жолым түсе қалса осы мрамор тақталар алдында басымды иіп, ұзақ тұрамын. Неше түрлі ойлар келеді. Сонау сұрапыл соғыстан осылар құсап қайтпай қалуым да мүмкін еді-ау. Оқ адамды таңдап тимейді. Небір боздақтар кетті. Мына тізімдегілердің көбін біле бермеймін. Бірақ мен жақсы білетін бір адам осы тізімнің орта тұсында тұр. Ол – Мұхамедқұл Исламқұлов. Ол менен он жас үлкен еді. Тірі болса, биыл жетпіске шығар еді. «Мұқа, Мұқа» деп жетпіске шығуымен құттықтап, қаумалап отырар едік. Иә, «тірі болса» деген тілекке жете алмағандар қаншама...»
Осылайша жалындаған жас журналист 1941 жылы соғысқа сұранып, 316-атқыштар дивизиясының үшінші батальон құрамына алынады. Батальон командирі 40 жас шамасындағы майор Николай Поляков білімді де алғыр Мұхамедқұлды бірден штаб бастығы етіп тағайындайды. Генерал Панфилов бастаған қазақстандықтар дивизиясы Мәскеу түбінде астанаға анталаған неміс күшінің дәл нақ ортан беліне қарсы тұрады. 1941 жылдың 23 қазанында немістердің сұрапыл шабуылынан алдымен майор Поляковтың батальоны қатты соққыға ұрынады. Штаб бастығы Мұқаметқұлға оққа ұшқаны бар, бөлініп қалғаны бар батальонды жинау оңайға түспейді. Байқайды дұшпанның қоршауында қалған. Сол кезде өршіл, намысшыл Мұхамедқұл дәті шыдамастан, жауға қарсы шабуылға дайындалып «За мной!», «За родину!», «За Сталина!» деп айқайлап шығады. Мұны көріп бақылап отырған майор Поляков: «Ерім-ай, ерім-ай» деп Мұхамедқұлды құшақтайды. Сол мезетте Поляковқа оқ тиіп, тіл тартпай кетеді. Бұл оның қанды қырғын жағдайында да еш қорықпайтынын көрсеткен жаужүректігі еді.
1941 жылдың 26 қарашасында қазақ офицерінің соғыста нағыз стратег, тактик екеніне көзі жеткен маршал Рокоссовский Бауыржан Момышұлын дивизия штабына шақырып, полк командирі етіп тағайындайды. Бұдан кейінгі кескілескен ұрыстар жайында Баукеңнің өзі сөйлесін.
«...Бұйрықтың аты бұйрық. Соғыс кезінде оған қарсы тұруға болмайды. Қайтар жолда «От пен судан бірге өткен батальонымды кімге тапсырамын» деп ойлап келемін. Көп толғанып, көп ойланып, батальонымды Мұхамедқұл Исламқұловқа тапсырсам деген шешімге келдім.
Бірнеше күндер, бірнеше түндер, бірнеше апталар қырғын соғыстық. Исламқұловтың батальоны алғы шепте еді. Жауапты жерлерде болды. «Бәрін айтта, бірін айт» деген дейін, Соколово қыстағында дұшпан тықсырып бізді қоршай бастады. Исламқұловты шақырып алдым:
– Мұқа, жағдайды көріп тұрсың ғой, мен полкті алып шығуым керек нақ осы жерден. Алып шығу оңай емес, сол себепті сізді тосқауылға тастап кетемін.
– Түсіндік, Бауке.
Бұл полкті аман алып қалуда бір батальонды жаудың арандай аузына тығын болсын деп тастай салғанымен бірдей. Бұған ердің ерлері ғана шыдас береді. Сол соғыста Исламқұлов өз батальонымен жаумен шайқасып, табан тіресіп тұрып алды. Мен полкті қоршаудан шығарып, жаңа шепке алып келдім. Екі күннен кейін Исламқұлов бізді қуып жетті.
