Батырлар аллеясында алғашқы тақталар өткен ғасырдың 80-ші жылдары орнатылған болатын. Ол кезде Қарағанды облысынан шыққан Кеңестер Одағының 20 батырының ғана есімі тасқа қашылыпты. Енді, бұл іске түзету енгізіліп, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Мәңгілік алаудың» жауынгерлік даңқ мемориалдық ансамбліне біріккен Қарағанды және Жезқазған облыстарының барлық батырларының есімдері қола тақталарға толық етіп жазылды.
Жаңа ескерткіш тұғырлар бұрын орнатылған гранит тастарға ұқсас етіп істелінген. Оларды Суретшілер одағы облыстық филиалының шеберлері екі айдың ішінде жасап шығарған.
Жалпы, Ұлы Отан соғысына Қарағанды облысынан барлығы 45 мыңға жуық адам аттаныпты. Майдан даласында соның 18 мыңы қаза тапқан. Ал бүгінгі күнде облыста Ұлы Отан соғысының 64 ардагері амандықта-саулықта тұрып жатыр.