Хх ғасырдың ең үлкен қасіреті
Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің ректоры:
– ІІ дүниежүзілік соғыс – ХХ ғасырдың ең үлкен қайғы-қасіреті ретінде есептеледі: ол әртүрлі бағалаулар бойынша, әскери және бейбіт тұрғындарды ескергенде, 50-ден 80 миллионға дейін адамның өмірін қиды.
Қазақстан Президенті атап өткендей: «Майдандағы әскери ерлік пен тылдағы қажырлы еңбек Жеңістің басты негізіне айналды. Біздің халқымыз адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстағы Ұлы Жеңіске өшпес үлес қосты. 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Соғыс жылдары бүкіл халқымыз тылдағы еңбекке жұмылды. Жауға атылған 10 оқтың тоғызы біздің елімізде жасалды. Әкелеріміздің ерлігі мен аналарымыздың еңбегі халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Біздің жеңістеріміздің тарихы – патриотизм мен ел бірлігінің нағыз үлгісі».
Сол кездегі Кеңес Одағы үшін әскери агрессияны тойтару жолында болған ұрыс Ұлы Отан соғысы болып саналады. Үлкен құрбандықтардың арқасында ел өз тәуелсіздігін қорғап қана қоймай, Еуропаны азат етуге қатысты. Қазақ халқы Кеңес Одағының бір бөлігі ретінде, соғыстың алғашқы күндерінен бастап әскер қатарына қосылды. Қазақстаннан майданға халықтың алтыдан бір бөлігі жіберілді, нақтырақ айтқанда 1,3 миллионнан астам адам соғысқа аттанды.Қазақстанда 12 атқыштар дивизиясы, 4 ұлттық атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, оның ішінде 2 ұлттық атқыштар бригадасы құрылып, соғысқа жіберілді. Сонымен қатар 50-ге жуық полк пен әртүрлі әскер түрі құрылды. Қазақстанда құрылған әскери құрамалар Ленинградты қорғауға, Сталинград түбіндегі шайқасқа, Курск, Днепрден өту ұрыстарына, Украина, Беларусь, Молдова, Балтық пен Шығыс Еуропа елдерін азат етуге қатысты. Рейхстагқа қызыл жауынгерлік туды орнатқандардың ішінде қазақ Рақымжан Қошқарбаев та болды.
Партизан қозғалысына көптеген қазақ ел аумағында ғана емес, сонымен қатар Болгария, Югославия, Италия, Франция мемлекеттерінде, яғни Еуропа жерінде де қатысты.
Соғыс жылдары Қазақстанға жүздеген зауыт пен фабрика көшірілді. Бұл Ресей, Украина, Беларусьтың оккупацияланған аймақтарындағы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар болатын. Кеңес әскерін қамтамасыз етуде Қазақстан шешуші рөл атқарды деп зор мақтанышпен айтуға болады. Қазақстанның соғыс жылдарындағы шеккен зардабы да өте жоғары. Қазақстаннан майданға шақырылғандардың жартысы отбасына оралмады. Хабарсыз кеткен қазақтарды іздеу әлі де жалғасуда. Аз ғана ардагерлеріміз қалды. Сондықтан бүкіл ғылыми қауымдастық тарихи жадыны сақтауға және олардың батырларына деген құрмет пен мақтаныш сезімін жас ұрпаққа жеткізуге өз үлестерін қосуы керек. Өз тарихымызды білмей – болашаққа жол жоқ!
Мен, халықаралық «ІІ дүниежүзілік соғыс: ортақ ерлік, ортақ тарих» тақырыбындағы онлайн-конференцияға қатысушыларға шын жүректен сәлемімді жолдаймын. Әлемдегі жағдайларға қарамастан, өмірін соғыс пен бейбітшілік мәселелерін зерттеуге арнаған әлемнің көптеген көрнекті ғалымдары мен өнер адамдары да бүгінгі кездесуге қатысуға уақыт пен мүмкіндік тапты. Барлығыңызға алғыс айтамыз. Бұл іс-шара ІІ дүниежүзілік соғыстың нәтижелерін объективті ғылыми және практикалық талдауға айтарлықтай үлес қосады және болашаққа конструктивті күн тәртібін қояды деп сенемін.
ІI дүниежүзілік соғыстан кейінгі ақш пен әлемдік тәртіп
Хуман САДРИ,
Сараптама және саяси зерттеулер орталығының (IPAC) директоры (АҚШ):
– ІІ дүниежүзілік соғыс Вашингтонды соғыстан кейінгі әлемдік тәртіп орнатуға әкелді. Ол үш принципке негізделді: бейбітшілік, даму және адам құқықтарын қорғау. Бұл үшеуі кейін бейбітшілік, қауіпсіздік пен тәуелсіздікті аңсаған халықаралық қоғамдастықтар жиынының басты мәселесіне айналды.
Соғыс кезінде АҚШ пен оның одақтастарының мүддесі Германия, Италия және Жапониядағы фашистік режімді бұзу болды. Дегенмен АҚШ президенті Ф.Рузвельт пен Ұлыбритания премьер-министрі Черчилльдің соғыс бітпей жатып-ақ одан кейінгі әлемдік тәртіпке қатысты үлкен жоспарлары болды.
