Аймақтар • 09 Мамыр, 2020

75 жыл кешіккен «Қызыл жұлдыз»

1166 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарының ақтаңдақтары уақыт озған сайын жаңғырып, отан үшін от кешкен талай жауынгер аталарымыздың айтылмаған ерлігі тарихқа жаңа жазылып жатыр. Мәселен, қостанайлық майдангер Темірбек Есенжоловтың 1945 жылы «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылғаны туралы дерек кеше ғана белгілі болып отыр. Оны ардагердің АҚШ-та тұратын немересі Динара Досова интернет арқылы тауып алыпты.

75 жыл кешіккен «Қызыл жұлдыз»

Орден туралы жаңа табылған құжатта: «1945 жылдың 15 қаңтарында жолдас Есенжолов жау қорғанысын бұзып өтіп, көзсіз өжеттігімен көзге түсті. Өміріне төнген қауіпке қарамастан, жауып тұрған оқтың арасымен аса шеберлікпен өтіп барып, біздің жаяу әскерді ілгері бастырмай тұрған жау минометінің  алдын машинасымен қалқалап алды. Жолдас Есенжоловтың  ерлігі бүкіл жаяу әскердің рухын оятып, нәтижесінде қарсы жақтың миномет батареясының үні өшіріліп, 15 неміс солдаты жойылды» деп жазылған.   

Темірбек Есенжолов 1940 жылы жиырма жасында Қостанай облысының Меңдіқара ауданына қарасты Жарқайың ауылынан қызыл әскер қатарына алынады. Бір жылдан соң соғыс басталып,  майданға аттанады. 1945 жылы Жеңісті Берлинде қарсы алып, аман-есен елге оралады. Қару орнына күрек ұстап бейбіт еңбек майданына кіріседі. 1974 жылы дүниеден өткен батырдың өзі де омырауына тағылмаған ордені бар екенін білмей өтіпті.  

- Атамыз соғыста ЗИС-5 автокөлігін жүргізіп, майданның алдыңғы шебіне оқ-дәрі, қару-жарақ жеткізіп тұрыпты. Бірнеше орден-медалі бар болатын. Мысалы, «Ерлігі үшін» медалінің марапат құжатында: «Тамыз айының өзінде ғана жолдас Есенжолов 2146 шақырым жол жүріп, 56 тонна жүк тасыды. Борап тұрған оқ пен жарылған бомба, миналардың арасынан жолсыз жерде кез келген кедергіден өте білетін қызыл жауынгер қашанда бұйрықты бұлжытпай орындайды. Оқ-дәрі, қару-жарақты майданның алдыңғы шебіне дер кезінде жеткізе білді. Оның машинасы сыну, тоқтау дегенді білмейді. Қашанда жолға дайын. 1942 жылдың 8 және 9 тамызында майданның алдыңғы шебіне оқ-дәрі әкеле жатқан Есенжолов неміс ұшақтарының бомбалауына ұшырайды. Бірақ көлікті шебер басқара білетін кәнігі шопыр неміс ұшақтарынан сытылып шығып, алдыңғы шепте ұрыс жүргізіп жатқан жауынгерлерді  оқ-дәрімен қамтамасыз ете білді» - деп жазылыпты. Енді міне, 75 жыл өткен соң, атамыздың «Қызыл жұлдыз» ордені табылып отыр, - дейді батырдың ұрпақтары.   

 

 

Қостанай облысы