Маңғыстау облысының орталығы – Ақтау қаласы тұрғындарының айтарлықтай бөлігі облыста ат үстінде жүрген азаматтарды түстеп тани бермейтін болып шықты. Бұл жергілікті «Тумба» газет-сайтының журналистері жүргізген сауалдаманың нәтижесінде анықталды.
Күні кеше басылымның тілшілері Ирина Гончарова, Ларианна Шамхалаева және Амандық Аманқұлов көшеге шығып, жүргінші жұртшылықпен жүздесіп, жоғарыдағы мәселені анықтауға атсалысқан екен. Ол көпшілікке Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевтың, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қаныбек Жұмашевтің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Руслан Бектібаевтың, Ақтау қаласының әкімі Едіге Жаңбыршиннің, «Жорға» ансамбілінің жетекшісі Серік Сариевтің, Ақтау қаласының прокуроры Талғат Айтбаевтың, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Рахат Елтізаровтың, қалалық мәслихаттың хатшысы Марат Молдағұловтың суреттерін көрсетіп, олардың кім екендіктерін сұраған. Сонда көпшілігі суреттегі тұлғаларды нақтылап атап бере алмаған.
Бұл нені білдіреді? Лауазымды тұлғалардың халық арасында жиі болмайтынын ба, әлде жұрттың биліктегілердің кімдер екеніне қызықпайтынын ба?
Сұлтан Бозайғыров.