Еуропа тәжірибесінен хабардар АҚШ көшбасшылары ІІ дүниежүзілік соғысқа дейін де ұжымдық қауіпсіздікке негізделген ескі идеяны әлемдік бейбітшілікті қорғау тәсілі ретінде қолданды. АҚШ одақтастарының 1940-жылдардағы соғыстан кейінгі бейбітшілік жоспары тың идея болмады.
І дүниежүзілік соғыстан кейін президент В.Уилсон жаңа әлемдік жүйе орнатуды ұсынды. Ол қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауға бағытталған Ұлттар Лигасы деген жаһандық ұйымға негізделген идея еді. 1918 жылы қаңтарда Ұлттар Лигасы идеясын өзінің 14 бағытына қосты. Дегенмен АҚШ бұл лиганың қатарына енбеді. Ақыры ұйым жұмысын тоқтатты. Өйткені құрылым әлемдік мәселелерді шешуге дайын емес-тін. Оған оның күші де, қауқары да жетпеді. Ұйым ресми жұмысына 1920 жылы 16 қаңтарда кірісті, 26 жылдан кейін 1946 жылы 20 сәуірде тарады. Алайда халықтың ынтымақ пен қауіпсіздікті аңсауы ұйыммен бірге өлген жоқ.
Ұлттар лигасы сияқты БҰҰ да АҚШ пен оның одақтастарының идеясымен құрылды. Лиганың тәжірибесіне қарағанда Вашингтон ІІ дүниежүзілік соғыстан кейінгі әлемдік тәртіпке мүдделі екенін көрсету үшін бұл ұйымды бірден қолдады. Оған қоса Америка БҰҰ жұмысына Нью-Йорктен ғимарат беріп, қажеттілігімен қамтамасыз етті. АҚШ демеушілігінің астарындағы негізгі теориялық идея – ұжымдық қауіпсіздік. Яғни, әр елдің қауіпсіздігі ұйымның барлық мүшесінің мәселесі деген жүйе. Ұжымдық қауіпсіздік тетігінің шеңберінде барлық мүше мемлекеттер агрессивті мемлекетке қарсы жұмылады.
Ұжымдық қауіпсіздік, әлбетте, ұжымдық қорғану мен қауіпсіздік келісімдеріне қарағанда қиын жүйе саналады. Оған екі себеп бар. Біріншіден, бұл жүйе барлық әлемді қамтуға бағытталған. Ал екіншіден, мұнда қоғамдастыққа төнген қатердің ошақтары мен оның түрлері қарастырылады. Теориялық тұрғыдан қарағанда, ұжымдық қауіпсіздіктің тарихы тереңде болса да АҚШ пен халықаралық қоғамдастықта қолданылуы қиындық тудырды. Оның сәтті жүзеге асуы үшін көптеген талаптың орындалуы керек еді. Осылайша, идея мен іс жүзінде орындалуы арасында үлкен келіспеушілік туды. Дегенмен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жазбаларынан бұл идеяның 1950 жылы Корей соғысы мен Кувейттегі 1991 жылғы қақтығыс жағдайларында қолданылғанын біле аламыз.
Әскери агрессияны әлемге төнген қауіп ретінде белгілеумен қатар АҚШ кедейлік әлемге мемлекеттік тұрғыдан да, халықаралық деңгейде де қатерлі деген идеяға келеді. Халықаралық қатынас саласында экономикалық факторларды соғыс тудырушы себептер ретінде қарастырған әдебиеттер көп. Байлар мен кедейлер болып жіктелу мемлекеттегі жергілікті қақтығыстарға алып келсе де, дәл осындай себеп пен ресурстардың дұрыс бөлінбеуі халықаралық келеңсіздіктер мен қақтығыстарға алып келуі мүмкін. АҚШ-тың көптеген батыстық жақтастары қоғамның дамуына ықпал ету экономикалық та, саяси да жандануға алып келетінін көрсетті. Оның нәтижесі ретінде жүйенің тиімділігіне көңілі толған халықтың өмір сапасының жақсаруын айта аламыз. Жалпы рационалдылық – болашаққа басымдық берген адамдардың өз қоғамын бейбіт әрі тұрақты құрылымға жетелеуінде.
Ал соғыстан кейін АҚШ пен оның одақтастары БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің көптеген даму жобаларын қаржыландырып, жандану идеясын дәріптеді. Ал бұл жобалар құнының көлемі БҰҰ-ның жалпы қаржысының 75 пайызын құрайды.