Мен өз батальоныммен бес рет қоршауда қалдым. Бірақ та бұғауды бұзып, жау шебін жыртып, ұдайы қоршаудан шықтық. Бір кездесуде Мұхамедқұл маған: «Әй, Бауыржан, есіңде бар ма? Мен саған бір кезде өте қатал екенсің деп айтқаным, – деді. – Сен сонда: «Мұқа, мені жұмсартып қайта жұмсамақсыз» дегенде жығылып, ішімнен «сөз тапқанға қолқа жоқ» деген осы екен ғой» деп қойғанмын. Сенің қаталдығыңды мен жақтырмаушы едім. Бірақ соғыста қатал болу керек екен. Марқұм майор Поляков жұмсақ кісі еді. Соның жұмсақтығының қорлығын соғыста көрдік.
29 ноябрьде Крюковаға келдік. Кескілескен ұрыс толассыз бір аптаға созылды, деревняны біресе немістер, біресе біз аламыз...
Орыста мақал бар: «Өзім батыр ретінде сізді де батыр деп таныдым» («Как храбрец признаю вас храбрецом») деген. Сол Крюковадағы соғыста Мұхамедқұл Исламқұловты нағыз ержүрек азамат деп танып, қаһармандығына басымды иіп едім. («Жұлдыз» журналы, тамыз, 2008 ж.)
Бұдан нені аңғарамыз, Екінші дүниежүзілік соғыста қайталанбас ерлігімен аты аңызға айналған, өзіне ғана тән ұлылықпен өмір сүрген даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының сондай шешуші кезеңде өзі басқарған батальонның тізгінін сеніп тапсыруы – оның алғыр да өршіл, қайтпас қайсар, жаужүрек жауынгерлік қасиеттерін танып, бағалағаны, Отанын, елін, жерін сүйген адал перзент екеніне еш күмән келтірмегені деп білеміз. Болмаса майданда небәрі алты-ақ ай соғысса да оқ пен оттың арасында қанды қырғынның алғы шебінде көзсіз батырлыққа барып, өшпейтін, өлмейтін осы жасаған ерлігін ол «Қанмен жазылған кітабына», «Психология войны» еңбектеріне арқау етпес еді. Тек Баукеңнің ғана емес, Исламқұловтың майдан даласындағы ерлігі А.Бектің «Волоколом тасжолы», «Арпалыс», А.Трефиловтың «У ворот Москвы», М.Ғабдулиннің «Менің майдандас достарым», Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» кітаптарында шынайы суреттелген. Сондай-ақ ол кісінің Мәскеу түбіндегі шайқаста көрсеткен ерліктері мен қаһармандық іс-әрекеттері туралы мерзімді басылымдарда да көптеген мақала, очерктер жарияланған.
Есіл ер Мұхамедқұл 1942 жылы
5 ақпанда кескілескен ұрыста ерлікпен қаза тауып, Отан үшін шейіт болады. Бұл суыт хабарды естіген Баукең қандыкөйлек жолдасын өлімге қимай, жүрегі қан жылап қатты қайғырады. Өмір мен өлім белдескен тұста сенімді серігінен айрылып қалғанына қапаланады. Сол сезімін, әрі аруақтың алдындағы адами, азаматтық парызы санап, елі, жері Отаны үшін жанын пида еткен ержүрек бауырының ерлігіне тағзым ретінде қан майданда жаумен айқаса жүріп, қаламын қанға батыра қазасына арнап жырдан ескеркіш соғады. Бұл 1942 жылдың 22 ақпаны еді.
СЕРІГІМ ЕДІ
Келбетті, орта бойлы, өжет мінез,
Кең маңдайда ақылды жайнаған көз.
Әдепті һәм өнерлі салтанатты,
Сендей жігіт анадан туа бермес –
Деуші едім ішімнен мен сені көріп,
Айтпағанмен өзіңе шын сыр беріп,
Болашақта қолбасшы болатын ер
Өткелден өтсе қиын жорық көріп.
Қия жерден қисаймай,
Тіке жүріп кетіп ең.
Сескенбестен қауіптен,
Қайтпастан алған бетіңнен.
Бірнеше қырғын соғыста
Жалтақтамай артыңа
Жігіттік, ерлік, батырлық,
Қаһармандық етіп ең.
Тосыннан тиген дұшпанға
Тапқырлықпен, әдіспен
Табандылық етіп ең.
Полкқа бұйрық болғанда,
Бір өзіңе аманат
Ерлерді табыс етіп ем.
Қан майданды қақ жарып,
Шыққаныңа сүйсініп,
Біздің батыр мынау деп
Көрсетіп мақтан етіп ем.
