Аймақтар • 07 Мамыр, 2020

Ақмолада ылғал жабу аяқталды

413 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астықты Жарқайың ауданында биылғы жалпы егістік көлемі 978 мың гектарды құрайды. Алқаптың негізгі бөлігіне жұмсақ сортты бидай егіледі. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары егу науқанына дайынбыз деп отыр.  

Ақмолада ылғал жабу аяқталды

Облыстың басқа өңірлерімен салыстырғанда, Жарқайың ауданының егістік алқабы ең көп аймақтардың бірінен саналады. 642 мыңнан астам гектар алқапқа дән сіңірілмек. Қалған бөлігіне арпа, сұлы, қарақұмық, жасымық себіледі. Сонымен қатар, көкөніс өсіру де жоспарланған. Астық алқаптарында заманауи технологиялар қолданылады. Бір апта ішінде жоспарланған аумақтың басым бөлігіне ылғал жабылды. Егіс кешендерін тиімді пайдалану танап басына шығуға тиісті техниканың санын мейлінше қысқартуға мүмкіндік береді.

–580,3 мың гектар жерге ылғал жабылды. Бұл жұмысқа 200-ден астам техника жұмылдырылды. Сондай-ақ, 55 мың гектар аумаққа егістік алдындағы өңдеу жүргізілмек. Дала жұмыстарына 84 егістік кешені, 160 тұқым себетін кешендері  338 К-700 тракторы жұмылдырылады,–дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Бағдат Шонов.

Әзірге 54 мың тоннадан астам тұқымдық материал зерттеуден өткен. Тағы 8 мың тонна тұқым мұқият тексеріледі деп күтілуде. Бүгінгі таңда аудан шаруашылықтарына үш жарым мың тоннаға жуық  жеңілдетілген дизель отыны жеткізілді. Өткен жылы техникалық парк біршама жаңартылған. Комбайндар, тракторлар, егістік кешендері, тұқым сепкіштер мен  басқа да техника сатып алынған. Бір әттеген-айы, механизаторлар жетіспейді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге аудан тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. «Аграрлық несиелік корпорациясы» арқылы республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді.Осылайша  несие алуға 120 өтінім келіп түскен. Оның 74-і  мақұлданған.