ІІ дүниежүзілік соғыс: бейтарап Түркия
Сейіт Әли АВДЖУ,
Йылдырым Беязит Университеті, (Түркия), Л.Н.Гумилев атындағыЕҰУ-дің шақыртылған профессоры:
– Түркия соғыс кезінде бейтараптығын сақтап қалды. Алайда 1939 жылы қазанда Ұлыбритания мен Франция арасында Германия Түркияға шабуыл жасаған жағдайда, одақтастар Түркияны қолдайды деген келісімге қол қойылды. Келісім 41 млн фунт көлеміндегі несиеге жасалды. Ал олар шамамен 1941 жылы шабуылдайды деп жоспарлады. Дегенмен болжам орындалмады, ал Анкара Германияның КСРО мен Сирияға жету үшін Түркия шекарасынан өту өтінішін қолдамады. Соғысқа дейін Германия Түркияның ең ірі сауда серіктесі еді. Түркия екі жақпен жұмысын жалғастыра берді. Екі тараптан да қару сатып алды. Одақтастар Германияның болат өндірісінде қолданылатын хром саудасын тоқтатуға тырысты. 1942 жылдан бастап одақтастар әскери көмек көрсетіп, соғыс жариялануын талап етті. Түркия президенті Исмет Инөнү1943 жылы қарашада Рузвельт, Черчилльмен Каир конференциясында кездесіп, толықтай қаруланғаннан кейін соғысқа кірісуге сөз берді. 1944 жылы тамызға қарай Германияның жеңілісі таяғанда Түркия қатынасқа нүкте қойды. Түркия 1945 жылы ақпанда Германия мен Жапонияға соғыс жариялады. Бұл Түркияның енді құрылатын БҰҰ-ға мүше болуға қадамы еді.
ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде бейтарап қалу Түркияның мүддесі үшін дұрыс шешім болды. Нашар экономика, технология жағынан әлсіз әскер, жұмыс күшінің жетіспеуі, соңғы соғыстардың тигізген әсері, соғыс кезінде және соғыстан кейінгі қауіп-қатер мен қоғамның ойы ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде Түркияның сыртқы саясатында үлкен маңызға ие болды. Бұл жетістік негізінен президент И.Инөнүнің табандылығы, үлкен қателіктерден сақтануы мақсатындағы қырағы қатынасымен байланысты. И.Инөнү мен оның командасының халқын ІІ дүниежүзілік соғыстың елдегі экономикалық, саяси, әлеуметтік дамуды тежейтін ауыр салдарынан сақтап қалған еңбегі еленуі керек.
Ресей соғысты қалай қабылдайды?
Марина ЛАПЕНКО,
тарих ғылымдарының кандидаты, Саратов мемлекеттік университетінің доценті (Ресей), Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің шақыртылған профессоры:
– Кеңес Одағының мұрагері саналатын Ресей үшін ІІ дүниежүзілік соғыс Ұлы Отан соғысы ретінде қарастырылады. Ресей 1941 жылы 22 маусымда жасаған фашистік Германияның опасыздық шабуылынан өз аумағын қорғау мақсатында соғысқа араласты.
Ұлы Жеңіс күні ІІ дүниежүзілік соғыс аяқталған 2 қыркүйек күні (Жапонияның тізе бүккені туралы актіге қол қойылған күні) емес, Германияны толық капитуляциялау актісіне қол қойылған күн – 9 мамырда тойланады. Жеңіске үлкен шығындармен қол жеткізілді. Кеңес Одағы өзінің тәуелсіздігі мен өмір сүру құқығын қорғап қана қоймай, сонымен бірге еуропалық көптеген мемлекетті азат етті.
Жеңіс күнінен 75 жыл өткен соң, Еуропаның кейбір мемлекеттері Еуропаны фашистік Германия басқыншыларынан босатудағы Кеңес Одағының рөлін төмендетіп көрсету әрекеттерін жалғастыруда. Тіпті Кеңес Одағын Екінші дүниежүзілік соғыстың туындауына кінәлі деп айыптауда. ЕҚЫҰ нацизм мен сталинизмді теңестіруге тырысады. Ресейде бұл мәселе мүлде жабық. Мұнда халықаралық қатынастар мен халықаралық құқық тұрғысынан расталған бірнеше маңызды жайттар бар. Нюрнберг ісі ІІ дүниежүзілік соғыс тарихындағы және «халықаралық келісімдер, келісімдер мен міндеттемелерді бұзу арқылы агрессивті соғысты жоспарлау, дайындау, соғыс ашу», «соғыс қылмыстары» және «адамзатқа қарсы қылмыстарға» қатысты нацистік партия әрекеттерінің агрессивті сипатын анықтауда нақты нүкте қойды».
90-жылдардан бастап қазіргі уақытқа дейін Хорватия, Эстония, Украина және Чехия тарихи оқиғаларға аудит жүргізу арқылы Жеңіс тақырыбын саясиландыруға тырысты. Бұл әрекеттерін тарихты қайта жазу, ескерткіштерді қирату және нацистік әріптестерді мадақтау арқылы көрсетуде. Алайда бұл өздерінің мемлекеттілігінің объективті және тарихи шындыққа қайшы келетіндігін көрсетуден басқа ештеңе емес.
Берлиндегі Трептвер паркінде Кеңес жауынгерінің қола мүсіні тұр. « Азаттық жауынгері» деп аталатын мүсінде бір қолымен қылыш ұстап, екінші қолымен неміс қызын көтеріп тұрған кеңестік жауынгер бейнеленген. Неліктен Берлиндегі «Азаттық жауынгерінің» тағдыры Таллиндегі «Қола солдаттың» немесе Прагадағы маршал Иван Коневтің ескерткішінің тағдырынан өзгеше? Өйткені Германия – қалыптасқан мемлекет, барлығына салмақпен қарайды.
Германия ІІ дүниежүзілік соғыс оқиғаларына жауапкершілікті өз тарихының бір бөлігі ретінде қабылдады және тарихты қайта жазуға және бұл жауапкершіліктен бас тартуға тырыспайды.