Өршіл өжет батырым,
Ерлігіңе сенуші ем,
Қас батырдың бейнесін,
Сипатыңнан көруші ем.
Ақылға да кең едің,
Үлгі, өнеге көрсетер,
Ер серкесі болар деп
Ішімнен баға беруші ем.
Серігім едің сенімді
Жауды бірге шабысқан.
Жүрекке суық, жанға жат
Есіттім хабар алыстан:
Сыймай кеттің маңдайға
Қыршын, шейіт арыстан.
Қазаңа қатты қайғырып,
Жігер бауырым құм болып,
Қабырғам менің қайысқан»
(«Қанмен жазылған кітап», 1991ж.).
Тау тұлға Бауыржан Момышұлы майдангер бауырының алдындағы парызын өмірінің ақырына дейін атқаруға бар күш-жігерін салып өтеді. Қай кезде де осы бір ардақты есімнің халық алдында мерейі үстем болса деп армандайды. «Исламқұловты бір емес, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ұсындым. Бірақ әкесі болыс болды деген сылтаумен, ол атақ берілмеді» деп айтатыны сол батыр бабамыздың.
Жауынгер-журналист Мұхамедқұл Исламқұлов Ташкент қаласындағы Орталық Азия университетінде оқыған алғашқы қазақтың бірі. Сонда журналистика факультетін бітіріп, «Оңтүстік Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде еңбек етеді. Мұхамедқұлдың атасы Төрегелді ақсақал Сырдария өзенінің жағасындағы Сарыкөл аумағына болыс болған. Ол Ташкентте болыс болып тұрғанда ұлы Исламқұл Ресейдің саяси және мәдени астанасы Санкт-Петербордағы заң колледжін тәмамдайды. Хатшы болып қызмет атқарған оны әкесі болыстық сайлауға қатыстырады. Осы болыстық қызметті Исламқұл 21 жыл, яғни қатарынан жеті кезең, 1926 жылға дейін атқарады.
Мұхамедқұл атамыздың артында Ойрат пен Қайрат есімді екі ұл қалады. Ойраты Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында балалар дәрігері болса, әкесі майданға аттанғанда бір жаста, ал шешесі үш жасында қайтыс болып, балалар үйінде тәрбиеленген Қайраты Украинаның Днепродзержинск қаласындағы металлургтер училищесінде оқып, еңбек жолын Теміртау қаласындағы металлургия зауытында бастаған. Мәскеу Болат және қорытпалар институтын, Мәскеу машина жасау институтының аспирантурасын бітірген. 1967-1995 жылдары Қазақ химия-технологиялық институтында, Халықаралық қазақ-түрік университетінде аға оқытушылықтан бастап, доцент, кафедра меңгерушісі болып еңбек етті. Техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Мұхамедқұлұлы өмірінің соңғы жылдарын М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де ұстаздық қызметке арнады.
Қайрат қашанда әкесінің майдандас досы болған Бауыржан атасын іздестіріп, хат жазады. 1963 жылы батырдан «кездесу бұйырып жатса, әкең туралы көп әңгімелесетін боламыз» деп суретін салған хат келеді. 1969 жылы Бауыржан атасын Сарыағашта демалып жатқанда іздеп барып, ұзақ әңгімелеседі. Сонда қазақтың хас батыры майдандас бауырының ерен ерлігі, жауға тойтарыс берудегі әскери шеберлігі, ержүректігі, әкесінің қып-қызыл оттан қорықпайтын, жүрек жұтқан адам болғанын айта келіп: «Балам, орыста бір қанатты сөз бар, «Әділет қашанда жеңеді, бірақ ол кешіксе де келмей қоймайды...» деп үміт арттырады.
