Шындығын айтқанда, осы бір түйткіл мәселе көптен бері шешімін таппай жатқан болатын. Қазақта «қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген сөз бар. Қадіріміз қашқан соң қаһарман еңбек дәстүрін жалғастыруға шынайы септігін тигізетін, жас ұрпақты жасампаз еңбекке баулитын өнеге болу керектігін айтып талай рет мәселе көтердік. Қарнымыз ашқандықтан емес, біз асарымызды асап, жасарымызды жасаған адамдармыз. Біздің жасымыздағы адамдарға көп байлықтың қажеті де жоқ. Біздің жинаған байлығымыз – нәтижелі еңбек, жалқының емес, жалпының игілігі ғой.
Қазіргі ұрпақ ардагерлер еңбегінің зейнетін көрмей жатқандығын байқаса, олар қалай ақ адал еңбекке ынтызар болады. Еселі еңбек етуге деген құштарлық қайдан пайда болады? Сабақтастық болуы керек қой. Мұның өзі тәрбиенің бір тетігі. Қолымыз жетпей, сөзіміз өтпей жүрген өзекті мәселені ел газеті – «Egemen Qazaqstan» үстіміздегі жылдың 6-шы ақпан күнгі нөмірінде жарық көрген журналист Байқал Байәділдің «Ерден ердің несі кем?» деп аталатын мақаласында орынды көтерген еді. Социалистік Еңбек Ерлерінің жанкешті еңбегін қаузап жазып, оларға Қазақстанның Еңбек Ері атағын алған адамдармен бірдей арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлену керектігін жеріне жеткізе айтқан болатын.
Онсыз да қатары селдіреп қалған Социалистік Еңбек Ерлерінің көкейлерінде жүрген өкпе-наз тарқап, бүгінде лайықты бағасын алып отыр. Бұл жалғыз бізге ғана емес, табаны тастан таймаған тарланбоздай уақытпен санаспай еңбек етіп, ортақ байлықты еселей молайтқан барша ардагерлерге көрсетілген құрмет деп білеміз.
«Ардагерлер туралы» заңда нақты былай деп көрсетілген. «Социалистік Еңбек Ері» атағына және үш дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендеріне ие болған адамдарға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері «Кеңес Одағының Батыры», «Халық Қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарын алған адамдардікімен теңестіріліп, 138,63 айлық есептік көрсеткіш, яғни 385 115 теңге болып белгіленіп отыр. Бұл шешім біз үшін әділдіктің салтанат құрған сәті деп түйсінеміз. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, «ақ түйенің қарны жарылған сәт». Олай дейтінім, осыған дейін Социалистік Еңбек Ерлері мен ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерінің толық иегерлері 9,60 айлық есептік көрсеткіш немесе 26 668 теңге мөлшерінде ғана арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алып келді.
Бәлкім, мәселе ақшада да емес шығар. Ең бастысы, еңбектің еленгені. Тәуелсіз қазақ елінде еңбек адамын құрметтеу туралы аз айтылып келе жатқан жоқ. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев та бұл мәселе туралы талай рет аталы сөзін айтқан болатын. Қадірлеу мен қошеметтеу, ақ адал еңбекті ардақ тұту ақшамен өлшенбесе де, өміршең өнегенің тіні осылай сабақталуы керек еді. Адал еңбекті мұрат тұтқан, мақсат еткен туған еліміздің тұғырлы саясатының арқасында тұлғамыз биіктеп, тұғырымыз асқақтап қалды. Сол үшін де ел Президентіне және осы мәселені дер кезінде көтерген «Egemen Qazaqstan» газетіне алғыс айтамыз.
Есілбай ҚАДЫРАЛИН,
Социалистік Еңбек Ері
Көкшетау