Қазіргі уақытта халықаралық қоғамдастыққа соғыс/қақтығыс сияқты ұғымдарға ортақ көзқарасын дамыту, қалыптастыру өте қажет. Өйткені қазіргі заманғы соғыстар жаңа сипатқа ие. Оларды «прокси соғыстар», «гибридтік соғыстар», «ақпараттық соғыстар», «сауда соғыстары» деп атайды. Енді «биологиялық соғыс» деген шықты...
Қорыта айтқанда, ортақ көзқарас пен халықаралық құқықты дамытпай, бейбітшілік пен тұрақты дамуға қол жеткізу қиын.
Өткен шақ – болашаққа сабақ
Ян ЛЕЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы Конфуци институтының Қытай жағы бойынша директоры, Сиань шет тілдер университетінің профессоры:
– Бүгінгі таңда Қазақстан мен Қытайдың жаһандық күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелер бойынша көзқарастары ұқсас, біздер соғыс кезінде одақтас болдық, осы сұрапыл соғыстан аман-есен өттік және жеңдік!
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жэньминь жибао» газетіне берген сұхбатында Қытайдың Екінші дүниежүзілік соғысқа қосқан үлесі туралы сұрақтарға жауап берген кездегі сөздері әлі есімде. Ол Қытай халқы фашизмді жеңуге үлкен үлес қосты, деді.
Шын мәнінде, Қытай үшін ІІ дүниежүзілік соғыс қалған елдермен салыстырғанда екі жыл бұрын басталды және 1941 жылға дейін Қытай халқы жапон милитаристеріне қарсы жалғыз күресті. Соғыс жылдарында Қытай барлық қатысушылар арасындағы ең үлкен шығындарға душар болды.
Қытай Дүниежүзілік антифашистік лиганың маңызды мүшесі болды. Ол жапон басқыншыларына қарсы бірінші болып соғысқа кірді. 1931 жылдан бастап Қытай халқы солтүстік-шығыс Қытайда жапон агрессиясына қарсы күрес жүргізе бастады.
1937 жылы жапон басқыншыларына қарсы жалпыұлттық соғыс басталды. Қытайдағы жапон басқыншыларына қарсы соғыс дүниежүзілік фашизмге қарсы күрестің маңызды бөлігі болды.
Қытайда Жапон армиясының 94 пайызы, Әскери-теңіз күштерінің үштен екісі және Жапон әуе күштерінің 60 пайызы шоғырланған-ды. Қытай халқы жапон фашистеріне ауыр соққы жасады, бірақ 35 миллион қытай өмірінен айырылды, тікелей экономикалық шығын 100 миллиард доллардан асты, ал жанама экономикалық шығын шамамен 500 миллиард долларға жетті.
Қытай халқының жапон фашистерін жеңудегі шешуші күш болғаны, әлемдік антифашистік соғыста маңызды рөл атқарып, тарихи үлес қосқаны сөзсіз.
Соғыс әлемнің барлық елдерінің халықтарына, оның ішінде агрессия жасаған елдердің халықтарына да ауыр зардабын тигізді. Соғыс тауқыметі біздің елдеріміздің бірде-бір отбасын айналып өтпеді. Сол сияқты, соғысқа Қазақстанның әрбір бесінші тұрғыны жұмылдырылды. Қазақстаннан 1 миллион 200 мыңға жуық адам майданға аттанды, олардың жартысы оралмады...
Қазіргі таңда біріншіден, БҰҰ-ның беделі мен рөлін қолдау және нығайту маңызды. Осылайша дамыған және дамушы елдер, үлкен, кіші мемлекеттер деп бөлмеу қажет. Барлығы да бірдей өз пікір, көзқарастарын білдіруге, маңызды әлемдік істерді талқылауға және шешуге атсалысу құқығына ие болуы керек. Екіншіден, бейбітшілік пен даму – уақыт талабы. Бейбітшілік болмаса ешқандай даму болмайды. Әлемді соғыстан қалай қорғауға болады? Қытай бұл үшін не уәде етті және не істеді?
ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қытай өз әскерінің 300 мың жауынгері қысқартылғандығын мәлімдей келіп: «Қытай қаншалықты күшті болса да ешқашан гегемония мен экспансия жасауға ұмтылмайды. Қытай басқа ұлттарға ешқашан зиян тигізбейді» деді. Бұл Қытайдың салтанатты уәдесі.
Даму арқылы ғана бейбітшілік орнауы мүмкін. Қазіргі уақытта Қытай мен Қазақстан реформаларды жан-жақты тереңдетіп, дамуды ынталандыратын экономикалық құрылысты тұрақты түрде жүргізуде. Сондықтан 2013 жылдың қыркүйегінде Си Цзиньпин Қазақстанға сапары барысында көптеген елдің экономикалық дамуы мен тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға үлкен мүмкіндіктер ашатын «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ұсынды. Қазақстан жүзеге асырып жатқан «Нұрлы жол» және индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы Жібек жолын жандандыру міндеттеріне сәйкес келеді.