Жаратқаннан бала сұрағанда, артымда қалып, іздеушім, сұраушым болсын дейтін де шығар, Мұхамедқұлдың ұрпағы – ұлы Қайрат пен келіні Бибіхан 2012 жылы туған жерінен бір уыс топырақ алып, Ресейдің Новгород облысы, Старая Русса қаласына қатысты Давыдово селосы маңындағы әскерилер зиратында жерленген әкелерінің қабірінің басына барып, зиярат етеді. Сол жолы әке мен бала жетпіс жылдан кейін қауышып, келіні сәлемін салып, Құран бағыштап, ескерткіш тақта орнатады. Араға екі жыл салып, артында қалған немере, шөберелеріне тағылымы болсын деп, телеоператор, журналист қызды ертіп, тағы барып қайтады. Ал Мұхамедқұл әкелері жүзге толғанда Шымкентте елдегі ағайын-туған, жора-жолдастардың басын қосып, аталарының атынан тәберік таратып, Құран бағыштап, ол кісі туралы түсірілген бейнежазбаны көрсетіп, үлкен ас береді. Сонда ғой белгілі жазушы ағамыз Мархабат Байғұтов жерлес ағаларының артында осындай ұрпақ қалып, әкелеріне көрсеткен құрметтеріне риза болып: «Айналайын, халайық, бүгін біздің Мұхамедқұл атамыз тіріліп ортамызға келгендей болдық. Әсіресе осы имани тірлік, перзенттік борышты өтеуде Қайрат өз ұлы ғой, бәрін ұйымдастырып, жанын салып жүгіріп жүрген құйтақандай Бибіхан келінге рахмет, Алла риза болсын» дегені бар.
«...Мен өзім қырық жыл қырғында тірі қалған жандардың бірімін. Сол сұрапыл қырғын соғыста еліміздің талай саңлақ батырларының, ақылды ерлерінің қаза тапқанын қан майданда көзіммен көрдім. Менен артық, менен батыр, менен ақылды жігіттердің өліп кеткенін көзіммен көрдім. Олардың имандары жолдас болсын! Олар Ұлы Отанымыздың тәуелсіздігі үшін жан-тәнін аямай соғысты, сол тәуелсіздік үшін жан тәсілім етті...», деген Қазақ радиосының алтын қорында жазылған сөзінде қазақтың ар-ұятының, намысының символына айналған Бауыржан батыр Мәскеуді неміс басқыншыларынан қорғауда теңдессіз ерлік көрсетіп, қаһармандық танытқан батальон командирі Мұхамедқұл Исламқұлов сынды ерлерді айтқан болса керек.
Енді осындай есіл ерге артындағы қалған ел-жұрты сол даңқты ерліктерін ұлықтауда қандай ізгі құрмет нышандарын жасады дегенге келейік. Бүгінде Мұхамедқұлдың балалары Ойраттың қайтыс болғанына он бес, Қайраттың дүниеден өткеніне үш жылдың жүзі өтті. Келіні Бибіхан апайымыз жиырма жылдай әр есікті ашып жүріп, табандылығынан атасы туып-өскен Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауылындағы орта мектепке, Шымкент қаласында бір көшеге есімін беруге ұйтқы болады. Ендігі арманы майданға Алматы қаласынан өзі сұранып аттанып, қайсарлықтың, ерліктің, отансүйгіштіктің үлгісін әйгілеген, әрі қазақтың қаһарман хас батыры мойындаған батырды мәңгілік есте қалдыру мақсатында 2010 жылдан (ол кезде қала әкімі А.Есімов) қаланың әр әкімі ауысқан сайын Қазақстанның халық жазушысы, соғыс ардагері Әзілхан Нұршайықов, Кеңес Одағының Батыры Тоғамбай Қауымбаев, батыр бабамыздың ұлы Бақытжан Момышұлы, маршал Г.К.Жуковтың адьютанты болған, отставкадағы полковник Жазықбай Аханов, панфиловшы, соғыс және еңбек ардагері Әдіхан Шілтерханов қол қойған хатты жаңартып алып барады. Барлығында «келесі ретте береміз» деген жауап алады. 2016 қалада жүз адамға көшенің атын берілгенде де, қыршын кеткен боздақ атаусыз қалады. Бүгінде М.Исламқұлов тұрған Шагабудинов көшесі Пожарский, Минин көшелерімен қиылысады. Минин кім дегенге келсек, 1624 жылы Русьта болған көтерілісті басқарған адам екен. Қазір ХХІ ғасыр. Бүгінде олардың Қазақстанға, Алматыға қандай қатысы бар?
Иә, тарихта да, өмірде де халқы мойындаған, арда тұтқан өз батырлары болған. Ендеше, сондай халық батырларының ерлігін ұлықтау, есімін жадымызда жаңғыртып, насихаттау, келешек ұрпақты ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу бүгінгі ұрпақтың парызы екенін ұмытпауымыз керек...
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
журналист