Аймақтар • 08 Мамыр, 2020

Маңғыстау: «Nur Otan» қызметкерлері ардагерді арнайы құттықтады

407 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Елубай Әбілов, Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы Нұри Тумышев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов және Маңғыстау облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы, полковник Мақсат Тастанов екіншідүниежүзілік соғыстың ардагері Бисен Боқаевтың үйіне арнайы барып, Жеңіс күнімен құттықтады. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы баспасөз қызметі хабарлады.

Маңғыстау: «Nur Otan» қызметкерлері ардагерді арнайы құттықтады

Ардагерге Елубай Әбілов «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің атынан құттықтау ашық хатын табыстады. Ашық хатта «Сізді Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойымен  шын жүректен құттықтаймын! Адамзат баласына зор қасірет әкелген сұрапыл соғысқа тойтарыс беріп, бейбіт өмірге жол ашқан өздеріңіздей ардагерлеріміздің асқан ерлігі мен ерен еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес. Жыл өткен сайын жаңғырып, тағлымды даңқы арта береді. Ерлігі-аңызға, өмірі – өнегеге айналған Сіздер қандай құрметке болсын лайықсыздар. Елбасы, «Nur Otan» партиясы Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Жеңістің қаһармандары мен ардагерлерінің, тыл еңбеккерлерінің қоғамдағы ролін айшықтап, оларға лайықты құрмет көрсету керектігін ұдайы айтып келеді. Бүгінгі ұрпақ бойындағы отансүйгіштік пен еңбекқорлық секілді ізгі қасиеттер – осынау сұрапыл кезеңде ел тірегі болған аға буынның үлгі-өнегесі мен тәлім-тәрбиесінің жемісі. Сізді даңқты мерекемен құттықтай отырып, отбасыңызға амандық, деніңізге саулық, сарқылмас күш-қуат тілеймін!» делінген.

Сонымен қатар «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы, аймақ басшысы Серікбай Трұмовтың атынан қарт майдангерді Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады. Одан кейін ардагерге азық-түлік себеті берілді. Бейбіт өмір сыйлаған ардагерлердің ерліктерін партия ешқашан назардан тыс қалдырмайды. «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында әрқашанда майдангерлерге көмек көрсетіп, қамқор болатынын жеткізген Елубай Әбілов, сұрапыл соғыстағы майдангердің көрсеткен жаужүрек ерліктеріне бүгінгі ұрпақ бас иетінін айта отырып, нұротандықтар атынан алғысын білдірді.

Нұри Тумышев қарт майдангерді Жеңістің 75 жылдығымен құттықтап, облыстық мәслихат депутаттар атынан өз алғысын білдірді. Маңғыстау облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы, полковник Мақсат Тастанов мереке қарсаңында ардагерге «Ұлы Жеңіске 75 жыл» медалі мен Алғыс хат табыс етті. Серікбай Төлетов қарт майдангерді облыстық ардагерлер кеңесінің атынан құттықтады. 

Ардагер Бисен Боқанов елдің амандығын, ұрпақтардың бейбіт елде өмір сүргенін тілеп, алғысын білдіріп, ақ батасын берді.

Қазіргі таңда Маңғыстау өңірінде екіншідүниежүзілік соғыстың 11 ардагері бар. Солардың бірі Боқаев Бисен әскер қатарына 1942 жылы шақырылып, 1944 жылы 2-украина майданындағы соғыс қимылдарына, Яссы-Кишинев операциясына, Бессарабияны және Румынияны азат етуге қатысқан. «Қызыл Жұлдыз», 2-дәрежелі «Отан соғысы», «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Бүгінде қарт майдангер Ақтау қаласында  немере-шөберелерінің арасында өмір кешуде.

Өңірдегі 11 ардагерге жергілікті бюджеттен 1 млн теңге берілді. Сонымен қатар соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілген 1946 адамға 40 пен 60 айлық есептік көрсеткіш аралығында жергілікті бюджеттен әлеуметтік көмек төленді.