Біз, қытайлар мен қазақтар бақытты өмірді өз қолымызбен орнатамыз. Ал соғыс, зорлық-зомбылық тек азап пен жеңіліс әкеледі. Үшіншіден, ынтымақтастықты, елдер арасындағы өзара түсіністік пен толеранттылықты дамыту маңызды. Елдер мен халықтар арасындағы ынтымақтастықты қорғау және нығайту керек.
Барлық елдер мен халықтар бейбіт қатар даму мен ынтымақтастық жолына түседі, содан кейін әрдайым ашық аспан мен жарық күн салтанат құрады деп сенеміз. Қорытындылай келе, өткен шақ – болашаққа сабақ дегім келеді.
Соғыс жылдарындағы Иран
Ахмад ВАХШИТЕХ,
Russian Viewer журналының редакторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың шақырылған профессоры:
– Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуынан бір күн өткен соң (1939 ж. 4 қыркүйек) Иран премьер-министрі Махмұд Джем мәлімдемесінде: «Қазіргі уақытта, өкінішке қарай, Еуропадағы соғыс ауқымы үлкейіп кетті. Иранның империялық үкіметі өз шешімін жариялады. Жұртшылық бұл науқан кезінде бейтарап болуды және бейтараптылықты сақтап қалу қажеттігін айтады», деді.
Реза шахтың пікірінше, «Иран соғысқа қатыса алатындай жеткілікті күшке ие болған жоқ немесе өзінің құқықтарының бұзылуына жол бермейтіндей жағдайда болмады». Осылайша, «бейтарап саясат Иран үшін қажет еді. Сондай-ақ бұл соғыс қимылдарын жүргізген державалар үшін маңызды болды».
Махмуд Джемнің мәлімдемесінен кейін елдің Ішкі істер министрі Әли Асгар Хекмат шетелдік азаматтарға Иранның бейтараптығына қайшы келетін пікірлер айтудан бас тартуға шақырды. 1939 жылы 4 қыркүйекте Париж ақпарат агенттігі Иран бейтарап болады деп жариялады. Сондай-ақ 13 қыркүйекте Сыртқы істер министрі Мозаффар Алам Тегеранда орналасқан елшіліктерге Иранның бейтараптығы туралы хабарлады. Алайда Иранда 700-ге жуық неміс сарапшысы мен мамандарының болуы себепті Кеңес Одағы мен Ұлыбритания Иран үкіметі елдегі немістерді тыңшылық әрекеттер жасайды деп алаңдап, оларды қуып шығарады деп болжады.
1941 жылы 19 шілдеде Кеңес және Англия үкіметтері Иранда неміс азаматтарының болуы туралы ресми түрде алаңдаушылық білдірді. Бір айдан кейін Иранға ұқсас ультиматум жолданды. Сонымен бірге Германия үкіметі Реза шахқа хабарлама жіберді, онда Гитлер «Иранның одақтастардың қысымына қарсылық білдіргеніне және оның бейтараптық саясатына» қанағаттанғанын білдірді.
Гитлер, сондай-ақ, Германияның майдандағы жеңісі Иран үкіметіне одақтастар қысымына қарсы тұра беруге мүмкіндік береді деп үміттенеді...
Кеңес Одағы мен Ұлыбританияның Иран территориясын пайдалану туралы талабына Реза шах үкіметі оң жауап бермеді.
Алайда Кеңес Одағы, Ұлыбритания және Америка Құрама Штаттары Гитлерге қарсы күресте Иран территориясын пайдалануға мүдделі болды. Оған олар қол жеткізді. Бұл территория Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде «Жеңіс көпірі» деп аталды. Осы «көпірде» бейбітшілік орнату үшін 1941 жылдың 25 тамызынан бастап британдық және кеңес әскерлері Иранның жас армиясының кейбір бөліктерін, елді іс жүзінде жаулап алды. Үш күннен кейін Реза шах Иран армиясының барлық армия бөлімшелеріне қарсыласуды тоқтатуды бұйырды. 28 қыркүйекте анти-гитлер коалициясының мүшелері Иран үкіметін елшілік қызметкерлері мен бірқатар неміс сарапшысын қоспағанда, елдегі барлық неміс азаматтарын шығаруға шақырды. Коалиция Ираннан Кеңес Одағына қару, оқ-дәрі мен қару-жарақ тасымалдауға жәрдемдесуге уәде берді.
Осыған орай, Ұлыбритания мен Кеңес өкіметі Иранға оңтүстік мұнайдың бір бөлігін және Иранның балық аулаудан алған табысын төлеуге, Иранның экономикалық сұранысын қамтамасыз етуге, Иран жерінде одан әрі алға жылжуға жол бермеуге және мүмкіндігінше әскерлерін тезірек шығарып әкетуге міндеттенді.
Реза шах үкіметі бұл ұсыныстарды қарастырып жатқан кезде, 1941 жылдың 10 қыркүйегінде одақтастар Иран үкіметіне тағы да ультиматум қойды. Онда, егер Иран 48 сағат ішінде неміс азаматтарын өз әскерлеріне тапсырмаса, Германия, Италия, Румыния және Венгрия елшіліктері жабылатыны айтылды.
Реза Шах әлі де одақтастардың ультиматумына нақты жауап бермегендіктен, 1941 жылы 16 қыркүйекте кеңестік және британдық әскерлер солтүстік пен оңтүстікке қарай Тегеранға көшті.
Реза шах ханзада Мұхаммед Резаға билікті беруден басқа амалы қалмады. Өзі қуғынға ұшырады.
Иранның жаулап алынуы тек британдық және кеңестік әскерлермен шектелмеді. АҚШ соғысқа кіргеннен кейін олардың әскерлерінің бір бөлігі Иранға кірді. Алайда Иранның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтау үшін алдымен Иран, Ұлыбритания және Кеңес Одағы арасында 1942 жылы ақпанда үшжақты келісімге қол қойылды. Содан кейін одақтастар басшыларының декларациясына қол қойылып (Рузвельт, Черчилль және Сталин), Тегеранда кепілдік берілді.
Иранның одақтастар күштермен жаулап алуының алты жылында құрлық, теңіз және әуе күштері соққыларының зардаптарынан бөлек, адамдардың өмір сүру жағдайы мен қауіпсіздігі бұзылды, азап, аштық пен өлім болды.
Соғыс аяқталған кезде одақтас күштер үшжақты келісімге сәйкес Ираннан кетуге мәжбүр болды. Бірақ Германиядан кейін Жапонияның мойынсұнуына және Британияның Ираннан кету туралы бастамасына қарамастан Кеңес Одағы Ираннан өз әскерлерін шығаруды қаламады.
Иран үкіметінің БҰҰ-ға берген шағымы Кеңес Одағын Ираннан өз әскерлерін шығаруға мәжбүрлей алмады. Соңында, 1946 жылы ақпанда премьер-министр болған Ахмад Гавам үкіметі қабылдаған шаралардың Батыстың ультиматумымен ұштасуы Кеңес Одағын Ираннан кетуге мәжбүр етті.
Соғыстың адамзатқа тигізген зардабы
Пунит ГАУР,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Аймақтану кафедрасының шақырылған профессоры (Үндістан):
– ІІ дүниежүзілік соғыс 20 жылдық үзіліс кезінде шешілмеген дау-дамайларға байланысты І дүниежүзілік соғыстың жалғасы болды. Жер-жаһан түгелге жуық қатысқан ІІ дүниежүзілік соғыс – ХХ ғасырдың ең ұлы қасіреті. Бұл адамзат тарихындағы ең көп адам шығыны болған қақтығыс еді. Қаза болғандардың саны – 70 миллион адам.
Соғыс адамзатқа зор қауіп төндіре отырып, халықтардың жаппай миграциясына, әлеуметтік өзгерістерге, оның ішінде әйелдер теңсіздігіне ықпал етті. Қақтығыстар өнеркәсіптік өндірісті жаңа елдер мен аумақтарға таратуды көкседі, сондай-ақ атом энергиясымен жасалған жаппай қырып-жою қаруын қосқанда, бірқатар маңызды жоба мен жаңалықтардың пайда болуына жол ашты.
ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде Еуропада шамамен 40 миллион адам ажал құшты. Оның жартысы – сарбаздар, ал жартысы – бейбіт халық. Кеңес Одағы 20 миллион адамын жоғалтты. Немістің құлдық лагерьлерінде 3,5 миллион Кеңес әскери тұтқыны қаза болды және 1 миллионнан аса тұрғын Ленинградты қоршау кезінде аштықтан көз жұмды.
Германия 9 миллионға жуық адамынан айырылды. Оның 5,3 миллионы – жауынгер, ал 3,3 миллионы бейбіт халық болды. Нацистер Германияның 300 мың бейбіт тұрғынын өлтіріп, одақтастардың бомбалауы 600 мың адамды жойды. Польша 5 миллион адамын жоғалтты. Бұл оның барлық халқының 16%-ын құрады. Югославия 1 миллион адам жоғалтты, оның 445 мыңы солдат болды. Франция 568 мың адам жоғалтты, оның ішінде 218 мың сарбаз болды. Ұлыбритания Германияның әуеден берген соққысынан 60 мың тұрғынынан және 384 мың сарбазынан айырылды. Сондай-ақ Румыния, Италия және Венгрия адам шығыны көп елдер қатарынан көрінді.
ІІ дүниежүзілік соғыста Тынық мұхитында қаза тапқан 30 миллион адамның 20 миллионы Қытай халқы болды. Оның 80%-ы – бейбіт халық. Жапон әскері Нанкинде 1937 жылы 300 мың қытайлықты өлтірді. Бұған қоса 500 мың адамның өмірін жалмаған «Тарихтағы ең ірі экологиялық соғыс актісі» Қытай жапондарды тоқтату үшін бөгетті бұзғанда Сары өзеннің (Хуанхэ) тасқынынан пайда болды.
Жапонияның әскери қылмыстары Қытайда, Жапонияда, Кореяда, Үндіқытайда және Филиппинде 6 миллион адамның өліміне алып келді. Сонымен қатар 400 мың әйел жыныстық құлдыққа салынды. Олардың 90%-ы соғыс соңына қарай қайтыс болды. Индонезия Жапонияның басып алуы және аштық
салдарынан 4 миллион адамынан айырылды.
Үндістан 3 миллион адамнан, оның ішінде 90 мың сарбазын, Жапония 2 миллион сарбазын жоғалтты. Одақтастардың бомбалауы және Хиросима мен Нагасакиге екі ядролық шабуылдың нәтижесінде 1 миллионға дейін бейбіт тұрғын қаза болды.
Соғыстың осынша зардабын көріп-біліп отырса да, әлемдегі ықпалды күштер қауіп-қатер деңгейін төмендетуге асығар емес.
Тұтас Үндістанның ықпалы
Ирфан ШАХЗАД,
«Еуразия ғасыры» институтының негізін қалаушы (Пәкістан):
– 1947 жылға дейін бірігу жолынан өткен Үндістанға ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде басқыншылық жасалған. Бұл тақырып халықаралық дискурста аз талқыланды. Себебі ол уақытта әлемнің басқа көптеген елі сияқты Үндістан да тәуелсіздігін алмаған еді, Британ империясының отары болды. Алайда екі алапат соғыстың тарихын мұқият талдау субконтиненттің рөлі қаржы, өнеркәсіптік өндіріс және адам билігі тұрғысынан шешуші болғанын көрсетті. Әсіресе, аталған фактор ІІ дүниежүзілік соғыста ерекше байқалды. Тіпті сол кездегі Британ империясы үнді халқының және оның ресурстарының үлесінсіз соғыстағы нәтижелері ағылшындар қалағандай болмауы мүмкін екенін мойындады.
ІІ дүниежүзілік соғыс туралы пайымдағанда, сол уақытта Үндістанда қалыптасқан саяси жағдайға зер салып қарау маңызды. Бұл субконтиненттің Британ империясымен күресі аяқталуға, яғни тәуелсіздікке жақын қалған уақыт еді. Дегенмен халықтың негізгі екі тобы – үнділер мен үндістандық мұсылмандардың тәуелсіздікке көзқарасы әртүрлі болды. Үнді ұлттық конгресінің (INC) басындағы үнділер Үндістанның біртұтас ел ретінде бостандық алғанын қалады. Мұсылмандар бастаған Бүкілүнділік мұсылман лигасы (AIML) мұсылмандардың шекарасын бөлек шегендеу үшін күресті.
INC және AIML екеуі де ІІ дүниежүзілік соғыста британдықтарды қолдады. INC басшылығы өз қолдауын жарияламас бұрын британдық вице-президентке бірқатар шарт қойды. М.Ганди фашизммен қарусыз күресті алға тартты. Ал М.Джинна басқаратын AIML демократия мен демократиялық нормаларды, жалпы жаһандық мақсатты көздейтінін білдірді. М.Джинна егер мұсылмандар белсенді болмаса, олар соғыстан кейін бөлінбеген Үндістанда қиын жағдайда қалады, себебі олар халықтың азшылығын құрайды деп санады.
ІІ дүниежүзілік соғысқа британдықтардың атынан тұтас Үндістаннан жалпы алғанда 2,5 миллион сарбаз қатысқан деп бағаланады. Бұл соғыста 80 мыңнан 100 мыңға дейін адам қаза болды. Бұл ретте мұсылмандар субконтинент халқының 25%-ын құраса да, ІІ дүниежүзілік соғыста шайқасқан әскердің құрамындағы мұсылмандар 40% болғанын ескеру керек.
Субконтиненттің жауынгерлері ІІ дүниежүзілік соғыстың барлық майданында шайқасты. Олар Еуропада, Таяу Шығыста, Африкада, Оңтүстік-Шығыс Азияда және Қытай-Үндістан-Бирма майданында болды. Біріншіден, субконтиненттің сарбаздары жапондардың Үндістанға шабуылынан тиімді қорғанды. Екіншіден, олар Қытайды жапондардан және басқалардан құтқаруға септігін тигізді. Субконтиненттің қосқан үлесі Британ империясының ресми құжатында жақсы көрсетілген. Бірақ бұған Үндістанда, Пәкістанда және Бангладеште басылған әдеби шығармаларда лайықты мән берілмеген.
Қақтығыстар мен бейбітшілікті зерттеудің жеті онжылдығы
Хендрик БУЛЛЕНС,
доктор, профессор, Еуропаның әлемді зерттеу қауымдастығының, Аугсбург университеті Әлем және жанжалдарды зерттеу орталығының негізін қалаушы-мүшесі (Германия):
– ІІ дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жыл толды. Бұл өз кезегінде мүмкіндікті жіберу, үміт үзу, сабақ алу, жаһандық сын-қатерлер сияқты мәселелерді күн тәртібіне шығарды. Оның көптеген ұлт, қоғам, топтар немесе жеке тұлғалар тарапынан әртүрлі қабылдануы жаһандық саясаттың барысына әсер етті.
Әлбетте, қашанда оқиғалардың салдары түрлі ел, әлеуметтік топтар мен жеке тұлғалар тұрғысынан зерттеуді қажет етеді. Бұл кейбір факторларды талдай отырып Шығыс-Батыс блоктарының конфронтациясын тоқтату мысалында көрініс табуы мүмкін.
Эпистемологиялық және ғылыми көзқараспен қарағанда, құбылмалы әлемнің оқиғалары алдын ала болжанбаған. Мұны бірде-бір ғылыми қоғамдастық, сарапшылар, саясаткерлер айтып бере алмаған. Маған осы ашық мәселені Еуразия ұлттық университеті бастамашылық еткен ІІ дүниежүзілік соғыс туралы әңгіменің соңына қарай көтеруге тура келіп тұр.
Сыни тұрғыдан жан-жақты сұрақтар «қандай сабақ алдық?» деген сауалға тоқайласады. Мүмкін жауаптардың бірі қақтығыстар мен бейбітшілікті және оның тәсілдерін зерттеу бойынша халықаралық қозғалыстың пайда болуы мен дамуына қысқаша шолу болмақ.
Бұл жаңа тәсіл неолибералды капитализмнің таралуынан авторитаризмнің көтерілуіне дейінгі популизмнің, ұлтшылдықтың, милитаризмнің, саяси- діни экстремизмнің, нәсілшілдік және терроризмнің күшеюіне қатысты бұрынғы және қазіргі негізгі саясатпен, тәжірибемен ұштасады. Бұл құбылыстар біздің алдымызға «нақты не істеу керек?» және «қандай түбегейлі өзгеріс қажет?» деген маңызды мәселе қояды. Әлем тап болған нақты жаһандық сын-қатерлер – әскери шығындар, ұзаққа созылған және жаңа қарулы қақтығыстар, қарулану жарысы, кедейшілік, аштық, қоршаған ортаның құлдырауы, мәжбүрлі жаппай көші-қон және табиғи немесе техногендік апаттар, климаттың өзгеруі, жер сілкінісі, сондай-ақ қазіргі COVID-19 пандемиясы.
Тақырыптық зерттеудің мысалы ретінде мен Қазақстан үшін, бейбітшілік мәселелерін жүзеге асыру ісінде бұрын-соңды болмаған және өте табысты нақты іс-әрекеттер жасаған мемлекет үшін мәжбүрлі жаппай көші-қонды басқаруға қатысуға негізделген неғұрлым тұрақты, инклюзивтік ұсыныстар ұсынғым келеді.
Маған Нұр-Сұлтан қаласында Еуразия ұлттық университетінде Қақтығыстарды, бейбітшілік пен дамуды зерттеу орталығын құру ұсынылып отыр. Бұл орталықтың тұжырымдамасы осы оқу және зерттеу орнының басшылығына ұсынылды.
Ұрпақтар сабақтастығы
Татьяна КОШМАН,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Археология және этнология кафедрасының аға оқытушысы:
– Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың тарих факультетінде «Отбасымның ардагері» іздеу жұмысының өтіп жатқанына осымен бесінші жыл толды. Бұл жауынгер жолының тарихын анықтауға, ардагерлер ерлігі мен басқа мемлекеттерде жерленген батырлардың зиратын табуға жол ашады. Студенттер интернет ресурстар арқылы іздеп, оқиғалар жинап, дереккөздерге шолу жасайды. Осы жылы зиратты анықтаумен қатар Беларусь жеріндегі бауырластар зиратына бару мүмкіндігі туды.
2020 жылы 27-31 қаңтар аралығында Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университеті тарих факультетінің студенттері мен біздің студенттер Жеңістің 75 жылдығына орай ұйымдастырылған, соғыс не еңбек орындарын аралауға арналған халықаралық 55-ші «Жұлдызды шеруге» қатысты. Жұлдызды шеруге қатысушылар арасында ЕҰУ-дің 3-курс студенті Әділ Егінбай болды. Бауырластар зиратын көруге барған студентіміз – Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан Камали Жуанышбаев деген солдаттың шөбересі. Оның отбасы 2019 жылға дейін аталарының жерленген орны туралы білмеген.
Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданында тұрған Жуанышбаевтар әулетінде 5 ұл болған. Қали, Құрман, Жанали, Камали, Ақтайлақ есімді ұлдардың төртеуін соғысқа алып кеткен. Олар майданға 1941 жылдың шілдесінде аттанады. Төрт жылда ағайындылардан бірде-бір хат келмеген. Майданнан ешқайсысы қайта оралмады. Соғыстан кейін туыстары іздеуді бастап, құзырлы органдармен байланысқа шығады. Алайда бұл жұмыстар еш нәтижесін бермеген.
Әділ Егінбай «Жұлдыздар шеруіне» қатысып, бауырластар зиратына баруға мүмкіндік алды. Бауырластар зиратында 17 мыңнан астам адам жерленген. Мемориалды тақтада одақтас елден шыққан әртүрлі ұлт өкілдерінің аты жазулы. Оның ішінде қазақстандықтар да бар. Ақмола облысының тумасы, 612-атқыштар полкінің қатардағы жауынгері Камали Жуанышбаевтың есімін осылайша шөбересі көрді.
Салтанатты кеш барысында Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университеті мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенттері мемориалды кешенге гүл шоқтарын қойды. К.Жуанышбаевтың ұрпағына «Ұрпақтарға жолдау» мен «Бауырластар зиратының топырағы» табысталды.
«Жұлдызды шеруге» қатысу студенттерге іздеу жұмыстарының маңыздылығын көрсетіп, ІІ дүниежүзілік соғыс батырларының атын тарихта қалдыруға үлес қосуға мүдделі екенін түсіндірді.
Айқарманы дайындағандар
Жолдыбай Базар,
Светлана Ғалымжанқызы,
Орынбек Өтемұрат,
«Egemen Qazaqstan»